«Жамбыл – адалдық алаңы» алты айда ауқымды тірлік атқарды

0 1

Аntikor орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жанынан құрылған «Жамбыл — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмысы қорытындыланды. Брифингке «Жамбыл — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы, ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев және арнайы мониторингтік топ мүшесі Бауыржан Мурбеков қатысты.

Жалпы Агенттік және облыс әкімдігімен бірлесіп құрылған «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы өткен жылы нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Себебі қоғам тарапынан оң пікір қалыптасып отыр. Осы орайда ағымдағы жылы өңірдің 10 ауданының барлығында «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері құрылып, өз жұмысын жүзеге асыруда. Басты мақсат – жоба кеңселерінің жұмысын ауылдық деңгейге жеткізу.
Тұрғындарға сапалы және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету мақсатында Тараз қаласында жер және сәулет саласындағы бөлімдерін біріктіріп, «Сервистік әкімдік» ашылды. Сонымен қатар Меркі, Талас, Сарысу, Шу, Мойынқұм аудандары «Сервистік әкімдік» форматына көшті. Қалған 5 ауданда «Сервистік әкімдік» ашу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Ал облыс пен Тараз қаласының әкімдігі «Ашық әкімдік» принципімен жұмыс жасауды бастады.
Тұрғындарда оңтайлы моральдық қасиеттерді нығайтуға, сонымен қатар ішкі парасаттылықты және адалдықты тәрбиелеу мақсатында Тараз қаласында орналасқан «SMALL» гипермаркетінде «Адалдық алаңы» аясында тұтынушылардың өзіне-өзі қызмет көрсететін «Адалдық кассасы» ашылса, Тараз қаласының басты көшелеріне «Жемқорылққа жол берме!», «Сенің таңдауың», «Адал білім», «Сапалы медицина», «Сапалы жол», «Таза қала» атты муралдар салынды.
«Сапалы жол» жобасына келсек, жыл басынан бері 27 қоғамдық мониторинг жүргізіп, оның негізінде жол сапасының бұзылуына қатысты 47 кемшілік анықталған. 40 факті бойынша жол жабындылары қалпына келтірілсе, 7 дерек бойынша тиісті жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 15 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 200 мың теңгеден аса айыппұл салынды.
Тұрғын-үй саласындағы мониторинг жұмыстары да өз жемісін беруде.
Атап айтсақ 2019 жылы жөндеуден өткен 13 үйдің сапасы зерделеуден өтіп, ондағы 3 үй бойынша мердігер компаниялардың 7,4 миллион теңгеге толық атқарылмаған жұмыстарының актілері тұрғындардың білместігінен қабылданғаны белгілі болды.
«Жамбыл – адалдық алаңы» менеджерлері облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел топ құрамына енгізіліп, күнделікті Тараз қаласында орналасқан дәріханаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Қазіргі таңда 58 дәріхана және 6 дәрілік қойма мен аурухана қызметі зерделенген. Нәтижесінде бағалардың қымбаттауы мен дәрілік заттарды заңсыз сатудың 20 фактісі анықталған. Оның ішінде дәрілік заттарды сату ережелерін бұзғаны үшін 4 әкімшілік хаттама толтырылып, 388 мың 920 теңге көлемінде айыппұл салынып отыр. Ал мемлекеттік тізілімде тіркелмеген дәрілік заттардың сату дерегі бойынша 4 әкімшілік хаттама сотқа жолданды.
Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылдың желтоқсан айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жанынан облыстық ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылды. Ақпараттық үгіт-насихат штабының негізгі мақсаты – облыс тұрғындары арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша кең ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Штаб құрамына облыстың зиялы қауым өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері, облыстық газеттердің бас редакторлары, өңірлік және қалалық мәслихат депутаттары кіргізілген. Ондағы мүшелердің жалпы саны 30 адамды құрайды. Бүгінге дейін штабпен 50-ден астам іс шара өткізіліп, 5000 мыңнан астам адам қамтылды. Ал әлемдік пандемия кезінде іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылып, бүгінгі күнге дейін 12 бейнеүндеу және 24 тікелей эфир ұйымдастырылды.
Ал ағымдағы жылдың 1 тоқсанында арнайы мониторингтік топтың 4 отырысы өткізіліп, 14 сұрақ қаралған. Отырыстардың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға 23 ұсыныс жолданды.
Брифингте спикерлер де атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Және бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жүйелі жалғасын табатындығын айтты.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.