Жамбы атушылар жаһанды мойындатып жүр

0 6

Халқымыздың ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ежелгі ойынының бірі – жамбы ату. Тарихы тереңде жатқан жауынгерлік өнер еліміз егемендік алғаннан кейін қайта жаңғыра бастады. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы текті өнердің тамырына қан жүгіртіп, атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесінде әлемдік деңгейге көтерілді. Жамбы ату спорты Жамбыл жерінде де жаңғырып, аймақ жігіттері әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғап жүр.

«Әулиеата» ұлттық спорт клубы басшысының орынбасары Төлеген Жұматаевтың айтуынша, аталған клубта 2016 жылы «Жамбы ату» бөлімі ашылып, халықаралық, республикалық жарыстарға спортшыларды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қордай ауданындағы ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде де «Жамбы ату» бөлімі ашылған.
– «Әулиеата» клубында жамбы ату спортымен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы үйретілген аттармен, садақ, жебе, спорттық киімдер және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жаттықтырушылар жыл сайын біліктілігін арттыру курсынан өтіп тұрады, – дейді Т.Жұматаев.
Атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіз емес екен. 2016 жылдан бері жамбы ату спортына ден қойған саңлақтарымыз талай додада топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтқанда, Елдос Бадашев жамбы атудан әлем чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы және әлем чемпионатының қола жүлдегері, Абзал Тулыбеков те әлем чемпионатында өз мықтылығын дәлелдеп, жүзден жүйрік шығыпты. А.Тулыбеков ел чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері, дүниежүзілік көшпенділер ойынының қола жүлдегері де атанып үлгерген. Сондай-ақ Бақдәулет Бабажан, Серікболсын Жалғасұлы сынды құралайды көзге атқан мергендер де әлем чемпионаттары мен жастар арасындағы Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Айта кетерлігі, аталған спортшылар қазіргі таңда ұлттық құраманың негізгі спортшылары. Әрі барған жарыстарынан жүлдесіз қайтпайтын, көздеген нысанасына жебесін дөп тигізетін мергеннің ізін жалғар жастар да жоқ емес.
– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен 2021 жылға арналған спорттық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы жас ерекшеліктеріне қарай ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында ел чемпионаттарына, ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала рухы» республикалық фестиваліне қатысу жоспарлануда. Егер індеттің қаупі сейілсе, биыл жамбы атудан әлем чемпионаты, Азия чемпионаты, дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді деп күтілуде. Аталған халықаралық жарыстарға жамбылдық спортшылар қатысады деген сенімдеміз,– дейді «Әулиеата» ұлттық спорт клубы басшысының орынбасары Төлеген Жұматаев.
Жамбы ату спортымен шұғылдану үшін атқа мінуді меңгеріп, ептілік пен мергендік қасиетті бойға сіңіріп, садақ ату өнерін меңгеру керек. Атап өткен қасиеттерді бойына сіңіріп, жастайынан спортқа жақын өскен меркілік Елдос Бадашев жамбы ату спортына 35 жасында келген екен. Соған қарамастан, әлем чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы және әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып үлгерген.
– Жастайымнан спортқа өте жақын болдым. Бірақ ешқандай спортпен кәсіби айналыспадым. Дегенмен спортқа ептілігімнен шығар, бала кезімнен атқа мініп, садақ атуға құмар болдым. Сөйтіп, 2014 жылдан бастап жамбы ату спортымен айналыса бастадым. Екі жыл бойы ат үстінде садақ атуды меңгеріп, 2016 жылы халықаралық жарыстарда мергендігімді сынадым. Себебі осы жылы жамбы ату ресми спорт ретінде бекітілді. Сөйтіп, әлем чемпионаттарына баруға да жол ашылды. Ал 2018 жылы алғаш рет Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, жеңімпаз атандым. 2019 жылы сол елде өткен әлем чемпионатында тағы да жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көріндім. Айта кетерлігі, бұл сында шәкіртім Абзал Тулыбеков те чемпион атанды. Құрама жігіттері бәсі жоғары бәсекеде өз мықтылықтарын дәлелдеп, бас-аяғы 17 медаль жеңіп алды, – дейді Е.Бадашев.
Жамбы атудан екі дүркін әлем чемпионы Елдос Бадашев бүгінгі таңда Меркі ауданында 10-ға жуық спортшыларды тәрбиелеуде. Олардың араларында осалы жоқ. Үміт артып отырған жас шәкірттері әлем, Азия чемпионаттарында топ жарған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының чемпионаттарында да мергендіктерімен танылып, өзгелерден оқ бойы озып жүр. Қызығы сол, чемпиондар Елдос Бадашевтің ауласында жаттығып жүр екен. Сондықтан Е.Бадашев алдағы уақытта Меркіден жамбы спортымен айналысушыларға арналған спорттық база салынғанын қалайды.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.