Рухани жаңғыру

ЖАМБЫЛ – МЕНІҢ ЖАЙ АТЫМ, ХАЛЫҚ – МЕНІҢ ШЫН АТЫМ!

28 ақпан – жыр алыбы атанған Жамбыл бабамыздың туған күні. «Ақындықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ер бірлігін сақтаған татулықты айт» деп кестелі сөзден өлең өрнектеген өз заманының жарқын жыршысы Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 172 жыл толып отыр. Осыған орай, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Жамбыл — менің жай атым, халық -менің шын атым!» тақырыбында республикалық ақындар айтысы өтті.

Сейсенбі күні ақындар аламаны басталмас бұрын Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» орталығында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өз сөзінде ақын шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау, сол арқылы елге, жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатындағы айтыс енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетінін жеткізді. Жиын барысында өзге де бірқатар аға буын өкілдері сөз алып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Ал, өз кезегінде айтыскер ақындар ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп жатқан облыс әкімдігіне алғыстарын білдіріп, келелі әңгіме өрбітті.

Ал, кеше ақындар алдымен Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті. Мұнан кейін қара өлеңнің жілігін шағып, майын ішіп жүрген, атақтарынан ат үркетін кіл жүйріктердің келетінін естіген жұртшылық «Баласағұн» орталық концерт залын бетке алды. Айту керек, бұл күні кең залда ине шаншар орын болған жоқ. Ұлттық өнерге құрмет осындай болса керек.
Республикалық айтысты құттықтау сөзбен ашқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев бүгінгі таңда ұлттық өнерімізді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанына тоқталып, айтыскерлерге шалқар шабыт тіледі.

Жалпы, айтыста Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Аспанбек Шұғатаев, Қайнар Алагөз, Біржан Байтуов, Мақсат Ақанов, Мейірхан Сұлтанхан, Болатбек Оразбаев, Ботагөз Мұхитдинова, Олжас Отар сынды елімізге белгілі республикалық және халықаралық айтыстардың жүлдегерлерімен қатар, Айтмұханбет Исақов, Қанат Мырзахан, Нұрлыбек Құрманов, Аруна Керімбек, Рай Дөңбай және Дархан Әбдіманат сынды жерлестеріміз жыр додасына түсті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізген сайыста айтыскерлер аянып қалған жоқ. Қыз бен жігіт, жезде мен балдыз, жеңге мен қайны, ұстаз бен шәкірт, құрдастар арасындағы астарлы әзіл, тапқыр тармақтарды түйдек-түйдегімен төккен ақындар айтыстың ажарын аша түсті.

Сонымен, алғашқы болып сахнаға Болатбек Оразбаев пен Аспанбек Шұғатаев көтерілді. Жалындаған жас ақындар айтысы жиылған жұртшылықты өздерінің ұтқыр сөздерімен тамсантты. Алғашқы жұп бүгінде көпшілікті алаңдатып отырған елдік мәселелерді көтеріп, әдемі айтыс үлгісін көрсетті. Екінші болып сахнаға көтерілген Рүстем Қайыртайұлы мен жерлесіміз Дархан Әбдіманаттың сөз тартыстары да тартымды шықты. Қос ақын да шырайлы шумақтарымен халықтың көңілін тәтті бір сезімге бөледі. Дегенмен, Рүстем ақын ұтқыр шумақтары мен өткір ойларының өрнегімен қарсыласынан оқ бойы озық тұрды. Ал, үшінші жұп — Біржан Байтуов пен Нұрлыбек Құрманов жезде мен қайнының айтысын жасап, жырсүйер қауымды бір желпінтіп тастады.

Жалпы, бұл күні ақындарымыз жүйріктей жұлқынып, жыр нөсерін төккенде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін сүйсінді. Ел, жер, тіл, қоғам, дін жайында айтқан жыр шумақтары тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Арасында бірін-бірі қағытқан әзіл өлеңдер көпшілікті күлкіге қарық қылды. Сондай-ақ, әрбір жұп Жамбыл Жабаевтың өнегелі өмірі мен жалынды жырларын арқау етіп, ақын есімінің халқымен бірге мәңгі жасай беретіндігін әйгіледі.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сахна төріне көтеріліп, өзінің жылы лебізін білдірді. Асқар Исабекұлы енді жыл сайын Жамбыл Жабаевтың туған күні қарсаңында республикалық айтыс өткізу дәстүрге айналатынын, бұл орайда әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов төрағалық еткен, құрамында әнші-сазгер, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын Шырын Мамасерікова, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, журналист Берік Уәли бар қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлде ойнақы орам, суырыпсалма өнерімен айтысты думанды кешке айналдырған Рүстем Қайыртайұлына берілді. Жүлде қоры 1 миллион 500 мың теңге. Ал, қазақы қара сөздің құнарына қанып өскендігі қарапайым шумақтарынан-ақ көрінген Болатбек Оразбаев бірінші орынға лайық деп танылып, Алтынбек Қоразбаев 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Жастығына қарамастан, төрт аяғын тең басқан жорға жырдың иесі екендігін дәлелдеп, көркем сөз, кестелі ой айта білген жерлесіміз Аруна Керімбек жүлделі екінші орынды еншіледі. Жүлде қоры – 700 мың теңге. Ал, қызылордалық белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов үшінші орыннан көрініп, 500 мың теңге сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ, Мақсат Ақанов, Мейірхан Сұлтанхан, Рай Дөңбай ынталандыру сыйлығына ие болса, Аспанбек Шұғатаев «Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылықты насихаттау және қолдау» қорының атынан тағайындалған 1 мың АҚШ долллары көлеміндегі арнайы жүлдеге ие болды.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР