Жамбыл ауданында газбен қамту көрсеткіші 90 пайыздан асырылмақ

0 22

Жамбыл ауданы әкімі мен қаржы бөлімінің басшысы шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясында аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы және өңірдің 2020 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы мәселе жан-жақты қаралды.

«Ел экономикасын көтеру – басты міндет. Бәрі халықтың қажетін өтеу үшін жасалып жатыр», – деп бастаған аудан әкімі Сәкен Арубаев өңір өткен жылы жоғары көрсеткіштерден көрінгенін айтып, ағымдағы жылғы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндамасында тілге тиек етті.

Тірнекті жобалар мен бағдарламалардың арқасында аудан тұрғындарының өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын, алты ай қорытындысы бойынша өткен жылғы озық көрсеткіштер үрдісі жалғасын тапқанын жалпақ тілмен атап өтті.

Аймақпен аттас ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да бағдарламалар мен жобалардың шарапаты еселеп тисе керек.

Жалпы өткен жылдың қыспағына қарамастан ауданның жоғары жетістіктері, халық қажетіне берілген игіліктер тұрғындарды өзінше қуанта білген. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 5,5 миллиард теңге 42 жобаның сәтті аяқталуына ықпал еткен. Аталмыш бағдарламаға енген жобалар аясында 1841 жаңа жұмыс орны ашылып, 1000-ға жуық азамат аудан әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа қабылданған.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауданда ауқымды жұмыстар жасалуда. Жоба аясында аудан орталығынан әмбебап залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрлысы аяқталған. Жобаның құны 507 миллион теңгені құрайды. Қазір 250-ге жуық аудан жастары спорттың ондаған түрімен бір мезетте айналысуына еш кедергі жоқ. Бұдан бөлек жоба аясында 5 ауылдың 8 көшесіне асфальт төселген. Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көп жұмыс атқарылған. Қаракемер ауылында ауылдық клуб салынып, аудан орталығындағы ескі жатахана «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар бер орталығы» болып қайта түлеген. Былтыр аталмыш жоба аясында 10 жоба қолға алынып, оған мемлекет қазынасынан 486 миллион 807 мың теңге бөлінсе, биыл 16 жобаға 883 млн 503 мың теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат Өрнек ауылынан өнер ордасының бой көтеруіне, 4 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге, 11 ауылішілік көшеге асфальт төселуіне ықпал етпек. Құрылыс саласында да қарқын бар. Баспанамен қамту жүйелі түрде өз жалғасын тауып келеді. Аса ауылынан 5 қабаттан тұратын 76 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС аяқтап, пайдалануға берсе, ағымдағы жылы осындай 4 үйдің құрылысына қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінбек.

Өткен жылы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Жамбыл ауылында 100 орындықты, 18 оқу сыныбы бар Жамбыл атындағы орта мектеп пайдалануға берілсе, биыл 1 млрд 400 млн теңгеге Айшабибі орта мектебіндегі үш ауысымды оқытудың алдын алу үшін 300 орындық мектеп құрылысы басталып кетті. Ал Шоқай ауылынан 817 млн теңгеге 150 орындық мектеп құрылысы басталмақ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік транзитінің күні кеше қоғам қайраткері Шәкен Ниязбековтың есімі берілген елді мекеніне бұрылар тұсында Қазақстан Республикасы Туы саябағы еңсе тіктеген.

 Бағдарлама аясында 702 млн теңгеге 12 ауылдың 61 көшесі, 1 аудандық мәндегі жол өткен жылы жөндеуден өткізілген. Аудандық бюджеттен 24 көше ретке келтірілсе, биыл 10 көшеге асфальт төселмек.

Сондай-ақ аудандағы 42 елді мекеннің 29-нда орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында өткен жылы Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Байтерек, Қаратау, Шоқай ауылына ауыз су құбыры тартылған. Осылайша, 2019 жылы ауыз сумен қамту үлесі ауданда 45,2%-ды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 69%-ға жетті. Ал ағымдағы жылы сапалы ауыз су мен қамту үлесі 71,4%-ға жетеді деп күтілуде.

Бұдан басқа 1,5 млрд. теңге Бесағаш және Түрксіб ауылын тіршілік нәрімен қамту үшін құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылып, құрылыс жұмыстары алдағы күндері басталмақ.

«Көгілдір отын» жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Ауданның 26 ауылына газ жүйесі тартылған болса, бүгінде 13 ауылға бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына 725 млн теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауылішілік газ тарту жұмыстары тиянағын тапса, биыл Жұма стансасы мен Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына газ жүйесі кіргізіледі. Оған республикалық бюджеттен 655,3 млн. теңге жұмсалуда. Осылайша, ауданда 2019 жылы газбен қамту үлесі 57,1%, 2020 жылы 61,9%-ға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 90,4%-ды құрамақ.

Ал, кезекте тұрған 11 мыңнан аса тұрғынды жер телімімен қамтамассыз ету мақсатында айтулы бағдарлама аясында Шәкен Ниязбеков ауылынан жаңа тұрғын үй алқабына газ және су құбыры жүргізілді. Осы жылы электр жарығы мен тас жолы төселіп, жуық арада 115 адамға жер телімі берілмек. Қосымша 1882 отбасына Айшабибі, Бірлесу-Еңбек, Бектөбе, Қызылқайнар, Аса, Тастөбе ауылдарынан жер телімін үлестіріледі. «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «ПУИИД-2» және «Европалық даму банкі» арқылы 11 млрд. теңгеге 553 шақырымды құрайтын 96 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы каналдар 14556 гектарға су жеткізбек. Бүгінде бұл игіліктің басым көпшілігі тиянағын тауып, шаруалар суды кезектілікпен пайдалануда.

Аудан әкімінің есебіне депутаттар қанағаттандырарлық баға берді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша хабарлама жасаған аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Маржан Байгелді сан-салаға жұмсалған қаражаттардың жұмсалуы мен үнемделуі туралы баяндамасын көпшілік назарына ұсынды.

Аудандық мәслихаттың сессиясында қаралған мәселе бойынша тиісті шешім қабылданды.

Сессияға тиісті округ әкімдері мен аудандық мәслихат депуттары онлайн режимі арқылы қатысып отырды.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.