Айна

Жақсы жар Жасағанның сыйы

Written by Aray2005

Адам болғаннан соң өсіп, жетіле келе тіршілік заңына бағынып, өзіңе серік болар қосағыңды іздей бастайсың. Пешенеңе жазылған өз таңдауыңдағы «мына бойжеткен маған мәңгілік жар болады, мені бақытты етеді, менің өмірімді жалғастыратын ұрпақ алып келеді» деген үмітпен үйленесің. Бірақ әлгі өзің таңдаған, бас қосқан бикеш өмірде сен қиялдағандай, ойыңнан шығатын, бір бағытта ойлайтын, пейілі мен мінезі көркем болып кездессе жақсы ғой, әрине. Кейде барлығы керісінше болып жатады. Сондай кезде халық арасында айтылатын «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?» деген сөзі еріксіз еске түседі. Бақыттары баянды болып, үрім-бұтақ өсіріп, өмір қиындықтары мен жетістіктерін тең бөлісіп, қуаныштар мен табыстарға бірге кенеліп, қос аққудай бірін-бірі өмір бойы сыйлап, құрметтеп, қадірлеп өткенге не жетсін, шіркін!

Қазір қосылған жастар арасында көп ұзамай-ақ «бір-бірімізді кезінде терең ұқпаппыз, біліп-түсінбеппіз, мінезімізді зерттемеппіз» деген сынды түрлі себептерді алға тартып, ұшырасқан қиындықтарды желеу етіп ажырасу үрдісі кең қанат жайып келеді. Тіпті оған олар еш қиналмайтын, сөкет көрмейтін, арланбайтын, намыстанбайтын дәрежеге жеткен сияқты. Сондықтан болар біздің қоғамда баласы бар жалғыз басты әйелдер, әйелсіз жүрген жастар жылдан-жылға көбейіп барады. Ол қазіргі демографияны қатерлі көрсеткіштерге жеткізіп отыр. Бұл базбір елдердің трагедиясы, ұлт ретінде өсіп-өнуіне кісен салу, ел болашағына балта шабу деп ұққанымыз жөн.
«Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші, жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін сүйікті, күнделікті еңбегің, екінші, сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың, үшінші, қуаныш пен қиындығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың», деген салмақты әрі құнарлы қазақи тәмсіл бар. Әрине жар таңдауда қателік жіберу кейде барлық тағдырыңды тәлкек етіп, берекесіздікке, бақытсыздыққа ұрындырады. Соңы трагедияға айналатын сәттер де аз емес.
Ел ортасында «Әйелі мен ер адамның жалпы ішкі үйлесімі – нағыз таразы, ал таразы басы бірі екіншісінен асып кетпей, тең түсіп жатуға тиіс», дейтін даналық пікір бар. Онысы да дұрыс шығар. Өмір таразысын тең ұстаған ерлі-зайыптылар ғана бақытты, тату-тәтті отбасы бола алады. Егер олай болмаса қасірет бұлты қоюланып, ұрыс-керіс, айтыс-тартыс көбейеді. Ыдыс-аяқ жиі сылдырлап, үйден бақ-береке, татулық кетеді. Түсіністік болу үшін жанұяда бір тіл, бір дін, мәдениет пен салт-дәстүр үстемдік етуі керек. Егер олай болмаса – барлығы бекершілік, өзіңді өзің алдаумен өткен жалған өмір, қасіретке толы тағдыр.
Өмір болғасын оның адам күтпеген бұрылыстары, күрделі, жағымсыз оқиғалары, кедергілер мен қателіктер кездесе береді. Үйленіп алып, басына қасірет тауып, бүкіл өмірін тозаққа айналдыратын жандар да аз емес. Алысқа бармай-ақ, мысал үшін мына бір тарихи оқиғаны еске алайық.
Әдеби зерттеушілер әлемге аты танымал көрнекті орыс жазушысы «Соғыс пен бейбітшілік», «Анна Каренина» және де басқа керемет романдар, хикаялар жазған Лев Толстойдың отбасылық өмірі трагедияға толы болғандығын жазады. Күйеуі елге танылған сайын әйелі Софья Андреевна менмендікке, өзімшілдікке, көкіректікке бой ұрып, мінезі адам төзгісіз бола бастайды. Сән-салтанатқа барғанды, қолпаштауды жаны сүйетін ол аяқ астынан, себепсізден-себепсіз айқай-шу, ұрыс-керіс шығаратын шайпау мінезін, қазымырлығын уақыт келе үдете түседі. Оның есіл-дерті байлық пен ақша болды. Болғанның үстіне бола берсе деп дүниеге ашкөздікпен қарады. Оның бұл мінезі нәзік жанды қаламгердің жүрегіне салмақ салып, жанын жаралады, түңілдірді. Әйелінің дүниеқоңыздығынан, тойымсыздығынан, ашкөздігінен, тәкаппарлығынан мезі болған жазушы кейде баспалардан шығатын кітаптары үшін қаламақы бермеуді өтінетін. Келе-келе әйелінің оспадарлық қылықтарынан, жағымсыз іс-әрекеттерінен, адам төзгісіз мінезінен құтылу үшін ұлы жазушы 82 жасында аязды түнде 46 жыл отасқан әйелінен құтылмақ болып, үйінен қашып шығады (Базбіреулер оның бұл қылығын жасы келгендігімен түсіндіреді). Ақ қар, көк мұзды