Қоғам

Жақсы ұстаз – шәкірт бақыты

Written by Aray2005

Еліміздің ертеңі саналатын оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру – аса жауапты іс. Бұл тұрғыда балалардың қос бағытта да жетік болғаны ата-ана үшін үлкен мәртебе. Оны қатардағы қарапайым ата-ана ретінде түпкілікті сезініп келеміз. Әрине, бала тәрбиесіне мектеппен қатар отбасы мүшелері де жауапты екені даусыз. Сондықтан біз, ата-аналар білім ошағымен, ондағы ұстаздармен тығыз қарым-қатынас орнатып, берік байланыста жұмыс істеп келеміз.
Бұл ретте мектеп басшылығы мен ұжымының ата-ананың бала тәрбиесінде бірлесе еңбек етуге деген ниетін ұғынып, қолдау көрсетуі маңызды. Осы орайда өзімнің балам білім алып жатқан Тараз қалалық №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияның ата-аналар тарапынан көтерілген әр бастаманы қарастырып, назарға алатыны көңілге қуаныш сыйлап отырғанын айтып өткім келеді.
Оқу ордасында оқу-тәрбие жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған. Сапалы білім берумен қатар қоғамдық жұмыстар да, сабақтан тыс шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылап өтеді. Бұлай істің нақты іске асуы тәжірибелі, жан-жақты, жаңашыл басшы Мұрат Тұрысбек мырзаның талапшылдығынан деуге болады.
Мектеп-гимназияда еңбек ететін білікті ұстаздар білім берумен қатар, балаларымыздың жан-жақты болып өсуіне үлкен ерік-жігерлерін сарп етуде. Осының арқасында білім ошағының мәртебесі өсіп, алдыңғы қатардағы білім ордасына айналды.
Мұнда атап өтерлік жақсы жаңалықтардың да бар екенін айтпай кетуге болмас. Мәселен, мектеп оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде жүлделі орындар алып жатқанын естігенде марқайып қаламыз. Ал спорттық, мәдени және шығармашылық бағыттарда бала тәрбиелеп келе жатқан мектептегі үйірмелер де оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына барынша жағдай жасап отыр.

Айнұр Меңлібекова,
ата-ана

ПІКІР