Мәдениет

«Жамбыл баспасөзі: кеше, бүгін»

Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде 65 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Олардың қай-қайсысы болмасын Ұлы даланың ұлағатты тарихынан сыр шертеді. Міне, жуырда құнды дүниелердің қатары тағы да толыға түсті. Музей басшылығының бастамасымен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арналған «Жамбыл баспасөзі: кеше, бүгін» атты экспозиция жасақталып, өткен аптада салтанатты түрде ашылды. Онда облыстық «AQ JOL», «Знамя труда» және «АРАЙ» газеттері мен «Jambyl» телеарнасының құрылу, қалыптасу, даму кезеңдерін қамтитын құжаттар, фотосуреттер, жұмыс барысында қолданылған фотоаппараттар, бейнекамералар, диктофондар, теру машиналары қойылды.

Баспасөз бұрышының ашылу салтанатында музей директоры Гүлнұр Ембердиева:
– Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп атап көрсеткендей, бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жеткізуші алтын көпір. Қоғамда елеулі орны бар баспасөздің өткені мен бүгіні келер ұрпақ үшін де құнды дерек болары сөзсіз. Енді облыстық музейге келушілер назарына жергілікті БАҚ туралы толыққанды мағлұматтарды осы бұрыштан ұсына аламыз, – деді. Сонымен қатар ол экспозицияның алдағы уақытта толықтырыла түсетіндігін жеткізді.

Салтанатты сәтте музейдің халыққа көрсетіп отырған қызметі мен құнды жәдігерлерді қайта жаңғырту бағытындағы жұмыстарын жұртшылыққа насихаттап жүрген газеттер мен телеарналардың ұжымдарына алғысын білдірген Гүлнұр Бақытқызы арнайы Алғыс хат табыстап, кәдесый тарту етті. Олардың қатарында облыстық «АРАЙ» газетінің де орны бөлек. Жастар басылымында «Көненің көзі, тарихтың өзі» тақырыбымен тұтас бір бетті қамтитын мақала жарық көргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Жамбыл облысының жауһар жәдігерлерін жұртшылыққа кеңінен таныстыруға бағытталған мақалалар топтамасы алдағы уақыттарда да тұрақты жарияланатын болады.

Экспозицияның ашылуы жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Журналист-гид» акциясымен жалғасты. Көне жәдігерлермен танысуға келгендерге «Қазақ хандығы және қоныстанушылар» залын облыстық «AQ JOL» газетінің тілшісі Мұратхан Әлімхан таныстырса, этнография залындағы экспонаттар туралы «77 TV» телеарнасының тілшісі Келбет Шәмші әңгімеледі. Ал, әріптесіміз, облыстық «АРАЙ» газетінің тілшісі Қамар Қарасаеваға Ұлы Отан соғысына арналған залда экскурсия жүргізу бұйырды. Мұнда халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының батылдығы мен батырлығы, Отан үшін отқа түскен баһадүрлердің ерен ерліктері кеңінен айтылды. Экскурсия барысында Қордай ауданынан келген №39 Үлкен Сұлутөр орта мектебінің мұғалімі Айман Кебекбаева өзі зерттеу жүргізген майдангер Николай Белашовтың өміріне қатысты тың деректермен бөлісті.

Аталмыш акцияға қатысқан «Балалық шақ» газетінің бас редакторы, дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Гүлнар Есмаханова қобызшы туралы мол мағлұматтар берді.
Қызықты өткен акция қорытындысында музей директоры Г.Ембердиева бір сәтке экскурсовод қызметін атқарған журналистерді арнайы дипломмен марапаттады.

«АРАЙ»-ақпарат

ПІКІР