айсыз түннің құшағына сіңіп, жан сауғалап орманға еніп кете барады. Содан іздеушілер оны он бір тәуліктен соң ғана шағын теміржол бекетінің маңынан әбден үсік шалып, бойынан әл кетіп, ауыр халде жатқан жерінен тауып алады. Әлсіздіктен кірпіктері әрең қимылдап, тіл қатуға мұршасы жоқ жазушы қиналып, талықсып жатса да бір сәтте бар күшін жиып, әзер дегенде: «Әйелімді жаныма жақындатпаңдаршы…», – депті. Айтушылардың сөзіне сенсек, бұл ұлы жазушының өмірден өтіп бара жатқандағы ең соңғы сөзі болыпты. Әрине сену-сенбеу өз еркіңізде алайда, күллі әлемді мойындатқан ұлы жазушының өмірі осындай қайғылы оқиғамен аяқталған.
Сол секілді жазушы, түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтің ауыр тағдыры көкірегі ояу зерделі азаматтарға жақсы таныс. 35 жасында сал ауруына шалдығып, төсекке таңылғанына дес бермей, тағдыр тауқыметімен тайталасып, қайрат танытып, сенім-жігерін қамшылап, қолынан қаламын түсірмей, көптеген ғылыми еңбектер жазды. Дерт жанын қанша қинаса да, үміт отын лаулатып, ерінбей, талмай, беріле еңбек етті. Солай әлем классиктерінің 10 романын 25 кинофильмін аударып, «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» және «Үміт үзгім келмейді» атты төрт кітап жазып қалдырды. Әсіресе оның «Үміт үзгім келмейді» монолог-хикаяты – жазушының қаламгерлік қуатын, ой өрісін, күрескерлік күшін көрсететін ерекше туынды. Осы шығармасы арқылы Франц Кафка қоғамының марапатын иеленді. Сондай-ақ тілтану саласындағы ғылыми еңбектері де өз алдына бір төбе. Ой таразысына салсақ, бұл ерлікке, батырлыққа тең үлкен іс емес пе?
Ауыр науқас, мүгедек жанның ауыртпалығын бір кісідей көтеріп, қала кітапханаларынан том-том кітап арқалап, үйі мен кітапханалар арасын жол қылған, төсекке таңылған жарының ауызша айтып аударған кітаптарын қайта-қайта қолмен жазып (ол кезде компьютер жоқ болатын), қайта-қайта бастырып, баспаға апарып беріп жүретін, еріне сүйеу, тіреу бола білген жұбайы Қуаныш апайдың еңбегін қалай бағаламайсың? Қос қанаты – ұлдары Мұхит пен Қайратты ел қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, терең, сапалы білім беру де Қуаныш апайға жеңіл іс болды дейсіз бе? Шіркін, сол бір жүрегі нұрға толы, қайырымы мол нәзік жанды қалай қастерлесек те жараспай ма?
…Бірер жыл бұрын облыстық аурухананың хирургия бөлімінде дерті әбден дендеген қарт ана жатты. Оның өмірін сақтап қалу үшін бірнеше күрделі хирургиялық операция жасалды. Әрбір атар таңын Алланың сыйы ретінде қабылдайтын кейуананың көрер жарығы бар екен. Ауруханадан кетер алдында сол ақжаулықты ананың ағынан жарыла айтқан мына бір сөздері әлі есімнен кетпейді.
– Тәңірге еш өкпем жоқ. Өмірдің ыстық-суығын, қуанышы мен қиындығын аз көргенім жоқ. Бала-шағам өсіп, аяқтарына тұрып, бұл күндері әр салада қызмет істеп жүр. Барлығы үйлі-баранды. Пешенелеріне жазған бақыты мен бағынан өз үлестерін алып жүр. Шалым екеуміз 70-тің төріне шықтық. Оған тәубе етеміз. Өлімнен қорықпаймын. Оның ерте ме, кеш пе әйтеуір құрық саларын білеміз. Бірақ пенде болғасын арман-үміт таусылмайды екен. Мені әнеу күні аурудан қиналып жатқанда толғандырған басты ой мынау болды: «Егер мен өліп кетсем, анау жаман шалымның жағдай не болады? «Маған шәйді енді кім береді, мұңымды кім бөліседі» деп көздері жәудіреп, мүсәпір болып қалады-ау байғұс» деп күйзелдім. Көрер жарығым бар екен, сендердің шипалы қолдарың мен аяулы алақандарыңның арқасында отбасыма оралып барамын, – деп шын пейілмен бата беріп кеткен болатын.

Расында бұл жарық дүниеде тірі пенденің арманы таусылған ба, сірә? Адамның өмірге деген құштарлығын немен, қалай өлшеуге болады? Өмірде кездесетін қиындық пен қайғыны түсініп, оны дұрыс қарсы ала білген де жөн. «Тағдырдың пешенеге жазғанына көнесің» дейді базбіреулер білгішсініп. Бірақ кейде тағдырды өз қолымызбен жасайтынымыз да рас қой. Неге ескексіз қайықтай асау өзендегі ағысқа бас иіп, оның айдауына көне беруіміз керек?
Сондықтан жастарға өзіңе өмірлік серік табу мәселесінде жауапкершілік жүгін жете сезінуі қажеттігін айтқым келеді. Бұл қадамды ойланбай жасағандар от басады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР