Жамбыл – мұра мәңгілік

0 20

Өмір – осы…
Айтыс, тартыс, жұлыстар,
Уақыт көші жылжи берер, жылыстар.
Залым заман жақсыларын тұқыртса,
Адамдықтың туын биік кім ұстар!?

Ғасырлардың ғазалдары – шер-мұңым,
Дәуірлерді дүбірлеткен өр үнім.
Жамбыл туған ақпандағы ақшұнақ,
Күресінде тоң қатпаған сөз гүлім.

Қас қылғандай ар-намыстан өлгенім,
Ерке гүлім ессіз құлап сүйгенім.
Бұрым қыздың әдемісі-ай бұрымы,
Қолым жетпей қапияда күйгенім.

Ұмыта алмас ақынның бұл – наласы,
Жүректегі жазылмайтын жарасы.
Пешененің соры қандай зор болса,
Пендесінің бар ма айла, шарасы?..

Жамбыл – жастық тебірентер күй бөлек,
Дәуір – ділсіз, заман – зілді үргедек.
Қоғам – надан, қиянатшыл, қатыгез,
Еркіңе қас – ескілігің күштемек.

Түсінбен еш,
Келмейді де түсінгім,
Жалғандықтан күйіп, жанып бүлінгім.
Дастан-атам жер жүзіне даңқы әйгі,
Өлең үшін жүз жасаған бір үлгім.

Бұл не өзі, шықпас еді сөз жайдан,
Жамбыл деген кім дейді ме, ол қайдан?..
Кеңестерді жырлап өткен ақын деп,
Базыналар басынады зіл батпан.

Бұл қайткені бағамдамай барымды,
Жазу керек жазғаннан соң нанымды.
Жамбыл жырау – Алатауы өлеңнің,
Қараулықтар қажыта алмас қарымды.

Айтыстағы жарқылдаған алмасым,
Сүйінбайдан жалғап өнер жалғасын.
«Шырқаушының боларсың деп нақ өзі»,
Бөлтірік те берген жоқ па батасын?!

Аманаттың арқалаған нар жүгін,
Екі ғасыр тартты заман зар-мұңын.
Жыр алыбы – Жамбыл-мұра мәңгілік,
Алатаудай биік тұрған дәл бүгін.

Бітпесін де Жамбыл жайлы өлеңдер,
Жәкем айтқан ұмытпайды өлеңді ел.
Жырау-ғұмыр жалғасады ұрпаққа,
Атар таңым, шығар күнге сенем мен.

Өлең – мұра!
Замананы толғайтын,
Жамбыл жолы –
Дәуірлерді жалғайтын.
Мәңгілік ел татулығы, бірлігі –
Ұлы мұрат!
Күн түбіне самғайтын.

 

Арман НАДИРБАЕВ,
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназия мұғалімі,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.