Қоғам

Жақсының жақсылығын айт…

Written by Aray2005

Талай жақсының табаны тиген қасиетті Қордай өңірінің шығысында қоңырқай тірлік кешіп жатқан шағын ғана тарихы тереңнен сыр шертетін Қызылсай деп аталатын ауыл бар. Осы ауылда жарғақ құлағы жастыққа тимей, ауылдың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін Рахымбай ақсақалды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жақсы таниды.

Күн ұясынан көтеріліп, қызарып батқанға дейін Рахымбай қария дамыл тауып көрген емес. Қашан көрсең де ауылдың қамы үшін шапқылап жүргені.
Рахымбай қарттың балалық шағы сонау сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді.Әкесі Молдаш қан майданнан қайтпай қалып, жетімдіктің ащы дәмін татты. Анасы Әтжан 8 баланы қатарынан кем қалдырмай өсірді. Сол кезде нәбәрі 5 жаста болған бала Рахымбай сұм соғыста атылған «адасқан оқ» әке бейнесін келмеске ұзатқанын сезді ме екен?! Тауқыметтің салдарынан
7 сыныптық қана білім алуға мәжбүр болған ол жастайынан еңбекке араласып, шөп шабатын машинаның атына мініп, шөмеле салып, масақ теріп, құлақ байлау сияқты колхоз жұмысына бейімделіп ержетті. Содан да болар есейгенде де елгезектігінің арқасында түрлі салада еңбек етті. Бірқатар ауқымды шаралар өткізіп, халықтың мәдени өсуіне ықпал жасады. Алдыңғы толқын ағасы Сүйінбай Сүйманұлының жетекшілігімен өзімен қатар өскен Еркінбай Қарымсақов, Шәпен Молдахалықұлы, Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, талай жас маманға бағыт-бағдар беріп, қанатын қатайтқан, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз Иенберген Сексенұлы, жарты ғасырға жуық колхозда жүргізуші болған Рахымжан Молдашұлы, Сауытбек Тоғызақов, Дүйсеәли Құрманбай, Сүлейман Төлетай және Ауғанбай Омарбек секілді азаматтармен үзеңгілес болып, ауылда атқарылып жатқан тындырымды тірліктердің басы-қасында жүрді. Бүгінде ақсақал жан-жағына көз тастаса, күні кеше қасында жүрген жолдастарының біразы келместің кемесіне мініп кете барғанын байқайды. Байқайды да ұзақ ойға шомып, көңілін кірбің басады. Оның жанарынан «беу, жалған-ай» деген терең күрсініске толы сөзді аңғармау әсте мүмкін емес.
Қазір дүние өзгерді. Бұрынғы заман көзден бұлбұл ұшып, уақыт керуені алға жылжып, зулаған жылдар ілгері тартып барады. Бүгінгінің сұранысы бұрынғы талаптарға да сай келе бермейді. Дегенмен ел берекесі мен бірлігін, даму өркениеті мен өскелең ұрпақ болашағын бабалар аманаты деп иығына артқан Рахымбай ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да «бейнетімнің зейнетін көрейін» деп, қос қолды қусырып қарап отырған жоқ. Керісінше, ізін басып келе жатқан жастарға жағдай жасауда елеулі үлес қосып, халықтың жоғын жоқтап, билік пен бұқараның арасына алтын көпір салып жүр. Халықтың тұрақты да бейбіт заманда тіршілік етуіне барын салуда. Ауылдың өзекті мәселелері қаралатын жиындардан бір рет те қалып көрген емес. Кез келген басқосуда тұрғындардың талап-тілектерін ортаға салып, өткір мәселелерді көлденең тартады. Бүгінде Ауқатты ауылдық округінің биі қызметін атқаратын қарт қандай шаруаға да болмасын бел шеше кіріседі. Сексен үш жасқа келсе де тың, күйлі-қуатты. Әлі де бойынан жасындай жігер байқалады. Ауылдың мұңын мұңдап, ауыл ақсақалдарының басын қосып, сан мәрте құзырлы мекемелерге хатта жазды. Ауылға ауызсу тарту, көшені жарықтандыру, ауылдық мешітті жөндеу секілді ілкімді істердің ұйытқысы осы – Рахымбай қария десек, ешкім дау тудырмас. Жастарға ақылын айтып отырудан да бір сәт жалыққан емес. Ондағы ойы – бүгінгі жас буын өзі көрген ауыртпашылықты көрмей, елі мен жерін сүйсе екен деген тілек қана.
Білгір де білікті Рахымбай қарт халықтың салт-дәстүрін, ауыз әдебиеті мен мәдениетін, өлке тарихын терең біледі, сөз саптау мәнері де ерекше. Сөз бастап кеткенде бұрынғының шешендерінше толғанып, сөздің мәйегін тамызып, саралап, саптап айтатын бір ерекше бекзаттық қасиеті бар. Оның қарапайымдылығын, көпшілдігін, биязы мінезін, салиқалы ой-өрісін ауыл түгілі, күллі аудан жұртшылығы жақсы біледі.
Аяулы ақсақалдың ауыл үшін еткен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Оған кеудесінде жарқыраған сан түрлі орден-медальдары дәлел. Қордай ауданының Құрметті ардагері атанды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолынан алған «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін былай қойғанда, өзге марапаттарының өзі бір төбе. Бірақ Рекең үшін ең басты марапат медаль емес, туған өлкенің көркеюі, ажарлануы. Қызылсайдың тұрғындары да Рахымбай қартты ерекше сыйлайды, оған деген ықыластары өзгеше. Ол кісінің өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа мол ғибрат, зор тағылым.
Ешкімнен ешнәрсе дәметпей-ақ таудай тірлікті бір өзі атқаратын азаматтар бар бұл жалғанда. Рахымбай Молдашұлы дәл сондай тұлға. Ол халық үшін Толағайша тауды да көтерді, теңізді де кешті. Бірақ онысын жұртқа жарнама қылып, арзан ұпай жинаған емес. Өмірдің тар жол, тайғақ кешу сынағы оны сындыра алмады, керісінше жігер берді, қажыр-қайрат сыйлады. Ол сол қажыры мен қайратын ел үшін жұмсап келеді. Ол ісінен бір сәтте танған емес. Таңның атысы, кештің батысы ауылдық әкімдік пен құзырлы орган мекемелерінің табалдырығын тоздырып жүрген Рахымбай ақсақалдың көздегені – халықтың игілікті өмірі, келешек қамы. Ақылы дария қарияға Құдай қуат берсін дейміз…
Біз кейде өмірдің қым-қуыт шар­уасымен жүріп, көп нәрселерді аңғара қоймаймыз. Бауырында күнде көріп жүрген соң, таулардың биіктігінде байқамайтынымыз содан шығар. Әйтпесе бұл қазақта таудан да биік жақсы адамдар жетерлік. Сондай жандар әрқайсысымыздың жанымызда жүр. Тек олардың биіктігін байқап, жақсылығын бағалай білсек болғаны.

О.ИЕНБЕРГЕН,
Қордай ауданы

ПІКІР