Жамбыл жаңалықтары

Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс

Тараз қаласы күннен-күнге түрлене түсуде

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен ерте көктемде басталған Тараз қаласын түрлендіру бағытындағы тың тірліктер тұрғындардың таңданысын тудырып жатқаны жасырын емес. Дәл қазіргі уақытта шаһардағы орталық Төле би көшесін жарықтандыруға және сұрықсыз күйге түскен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты жаңғырту жұмыстарына айрықша басымдық берілуде. Осы орайда, «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы аймақ басшысының алға қойған межелі міндеттерін дер кезінде жүзеге асыру мақсатында жұмыла жұмыс атқаруда. Аталған мекеменің бас инженері Көбей Төлегенұлының айтуынша, алда қыруар жұмыс күтіп тұр.

Қазіргі таңда Төле би көшесінде заманауи үлгідегі бағаналарды орнату жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Электр сымдары жер астымен тартылатын бағандардың арақашықтығы 50 метрді құрайды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 68 миллион теңге бөлініпті. Ал, құрылыс 2 айдан соң аяқталады.

– Төле би көшесіне бағаналарды орнату үшін ең алдымен жер қазылып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы тірлікке барлығы 20 адам жұмылдырылды. Алдағы уақытта тағы 28 көшеде осындай заманауи бағаналар орнатылатын болады.

Сонымен қатар, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ та ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін толықтай жаңартылады. Саябақта ұлт азаттығы жолында күрескен азаматтарға арналған мұражай бой көтереді. Сол секілді, балалар ойын алаңшасы мен қымызхана ашылады деп күтілуде. Қала тұрғындары мен қонақтары сейіл құрып, емін-еркін табиғат аясында демалу үшін барлық жағдай қарастырылып жатыр. Қазір саябақты тегістеу үшін 5 техника, 10 жұмысшы қызмет атқаруда.

Сондай-ақ, облыстық әкімдік ғимаратының алдында да абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда заманауи бағаналар орнатылып, жаңа орындықтар қойылды. Ұлттық ою-өрнектер үлгісімен гүлзарлар егілді. Енді сәні келіскен субұрқақтың да іске қосылатын күні алыс емес, – дейді Көбей Төлегенұлы.
Бас инженердің сөзіне сүйенсек, облыстық әкімдік ғимаратының алдына барлығы 250 мың түп гүл егілген екен.

Мұнымен қоса, енді Тараз қаласы әкімдігі ғимаратының алдында да толықтай абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Қазір скверлерге жаздық гүлдер отырғызылып, ою-өрнектермен безендірілген және автоматты суғару құрылғылары жүргізілген. Сонымен қатар, алда әкімдік алдындағы субұрқақтарға түрлі-түсті сәуле шамдары мен әуенді су шашу құрылғылары орналастырылады. Сондай-ақ, Қадырғали Жалайыри және әл-Фараби көшелерінің аралығында гүлдер егіліп, шаһардың шырайы кірмек.

Халық даналығында «Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс» деген сөз бар. Тараз қаласында қолға алынған шаралар үлкен жұмыстардың басы ғана. Алда атқарылатын шаруалар да шаш-етектен. Ең бастысы, мұның барлығы да елдің игілігі үшін жүзеге асып жатқаны сөзсіз.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР