Жалпыға ортақ жастар үні

0 0

Ел тарихына көз жүгіртсек, расында ұлтымыз «Тар жол, тайғақ кешкен» талай нәубетті жылдары халықтың есіктегі басын төрге сүйреген қазақ жастарының орны бөлек. Сонау жаугершілік заманның өзінде бесіктен белі шыға сала атқа қонған бабалар, одан кейін жігіттік шағынан еліміздің шекарасын шегендеп, халық мүддесін қарақан басынан биік қойып жасындай жарқылдап өткен Алаш арыстары, сонау Ұлы Отан соғысында қырдан терген гүлін отты қаруға алмастырып кеткен Әлия мен Мәншүктер, кешегі мұзға ерлікпен алауын жағып, Тәуелсіздік таңын тұтатып, айдары мен бұрымына ақ шаш түспей жатып қыршын кеткен Қайрат пен Ербол, Сәбира мен Ләззаттар осының айдай анық айғағы.

Жалпы осынау ел өмірінде қашанда қазақ жастарының үніне айналып, рухани қаруы бола білген қазақ газеттері аз емес. Мәселен 1918 жылы 30 шілдеде алғашқы саны шыққан алашшыл қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас Азамат» басылымының да орны бөлек-тұғын. Мұнда Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы, А.Жантәліұлы, М.Әуезов, Б.Серкебайұлы, Х.Ибраһимұлы секілді марғасқалар жастайынан ел мүддесін көтерген салмақты мақалаларын жариялап тұрғаны да тарихтан белгілі.
Сол секілді жастарға арналған ең байырғы және беделді республикалық басылым «Жас Алаш» газетінің де орны орасан. І.Жансүгіров, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтардың қолтаңбасы қалған басылым әлі күнге өскелең ұрпақтың да, өміршең ұлттың да мүддесін абыроймен арқалап келеді. Осы басылымда:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күштi қанатты –
Мен жастарға сенемiн! – деп ұмытылмас ұлы ұранды туғызған кезде Мағжанның өзі 25 жаста, ал газет редакторы Қошке Кемеңгерұлы 24-те, білікті көсемсөз шебері ретінде танылған Смағұл Сәдуақасұлы 20 жаста ғана екен. Осындай от жүректі, озық ойлы қазақ жастары өздерінің арман-мұратын халқына тарату үшін баспасөздің құдіретті күшін ұлт мүддесі жолында ұтымды пайдалана білді.
Өткірлік пен турашылдықты, жаңашылдық пен тапқырлықты парыз еткен бұл басылымдар ел тарихының шежіресін қалыптастыруға да айтарлықтай үлес қосты. Бұл ретте жаңа өмірге ұмтылған жалын жүректі, құрыш білекті жастарды ортақ көзқарасы мен ұжымдық бірлігі жағынан біріктірген жастар одағы Түркістан коммунистік жастар одағын айтпай кетуге болмас.
Оның басы-қасында Орта Азия мен Қазақстан жастарының көсемі, көшбасшысы әрі жетекшісі болған Ғани Мұратбаев жүрді. Жастардың ой-өрісін кеңейтетін, рухани азық беретін, сөзі сара, өзі дара болатындай жастар басылымының ауадай қажеттілігін жан-тәнімен сезген ол дүрбелеңді шақта «Жастарға жансерік болар бір үн керек», деген ұран тастайды.
Құптарлығы сол, Ғани Мұратбаев бастаған бір топ жастар жетекшілері мен белсенділерінің бұл тілегі ескеріліп, 1921 жылдың 22 наурызы, яғни Ұлыстың ұлы күнінде қараңғы түнекке бейне бір жарық сәуле болып шашылғандай «Жас Алаш» газетінің алғашқы саны араб қарпінің төте жазу үлгісінде жарық көреді.
Одан Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Біләл Малдыбаев, Мұхаметсалық Кәшімов, Бекмұхамбет Серкебаев, Төлебай Нұралин, Ахмет Жанталин сияқты қаранарлармен қатар заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 21 жасындағы қолтаңбасын да кезіктіруге болады.
Сол секілді «Жас азаматтың» 1918 жылғы алтыншы санында жарияланған Смағұл Сәдуақасұлының «Өмір үшін күресу» деген мақаласы да оқырманды ойға жетелейді.
Қарап отырсақ көзі ашық, көкірегі ояу ұлттың жанашыр жастары осылайша қазақ газеттерін үлкен идеологиялық құралға айналдырды. Қазіргі уақытта да аймақтарда ел тәуелсіздігін алғаннан бері жастардың мүддесін көтеріп жүрген газеттер бар. Бірақ көп емес. Дегенмен өңірлер арасында ең алғаш болып жарыққа шыққан Жамбыл облыстық «ARAI» жастар газеті болатын. Атап айтқанда республика бойынша тұңғыш болып Жамбыл облысында «Ар-Ай» деген атаумен жастар газеті ашылып, 2005 жылғы 13 қазанда алғашқы саны жарық көрді. Жас та болса газет 2005 жылдан бері жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап келеді. Небары 15 жыл ішінде облыс жұртшылығын сан алуан салмақты материалдар мен мазмұнды һәм мағыналы, оқырман талғамына орай ой саларлық танымдық мақалаларды жариялап, өңір өміріндегі өзекті мәселелердің, жастардың жай-күйі мен жанайқайын жеткізіп келеді.
Газеттің жарық көруі өңірдің ғана емес, еліміздің мәдени һәм рухани өміріне сілкініс болды десек асып айтқандық болмас. Себебі алғашқы санынан қаранар қаламгер Шерхан Мұртазамен салмақты сұхбат, марғасқа ақын Маралтай Райымбекұлының өлеңі, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі Дархан Қыдырәлінің, тарихшы жазушы-драматург Бақтыяр Әбілдаұлының Әулиеата тарихы турасында танымдық мақалалары жарық көріп, оқырманның жүрегінен жол тапты. Содан бері абырой биігінен түспей, жамбылдық жастардың жанашыры, бұқараның сырласына айналды.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.