Қоғам

Жамбыл медицинасы жыл өткен сайын жаңғыра түсуде

Written by Aray2005

Медицина саласы қоғам өміріндегі ең маңызды құрылым саналады. Сондықтан да бұл бағытқа жылда мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы да, қолдау да аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында коронавирус пандемиясының бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін ауыр сынақ болғанын атап өтіп, бұл сыннан сүрінбей өтудің жолдарын көрсетті. Қазақстанда медицинаның жекелеген салалары бойынша кәсіби мамандардың тапшылығын тілге тиек етіп, олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Сондай-ақ бұған еңбекақының аздығы, дәрігер маманның қоғамда беделді болмауы, олардың құқының қорғалмауы себеп болып отырғанын айтып, денсаулық саласына қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Олардың ішіндегі бастысы — медицина мамандарының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру. Дәрігерлердің айлығы 2023 жылға дейін орташа жалақыдан екі жарым есеге өсуі керек. Сонымен қатар алдағы 5 жылда медициналық мекемелер қажетті техникамен 100 пайыз қамтылатын болады.

Осы орайда бүгінгі күнге дейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылды.
Соңғы 3 жылда материалдық-техникалық жабдықтауға жергілікті бюджеттен 7 миллиард 133 миллион тенге бөлініп, 1987 бірлік медициналық құрал жабдық алынды. Медициналық техниканы басқару жүйесінің анықтамасына сәйкес жабдықталу 74,74 пайызды құрады.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңес хаттамасының 7.2-тармағына сəйкес, аудандық ауруханаларды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға республикалық бюджет есебінен Дүниежүзілік даму банкі арқылы аудандық орталық ауруханалар үшін 9 бейнеэндоскопиялық кешен, 10 өкпені жасанды желдету аппараты, 9 ультрадыбыстық диагностикалық медициналық жүйе сатып алу жоспарлануда.
Жалпы сипаттағы трансферттерге қажеттілік бойынша материалдық-техникалық жабдықтауға биыл жергілікті бюджет есебінен бөлінген 737 миллион теңгеге 10 аудандық орталық аурухана және 2 қалалық емхана үшін 260 бірлік медициналық құрал-жабдыққа өтінім қалыптастырылып, тендерлік ресімдер жүргізілді. Қазіргі таңда сатып алынған медициналық құрал жабдықтар медициналық ұйымдарға жеткізілуде.
Жарақтандыру көрсеткішін 100 пайызға жеткізу мақсатында орталықтандырылған ағымдағы трансферттер бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне 2020-2022 жылдарға қосымша 8 миллиард 396 миллион теңгеге 685 бірлік құрал-жабдық және жергілікті бюджетке 5 миллиард 447 миллион теңгеге 889 бірлік құрал-жабдыққа өтінім ұсынылды.
2020 жылы лизинг арқылы 1 миллиард 874 миллион теңгеге 42 бірлік жедел жәрдем автокөлігін сатып алу көзделуде. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 7 автокөлік сатып алу үшін 122 миллион 156 мың теңге қаражат бөлініп конкурс өткізілуде.
Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Шу қалалық ауруханасын компьютерлік томограф және Тараз қалалық көпбейінді ауруханасын ангиограф аппаратымен жабдықтау жоспарланды. Аталған жобалардың құны 1 миллиард 236 миллион 862 мың теңгеге бағаланып отыр. Бүгінгі күнге ангиограф жеткізуге «OPTONIC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен, ал компьютерлік томограф жеткізуге «DEMEU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 2020-2024 жылдарға келісімшарт жасалды. Одан басқа Меркі аудандық орталық ауруханасы мен Талас аудандық орталық ауруханасы базасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы компьютерлік томография кабинетін ашу жоспарланып отыр.
2018-2021 жылдар аралығында онкологиялық көмекті жақсарту бағытында 200 төсекке арналған онкологиялық диспансердің құрылысы басталып кетті. Жоба құны 13,2 миллиард теңгені құрайды .
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыстық көпбейінді аурухана құрылысын салу бекітілген.
Сондай-ақ 2023-2025 жылдары Қордай ауданында 270 төсекті орталық аудандық аурухана мен емхана құрылысы және Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында 250 келушіге арналған емхана құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Жұмыспен қамтудың жол картасына сәйкес денсаулық сақтау саласында 14 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында жүзеге асырылып отырған жобалардың жалпы құны 988 миллион 500 мың теңгеге тең. Мұнда 348 жұмыс орнын құру көзделген. Ондағы 178 орынға жұмысшылар жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынады.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында дәрігерлердің айлығын кезең-кезеңмен 2020 жылы 30 пайыз, 2021 жылы 10 пайыз, 2023 жылы 25 пайызға көтеру жоспарланған. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылға дейін дәрігердің айлығын экономикадағы жалақыдан 2,5 есе көтеру белгіленген. Яғни 2023 жылы жалақы 40 пайызға көтеріледі.
Әлемді дүр сілкіндерген індеттен де құтылатын күн туар. Ол үшін әрине, аянбай еңбек етіп, алға қойған асқаралы істер мен міндеттерге жету жолында шаршамай, үлкен сеніммен алға қадам жасағанымыз жөн.

Марат Жұманқұлов,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының басшысы

ПІКІР