Жамбыл ауданында 300 жаңа жұмыс орны ашылады

0 35

Облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының географиялық орналасуы инвесторлар тарту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуеті жоғары. Өңірде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында субсидияланған несие, инфрақұрылымды жақсарту, индустриалды даму картасына енгізу арқылы жер телімдерін беру және басқа да жеңілдіктер кәсіпкерлерге жаппай ұсынылуда.

Жамбыл ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиевтің мәліметіне сүйенсек, ауданда 4 500-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бүгінде оларда 7 100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, соңғы үш жылда ауданға 78 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның ішінде 28,9 миллиард теңге өткен жылдың еншісінде болса, жылдың қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпкерлер 34,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген.
Ағымдағы жылға жүктелген меже 30 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл бағытта ауданда инвестициялық жобаларды мониторингілеу және сүйемелдеу мәселелері бойынша тиісті жұмыс тобы құрылып, инвестициялар пулы анықталған. Қазіргі таңға жалпы құны 36 миллиард теңгеге 7 ірі жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жуырда Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев ауданға инвестиция тартуға ниет білдірген «Аса Агро» және «Jambyl Pharm MS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлары Төлебай Меңдіоразов пен Света Шаушенованы қабылдап, тиімді жобаларымен жан-жақты танысты. Кәсіпкер Төлебай Мырзағұлұлы 2,5 миллиард теңгеге ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысын бастағалы отырғанын жеткізді. Құрылыс жұмыстары аяқталса, тәулігіне 2 тонна 700 келі бройлер етін сатылымға шығармақ. Ал 2023 жылдары негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 10 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр екен. Бұдан бөлек 250-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Ал Света Гимранқызы 3,5 миллиард теңге көлемінде фармацевтикалық зауыт салып, 50-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ қабылдауда болған кәсіпкерлер жер берілсе және инфрақұрылым жүйелері бойынша қолдау көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге ынта білдірген азаматтарға әрқашан қолдау бар. Жобаларыңызды сала мамандарымен зерттеп қарадық. Игілігі мол жобалар болатынына көзіміз жетіп отыр. Сондықтан оларды соңына дейін жеткізуге күш салу қажет. Міндетті түрде біздің тараптан қолдау көрсетіледі,– деді кездесуді қорытындылаған Сәкен Қаланұлы.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.