Жастар.kz Сұхбат

«Жалқаулық ешқашан жақсылыққа жетелемейді»

«Жас келсе-іске» дейді дана қазақ. Сол айтқандай, аға буын өкілдері қай салада болсын, ізбасарларының ілкімділікпен ілгері ұмтылғанын қалайды. Міне, осы тұрғыда облысымызда белсенділігімен көзге түсіп жүрген жастар аз емес. Олардың бірқатары қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан табылып, азаматтық сектордың алға жылжуына айрықша үлестерін қосуда. Міне, сондай замандастарымыздың бірі — «Ақ Сұңқар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзал Есіркеповпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Бүгінде үкіметтік емес ұйымның өкілі ретінде қоғамдық жұмыстарға бел­сене араласып жүргеніңізді бай­қай­мыз. Жалпы, жастар саясатына қалай келдіңіз?
– Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған аяулы мектебімді бітірген соң М.Х.Дулати атын­дағы ТарМУ-ға оқуға түстім. Алғашқы курстан бастап белсенді жастардың ортасынан табылып, қоғамдық жұмыстарға араласа бастадым. Жалпы, ұйымдастырушылық қабілетімнің нығаюына мектеп кезден танитын досым Серікбол Берікқожа өз септігін тигізді. Сол уақытта С.Берікқожа «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы еді. Көп уақыт өтпей менің бойымдағы қоғамдық жұмыстарға деген қызығушылығымды байқаған ол өзінің орынбасары етіп тағайындады. Үлкен ортаға енді ғана аяқ басып келе жатқан мен үшін атқарушы хатшының орынбасары болу үлкен жауапкершілік жүктеді. Осылайша бойдағы балалық қасиеттерден арылып, ынта-ықыласым арта түсті. Сол арқылы бас партиямыздың жұмысына да қолғабыс етіп, көзге көріндім. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын халыққа түсіндіру мақсатында аудандарға шығып, ондағы жастармен де тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе жинақтадым. Қоғамдық жұмыстардың мақсат-міндеттерін түсіне бастаған соң Алмас Тоғай есімді досым екеумізге жастар қоғамдық бірлестігін ашу туралы ой келді. Екеуміз ақылдаса келе «Ақ сұңқар» деген атаумен жастар бірлестігін аштық. Жасыратыны жоқ, бастапқы жылдары қоғамдық бірлестіктің жұмысы ілгерілей қоймады. Яғни, мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік жобаларына қол жеткізе алмадық. Оның да себебі жоқ емес еді. Өйткені, мемлекеттік мекемелер де жұмыс өтілі мен тәжірибесі жоқ бірлестіктерге сенім арта бермейтіндігі белгілі ғой. Бірақ, араға жылдар салып облыстағы жастар қоғамдық бірлестіктерінің арасынан тәжірибе жинақтап, артылған сенімді барынша ақтау үстіндеміз.

– Өзіңіз басқаратын «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің алға қойып отырған мақсаты қандай?
– Бүгінде біз тек мемлекеттік-әлеумет­тік тапсырыс шеңберінде ғана жұмыс жасап жүрсек, алдағы уақытта өз жобаларымызды іске асырсақ дейміз. Жалпы, талпынысы бар студент жастарды тартып, оларды да қоғамдық ортада белсенді болуға тәрбиелеп жатырмыз. Сондай-ақ, замандастарымыздың да ойын, идеяларын тыңдауға тырысамыз. Жалпы, бізде идея жоқ емес, бар. Бірақ, креатив аз. Сондықтан, бұрын-соңды болмаған істерді қолға алып, жастарға, жалпы қоғамға қажетті жұмыс жасасақ дейміз.

– Облыста мемлекеттік жастар сая­са­тының жүзеге асырылу барысына көңіліңіз тола ма?
– Еліміз тәуелсіздік алғалы жастардың мәселесі назардан тыс қалмай, оларға қосымша жаңа міндет­тер артылып келеді. Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдау­ла­рында жастарға үлкен көңіл бөлініп, олардың жағдайы күннен-күнге жақсаруда. Атап айтқанда, қазақстандық жастарды әлеуметтік қорғау, кәсіби біліктіліктерін арттыруға баса ден қойылуда. Соның негізгісі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның қабылдануы деп түсінуге болады. Ол заңның жастар саясаты саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтіндігі белгілі. Нақтырақ тоқталсақ, 2015 жылдың ақпанында қабылданған заңның қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техни­калық әлеуетті дамыту, денсаулықты сақтау және нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдайлар жасау сынды бағыттарының өзі керекті мәселелерді шешуге негіз болып отыр. Бұл тұрғыда облысымызда да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

– Бүгінде «ZHASPROJECT» жобасының облыстағы үйлестірушісі екеніңізді біле­міз. Бұл жобаның жастар үшін қандай тиімді тұстары бар?

