Қоғам

Жалақы көтерілсе, көңіл жайланады

Written by Aray2005

Ел экономикасының дамуы қашанда қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының өсуінен көрінеді. Ал, тұрғындардың әлеуеті ең әуелі олардың табыс көлемінің артуына байланысты екені анық. Сондықтан да Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең төменгі жалақыны 1,5 есеге арттыра отырып, оның ең төменгі күнкөріс шегімен байланысты болмайтындығын атап өтті. Сәйкесінше, Мемлекет басшысы төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеру туралы бастаманы еліміздегі ірі компаниялардың қолдайтындығына сенім білдірді. Стратегиялық құжаттағы жалақыны жоғарылату бастамасын жамбылдық кәсіпорындар да құп алып, алдағы жылдың басынан қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруді жоспарлап отыр.

Жолдау жүктеген міндетке сай, еліміздегі ең төменгі жалақы 28 мыңнан 42 мың теңгеге өспек. Нәтижесінде бұл фактор республикадағы әртүрлі меншіктегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысының өсуіне тікелей әсер етпек. Сондай-ақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қазақстандықтың еңбекақысы 35 пайызға өседі. Бұл қатарда 23 424 жамбылдық та бар. Мұнан бөлек, мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу арқылы 2019 жылдың 1 қаңтарынан облыста 2 842 мемлекеттік қызметшінің айлық жалақысын 2-2,5 есеге дейін өсіру жоспарлануда. Аталған жайттарды Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов баяндады. Өңір басшысы облыста әкімшілік шығындарды қысқарту, бөлімдерді біріктіру арқылы басшылық құрамды азайту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, ведомстволық бағыныстағы мекемелерді оңтайландыру жұмыстарын қолға алу нәтижесінде үнемделген 3,1 миллиард теңгенің мемлекеттік қызметшілердің жалақысын жоғарылатуға бағытталғанын тілге тиек етті.
Бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндерден бөлек, облыстағы жетекші кәсіпорындарда еңбек ететіндер де жаңа жыл басынан көбейтілген жалақы алады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, облыс орталығындағы 1 360 кәсіпорын мен ұйымда жұмыс істейтін 12 мыңнан астам қызметкер 42 500 теңгеден кем жалақы алады екен. Стратегиялық құжаттағы тапсырмаға сай, қаңтар айынан бастап өңірдегі 10 кәсіпорында еңбек ететін 9 222 қызметкердің еңбекақысын көтеру жоспарлануда.
Мәселен, «Тараз былғары аяқкиім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінде 370 жұмысшы еңбек етсе, олардың 40-қа жуығы ең төменгі жалақыға күнелтуде. Өткен жылы 157 мың жұп аяқкиім дайындаған кәсіпорын жыл соңына дейін 200 мыңға жуық жұп аяқкиім шығаруды жоспарлап отыр. Өндіріс ауқымын кеңейту арқылы келер жылы жалақы көлемі де артпақ.
– Жаңа жылдан бастап кәсіпорындағы ең төменгі жалақы 37 мың теңгеден 42 мың теңгеге көтерілмек. Бұған дейін жалақының төмен болуынан серіктестікте білікті мамандар көп тұрақтамайтын. Келер жылдан айлық жалақының ұлғайтылуы жұмысшыларды ынталандыра отырып, еңбек өнімділігін арттыруға сеп болмақ. Кәсіпорында әзірленген былғары аяқкиімдерге сұраныс жыл санап артып келеді. Жоғары сапаға қол жеткізуде біз отандық шикізатты кәдеге жаратудамыз, – дейді «Тараз былғары аяқкиім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов.
Жаңа жылдан жұмысшыларына айлықты жоғары етіп төлеуді жоспарлап отырғандардың қатарында облыстағы химия өнеркәсібіндегі жетекші кәсіпорын саналатын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. 6 мың адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік біліктілігі төмен жұмысшылардың айлығын 15 пайызға, ал жалпы жалақыны 10 пайызға арттыруды көздеп отыр.
– Біздің серіктестікке қарасты өндіріс ошақтарындағы ең төменгі жалақы – 55 мың теңге. Мұндай еңбекақы біліктілігі төмен 36 жұмысшыға тиесілі. Келер жылдың қаңтар айынан бастап бұл соманы 20 пайызға көбейтпекпіз. Ал, қалған жұмысшылардың еңбекақысы 10 пайызға өседі. Сол арқылы кәсіпорындағы орташа жалақы 140 мыңға дейін көтерілмек. Осы мақсатта компания бюджетінен қосымша 950 миллион теңге қарастырылды, – дейді «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров.

Сондай-ақ, жергілікті билік жыл соңына дейін өңірдегі 95 ірі және орта бизнес субъектілерімен қызметкерлерге төленетін жалақы көлемін арттыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Өз кезегінде, бұл қадам жұмысшыларды ынталандыра отырып, кәсіпорындардағы кіріс көлемі мен еңбек өнімділігін арттырудың алғышартына айналмақ.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР