Жақсылық пен жамандық

0 5

Жасы үлкен ата мен оның немересі үйдің алдында арсылдап, арпалысып жатқан екі итке қарап отырыпты. Иттердің біреуі ақ, екіншісі қара. 12 жасар немересі ес білгелі осы иттер үнемі атасының үйінің алдында арпалысып жататын. Әлгі иттер өте үлкен болатын.
– Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен, үйіңізді қорғауға біреуі де жетер еді ғой, неге екеуін ұстайсыз? Ал түстері ше, неге біреуі ақ, екіншісі қара болуын қаладыңыз? – деп сұрады немересі.
Жасы 70-ке жеткен ата немересіне күлімдеп қарады да:
– Ол иттерім мен үшін екі таңба, балам, – деді қария.
– Ненің таңбасы?
– Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттер секілді ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды қасымда ұстаймын.
Кішкентай бала іштей «Күрес болса онда жеңгені мен жеңілгені де болуы керек» деп:
– Қалай ойлайсыз, осы күресте қайсысы жеңіп шығады екен? – деді.
Атасы балаға күлімдеп қарап:
– Қайсысы дейсің ба, балам? Мен қайсысына көп тамақ берсем – сол жеңеді! – деді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.