Жақсылықтағы жарқын жобалар

0 0

Іскер жастардың қабілетін шыңдап, өз кәсібін бастауға мемлекет тарапынан қолдау көрсететін ұтымды жобалардың бірі – Zhas Projeсt. Баянды бастамадан Жақсылық ауылының жастары да қалыс қалған жоқ. Бүгінде аталмыш елді мекенде осы бағытта үш бірдей жоба жүзеге асуда.

Небәрі 1 905 халқы бар алақандай ауылдың жастары арнайы тізімде тұрған науқастар үшін емдік қасиеті бар саумал, ешкі сүтін өндіруді, «Көркем» сұлулық салонымен тегін қызмет көрсетуді және жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалануды қолға алып, ауыз толтырып айтуға тұрарлық іс тындырып отыр. Бұл үш жобаны іске асырушы – «Құлан нұры» қоғамдық бірлестігі.
– Біздің бірлестігіміздің құрылғанына биыл 5 жыл. Негізгі мақсатымыз – ауыл жастары арасында отбасы құндылықтарын насихаттау. Осы уақыт ішінде біз бағындырған биіктер аз емес. Мемлекеттік тапсырыспен 6, «Береке» ынтымақтастық бағдарламасымен 2, «Zhas Projeсtпен» 5 жобаны жүзеге асырдық. Сол бесеудің үшеуі біздің кішкентай ғана Жақсылық ауылында жүргізіліп жатыр. Мысалы, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытындағы жобамызда негізінен аз қамтылған отбасынан шыққан және даму мүмкіндігі шектеулі 30 баланы өлкелерге саяхатқа шығарып, әр аймақтың тарихымен түбегейлі таныстырдық. Сондай-ақ жастарды облыстық тарихи-өлкетану музейіне апарып, ондағы жәдігерлер арқылы мол мәліметпен қанықты. Сол аралаған жерлері бойынша балалар шығарма жазды. Яғни, біз бұл арқылы жасөспірімдерді өткеннің өнегесімен тәрбиелеп, болашақтарына оң бағыт алуына қолдау көрсетуді көздедік. Тағы бір жобамыз – науқастар үшін ешкі сүті мен саумал арқылы тегін ем жүргізу. Үшіншісі – сұлулық салонының қызметі. Бұл жобаларымыз бойынша қайтарымсыз 1 миллион теңгенің 500 мыңына қол жеткіздік. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, орналастырып, жастарымыз жұмыстарын бастады. Өзім осы ауылдағы мектепте ұстаздық қызмет атқарамын. Яғни, жасөспірімдердің тәрбиесімен тікелей айналысқандықтан, шағын ғана ауылымыздың талапшыл жастарының әрекетіне қарап сүйсінемін. Жас тұлғалардың ой-өрісі, қарым-қабілеті кез келген істі алып кетуге жеткілікті. Тек дұрыс бағыт-бағдар керек, – дейді Бақытгүл Мырзалиева.
Емдік қасиеті бар, құнарлы ұлттық сусынымызды бүгінгі заман талабына сай дайындап, науқас жандарға тегін ұсынуды қолға алған жобаны жүзеге асырушы Әкетай Абдулла бастаманың шапағаты көпке тигенін айтады.
– Биыл менің және достарымның өмірінде үлкен өзгеріс болды. Еліміздің 5 облысына, оның ішінде біздің өңірге де жастар корпусын дамыту жобасының гранты бөлініп, игілігін көпшілік көруде. Біз бұл хабарды «Құлан Нұры» қоғамдық бірлестігінен естіп білдік. Жастар корпусын дамыту жобасы – жастарға арналған бірегей бағдарлама. Оның шеңберінде жастарға кәсіби және көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, оған қоса халыққа пайдалы әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі. Міне, осынысымен де ұтымды. Дүниежүзілік Банк пен еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасының негізгі мақсаты – жастарды, әсіресе, осал топтарын қоғамдық пайдалы қызметке үйрету бағдарламасын іске асыру арқылы қоғамдастықтың өміріне және өмірлік маңызы бар дағдыларды дамытуға тартуды ынталандыру. Жоба біз секілді жас адамдарға қоғамдастықтың игілігіне әлеуметтік кіші жобаларды іске асыру арқылы өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту мен жобаларды басқару бағдарламасына қатысудан пайда алуға мүмкіндік берді.
Біздің жобамыздың тақырыбы – «Салауатты өмір салтын насихаттау». Өткен қыркүйек айында Жастар корпусын дамыту жобасының Үйлестіру агенттігінен 500 000 теңге бірінші транш ақшасы түсті. Біздің топ жұмысты сәрсенбінің сәтінде, яғни, 19 қыркүйектен бастады. Аптаның 5 күнінде мақсатты топқа емдік қасиеті бар сусындарымызды тегін жеткізіп беріп отырамыз. Қант диабетімен және кальций жетіспеушілігімен ауыратын адамдарға, 10 отбасына апарып тұрамыз. Кіші жобаны іске асырудың әр айы үшін әлеуметтік шәкіртақы алып отырмыз. Жобаға қатысушылар үшін өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту мен жобаларды басқару бойынша төрт күндік тренингті ментор Гүлім Еркебекова жүргізген болатын. Тренингтің шеңберінде қатысушыларды командада жұмыс істеу, сыртқы ортамен байланыс орнату дағдыларына, тайм-менеджментке, презентациялар өткізу дағдыларына, жобаны қаржылық басқаруға үйретті. Мемлекетіміздің жастар саясатын қолдауы біз үшін үлкен көмек. Жеке өз басым осы кәсіпті, яғни, ата-бабамыздың мал өсіру ісін жалғастырмақшымын. Еліміздің болашағы – жастарға осындай тамаша мүмкіндік сыйлаған «Zhas project» жобасына алғысымыз шексіз, – дейді.
Ал «Көркем» сұлулық салонын ашып, ауыл тұрғындарымен қатар, мақсатты топтағы балаларға тегін қызмет көрсетіп жүрген қыздардың жетекшісі Раушан Ахметованың да идеясы мол.
– Жобамызда 4 қыз жұмыс жасайды. Екеуі қыздардың, біреуі ұлдардың шаштаразы болса, тағы бір қызымыз бет әрлеумен айналысады. Салонымызды қыркүйектің 20-сында салтанатты түрде аштық. Мақсатты топтағы 45 балаға және ауыл тұрғындарына тегін қызмет көрсетіп келеміз. Осы істі үйренуге құмар ауылымыздың қыз-келіншектері және мектеп оқушыларынан құралған еріктілер келіп, шаш сәндеу, қию, бет әрлеу ісін үйреніп те жүр. Негізі өзімнің оқып меңгерген мамандығым бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Ауылдық жерлерде мектеп қаладағыдай көп емес болғандықтан жұмыссыз жүрген едім. «Zhas Projeсt» арқылы өзімнің ұнатқан кәсібіммен айналысып, ай сайын уақытылы жалақы алып тұруыма мүмкіндік туды. Іс жүзінде тәжірибемді шыңдап, жоба аяқталғаннан кейін де осы іспен өз кәсібімді жалғастырамын деген ойдамын, – дейді ол.
Расында да жаңа жобаның игілігін тек жастар емес, халық та көріп отырғанына көзіміз жетті.
Ал біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болған ауылдың жас азаматтарының еңбекке деген құштарлықтары, беталыстары қуантты. Жақсылықтық жастардың жақсы ісіне сүйсініп, қадамдарына құт тілеп қайттық.

Қамар Қарасаева
Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.