– «ZHASPROJECT» жастар корпусын дамыту жобасы биыл елімізде екінші рет жүзеге асқалы отыр. Былтыр 5 өңірдің жастарына кәсіп ашуға мүмкіндік берген жоба ұйымдастырушылары биыл Қазақстанның 6 аймағын қамтымақ. Осы жылы қатарға біздің өңір де қосылды. Қоғамның әлсіз топтарын жұмысқа тартуға бағытталған жоба 14 пен 29 жас аралығындағы үміткерлерге 1 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік береді. Жобаға тек жұмыссыз жастар қатыса алады. Бастысы – идея керек. Оған қоса, кәсіп бастаушы өзін қолдайтын 3-5 адамнан тұратын топ құрады. Олардың да жас шамалары 14-29 жас аралығында болуы шарт. Серіктес ретінде туыс, достарын алуға болады. Айта кетерлігі, ниет білдіруші жастар әлеуметтік жобаны облыстың кез келген ауылында жүзеге асыра алады. 1 миллион теңгеге жуық грант бизнес бастаушыға қайтарымсыз беріледі. Бірақ, әлеуметтік жоба грантын жеңіп алған жас жарты жыл халыққа тегін қызмет көрсетуі тиіс. «ZHASPROJECT» Білім және ғылым министрлігі мен халықаралық банктің бірлескен жобасы. Былтыр 2000-нан астам қазақстандық жобаларын ұсынып, 600-ге жуығына қолдау болған. Жастар жылыжай, тігін цехы, тіл курстары мен түрлі үйірмелер ашқан. Жалпы, еліміз бойынша 1000 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр. Оның ішінде біздің облыстың да қосатын үлесі көп болуы керек. Қазір осы бағытта аудан, ауылдарға шығып, ондағы жастарға жоба туралы түсіндіріп қайттық. Қуанарлығы, ниет білдіруші жастардың қатары көбейіп келеді.

– Азамат ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселелер алаңдатады?

– Жаңа тұрпатты жастардың талаптарын елемеу уақыт ағымын ескермегенмен бірдей. Сондықтан, өзімізде барды баға­лауы­мыз қажет. Ең бастысы, біздің және жасөспірімдердің ұлы дала рухына сусындап өсуіміз керек-ақ. Онсыз болмайды. Себебі, ата-бабамыз аманаттаған тәрбие – негізгі өзегіміз. Үлкенге кұрмет, кішіге ізет қылсақ ешқашан есе жоғалтпайтынымыз ақиқат. Дегенмен, кейбір жастарымыз бойынан жағымпаздық көріністері көптеп байқалуда. Сондай-ақ, жастар ұйымдарының өкілдері өзін өзге замандастарынан жоғары ұстап, шенеунік ретінде көрсетуге тырысады. Бұл мәселе де бізді алысқа алып бармайды. Бүгінде мемлекет жастарға барынша жағдай жасап отыр. Сол себепті, елді сүйіп және құрметтеп үйренуіміз керек. Бұдан мемлекет те, жастар да жапа шекпейді. Алаштың аманатын арқалап, асыл мұратты жүзеге асыратын, елін қорғап, елдігімізді арттыратын біздер екендігімізді ұмытпауымыз парыз. Бүгінгі күні замандастарымның өмірлік ұстанымдарының тұрақсыз екендігін мойындаймын. Тіпті, басым көпшілігіміз жеңіл табысқа ұмтыламыз. Бұл сананы тұрмыс билейдінің кері шығар. Дегенмен, заман осындай екен деп адамдық пен азамат­тық тұлғамыздан айнып кетуге бол­май­ды. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалып­тастыра алады.

– Биыл Астана қаласының 20 жыл­дығы кеңінен тойлануда. Бас қаланың мерейтойына орай айтар тілегіңіз.

– Елорданың мерейтойы – елдің ортақ қуанышы. Сондықтан да Астананың 20 жыл­дығын жан-жақты атап өтуіміз керек. Ең бастысы, тойлау емес, ойлау маңызды. Аз ғана уақыттың ішінде ажары артқан астана салдық. Осылайша, халқымыздың мақсаткерлік миссиясын, көздеген межеге қол жеткізе білетін қасиетін таныта білдік. Жұмыс барысымен бас қалаға барған сайын кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Осындай елдің перзенті болғаным үшін бақытты ұрпақ сезінемін. Сондықтан да еліміздің еңсесін биіктету жолында аянбай еңбек ететін боламын. Астананың мерейтойымен барша жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, Астанамыз асқақтай берсін!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР