Жақыныңызға жаныңыз ашыса, топырлап жүруді тоқтатайық!

0 0

Сонда ғана індеттің алдын аламыз

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай өңір басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен коронавирустың алдын алу шаралары бойынша кеңес отырысы өтіп, онда аймақтағы жалпы жағдай сараланып, аудандарда қалыптасып отырған ахуал талқыға түсті. Жиынға бірқатар басқарма басшылары мен Тараз қаласының және аудан әкімдерінің орынбасарлары бейнебайланыс арқылы қатысып отырды. Кеңес отырысында қаралатын мәселелерге қысқаша тоқталған Ержан Жұматұлы ең алдымен коронавирустың таралмауы бағытындағы жұмыстарды еш босаңсытуға болмайтынын атап өтті.

– Өздеріңіз күнделікті көріп отырғандай, жағдай әлі де тұрақталар емес. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы күнделікті селекторлық жиында тапсырма беріп жатыр, өкінішке қарай аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары коронавирустың таралмауына әлі де салғырт қарап отыр. Той тойлауымыз тоқтап жатқан жоқ, оған жүргізіліп жатқан рейд те жоқ. Құрылған мониторингтік топтар да, жұмыс топтары да қағаз жүзінде қалып отыр. Әрине жұмыс мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ мардымсыз, жүйе қалыптаспаған. Бір-біріне қыдырған, тойға барған жұрттың тоқтайтын түрі көрінбейді, – деді аймақ басшысының орынбасары.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов та аймақтағы дәл қазіргі жағдайға тоқталып, вирус жұқтыру фактілері жоғарылап кеткен аудандарды атап өтті.
Марат Сейтбекұлының сөзіне сүйенсек, соңғы дерек бойынша облыста COVID-19 инфекциялық вирусын жұқтырғандар саны 2999-ға жеткен. Жазылып шыққандар 1398 адам.

Дауасыз дерттен өңірде 7 адам қайтыс болған. Сондай-ақ, басқарма басшысы хабарламада карантиндік шаралардың сақталуы вирустың таралуына тосқауыл болатынын айта келе, аудандардағы көңіл көншітпейтін көрсеткіштерге назар аударды. 15-22 шілде аралығындағы тіркелген науқастардың санын сараласақ, көп ауданда өршіп кеткені байқалады. Мұны Марат Сейітбекұлы ел арасындағы той-томалақ, жаназа, ас беру сынды шаралардың көптеп ұйымдастырылып, әлеуметтік қарым-қатынастың тыйылмай тұрғанымен байланыстырады. Әсіресе науқастардың арасында зейнеткерлердің үлес салмағы азаймай тұр. Тіпті, Жамбыл ауданында бір зейнеткер 10 адамға қатерлі індетті жұқтырса, Меркіде тағы бір зейнеткер 8 адамның осы ауруға шалдығуына себепші болған.
– Вирус жұқтырғандар арасында 15 шілде күні –18, 16 шілде күні – 17, 17 шілде күні – 18, 18 шілдеде – 37, 19 шілде күні 50 зейнеткер тіркелді. Бұл көрсеткіш бойынша Тараз қаласы, Байзақ және Жамбыл аудандары көш бастап келеді. Сондықтан зейнеткерлерге түсіндіру жұмыстарын аудан басшылары барынша қолға алу керек. Себебі, үлкен кісілердің өзге де қосымша созылмалы аурулары болғандықтан қайтыс болу қаупі жоғары, – деген М.Жұманқұлов мобильдік топ жұмыстарына да тоқталды.
Расында мобильді топтарға аудандардың дұрыс көңіл бөлмей отырғаны жасырын емес. Анығы оның жұмысының пайдасын кәдеге жарата алмай келеді. Ержан Жылқыбаев осы арада сөзге араласып, Ресейдегі тәсілді мысалға келтірді. Ресейліктер аймақтардағы мобильдік топтардың жұмысын барынша ширатып, науқастарды осы топтың көмегімен үйінде-ақ емдеуге күш жұмсаған. Нәтижесінде ауырған науқастардың екі-ақ пайызы ауруханада емделген.
– Егер біз мобильдік топтардың жұмысын жүйелеп, оларды көлікпен толық қамтамасыз етсек, ауруханалардағы орын тапшылығы да, жасанды тыныс алдыру аппараттарына деген мұқтаждық та азаяр еді, – деген облыс әкімінің орынбасары бірқатар аудандардың басшыларына мобильдік топтарды көлікпен қамту бойынша нақты тапсырма берді.
Мәселен Тараз қаласында бірде-бір медициналық мекеменің мобильдік топтарына көлік берілмеген. Бұл өз кезегінде топ жұмысының сапасын төмендетіп, ел ішіндегі дүрбелеңнің одан әрі ушығуына әкеліп соғатыны анық. Себебі жедел жәрдем көліктерінің де барлық шақыртуға жедел түрде жетіп жатқаны шамалы. Осындай сәтте мобильдік топтың қажеттілігі ауадай сезіледі.
Одан кейін жұқпалы және провизорлық ауруханаларда тынымсыз жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге жағдай жасау жайы да қаралып, ол бойынша барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары міндеттеме алды.
Қайтыс болғандарды жерлеу мәселесінде де қадағалауды күшейтіп, тәртіпке келтірер тұстары көп-ақ. Себебі, ел мүфтиятының пәтуәсы жаназаға қатысуға он адамға ғана рұқсат берсе, нақты іске келгенде адам саны бірнеше есеге асып жығылады. Ал қайтыс болғандардың неден көз жұмғаны нақтыланбағандықтан, туыстары «КВИ болмаса болды» деп, мәйітті жуып, қауіпке басын тігіп жатқан фактілер де жоқ емес екен. Сондықтан Ержан Жылқыбаев жаназаны жүргізу, жерлеу тәртібіне де аудан әкімдері тікелей жауапты екенін айтты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов хабарлама жасап, Тараз қаласы мен аудандарда қатерлі індет бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстарының барысын баяндады. Тоқ етерін айтқанда Д.Бейсенқұлов әлеуметтік желілерде теріс ақпараттардың өткен апталарға қарағанда азайғанын айтып, аудандар бұл бағыттағы жұмыстарды және халыққа шынайы ақпарат жеткізуді әлі де ширата түсу керектігін ескертті. Сондай-ақ, ол биыл Құрбан айт мейрамы 31 шілдеге түскенін, карантин мерзіміне байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен айт намазы оқылмайтынын ашып айтты.
Ал облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова биыл оқушылар сабақты онлайн режимде, яғни үйден оқитынын мәлімдеді. Егер жағдай тұрақталып, мектепке барып оқитын жағдайда бірыңғай мектеп формасы қажет емес екенін, сондай-ақ, ыстық тамақтың берілмейтіні белгілі болды.
Жалпы аймақта оқушылардың интернетпен қамтылу деңгейі де мәз емес. Облыста 127 180 оқушы интернет желісіне қосыла алмай отыр. Ержан Жұматұлы бұл төңіректегі түйткілді мәселенің түйінін тарқатуды білім басқармасының басшысы Г.Ходжабергенова мен «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының өкіліне жүктеді.
Жалпы жиын соңында қалыптасып отырған жағдайға байланысты Ержан Жылқыбаев аудан әкімінің орынбасарларына аурудың алдын алу жұмыстарының сапасы сын көтермейтінін айтып, нақты тапсырмалар берді. Турасын айтқанда атқамінерлерді кабинетке тығылмай, сыртқа шығып, тынбай жұмыс істеуге шақырды.

Жасұлан Сейілхан

Leave A Reply

Your email address will not be published.