Жамбыл жаңалықтары

Жалақы төлеудің жаңа моделі жан-жақты сараланды

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен факторлық-балдық шәкіл мәселесі бойынша кеңес өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Ол Елбасының Жолдауына сәйкес, «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 5,6 – тармақтарын іске асыру аясында факторлық-балдық шәкіл негізінде мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделі енгізіліп жатқанын жеткізді. Жалақы төлеудің жаңа моделі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге пилоттық режимде еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» №939 қаулысы негізінде іске асырылуда.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа модель негізгі бөліктен тұрады. Ол – мемлекеттік қызметкерден білімді талап ететін жұмыстың күрделілігін ескеретін факторлық-балдық шәкіл, қызметкердің жыл бойы атқарған жұмысы жөнінде және жылына бір рет өткізілетін бағалау нәтижесі негізінде берілетін бонустық жүйе. Сондай-ақ, факторлық-балдық шәкіл негізінде лауазымдардың барлығы 3 фактор арқылы бағаланбақ.
Мемлекеттік органдардағы жалақы төлеудің жаңа моделі облыстың 2830 мемлекеттік қызметкерін қамтиды. Қолданыстағы жалақы төлеу жүйесіне сәйкес, олардың жылдық жалақысы 4,9 миллиард теңгені құраса, алдын ала есептеулер бойынша факторлық-балдық шәкіл негізінде жаңа моделді енгізуге қажеттілік 5,4 миллиард теңгені құрауда.
Облыстық деңгейде 27 бөлімді біріктіру арқылы 2 бөлім басшысы, 1 бас маман қысқарып, 27 бөлім басшысы, 66 бас маман мемлекеттік қызметтің төмен деңгейіне ауысады, 17 штаттан тыс қызметкер қысқарады. Нәтижесінде үнемделетін қаржы 49, 5 миллион теңгені құрайтын болады деп күтілуде.
Ал, аудандар, қала деңгейінде 2 бөлім басшысы, 1 бас маман қысқарып, 11 бөлім басшы, 23 бөлім басшысының орынбасары, 77 сектор меңгерушісі, 6 бас инспектор, 234 бас маман мемлекеттік қызметтің төмен деңгейіне ауысып, 275 штаттан тыс қызметкер қысқарды. Үнем 269,7 миллион теңге, – деді Гүлдана Жауынбекова.
Ауылдық округтер деңгейінде де бұл бағытта жұмыстар жүргізіледі. Асқар Исабекұлы жаңа жүйе бойынша қысқаратын, біріктіру арқылы мемлекеттік қызметтің төмен деңгейіне ауысатын мемлекеттік қызметшілердің тізімін нақтылауға бір апта уақыт берді. Оған барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің қатысуы міндеттелді. Сонымен қатар, өңір басшысы тізімді нақтылауда еңбек өнімділігі мен қажеттілікке мұқият мән беру керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР