БАСТЫ БЕТ

Жамбыл облысы – экономикалық мүмкіндігі мол өңір

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ Президент Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың үйінде болып, «Арай Плаза» бизнес орталығында жамбылдық жұртшылықпен жүздесті.

Өндіріс көлемі жыл санап өсіп келеді

Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдегі іссапарын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайт­қыштар» зауытының тынысымен танысудан бастады. ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шең­берін­де жүзеге асырылған өндіріс орны ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш өндірумен айна­лы­са­ды. Президентке қысқа мерзімде жылдық қуаты 300 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын технологиялық жүйенің жұмысы туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар өндіріс орнында жергілікті шикізаттың пайдаланылатыны, Қаратау қаласының фосфат шикізаттары өңделетіні жөнінде баяндалды.
«Казфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров 2016 жылы зауытты қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бері зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндіргенін айтты. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы өндірілген. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей елдеріне экспортталған. Бүгінде ірі кәсіпорында барлығы 1 мыңнан аса адам жұмыс жасайды.
– Бұл – химия өнеркәсібіндегі, соның ішінде сары фосфор өндіруге маманданған халықаралық деңгейдегі жетекші кәсіпорын. Халықаралық нарықтарға өз тауарларыңызбен шығуға осы артықшылықтарыңыз септігін тигізеді. Бәсекелестікке қабілеттілікті одан әрі арттыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынды аралау барысында.
Айта кетейік, еліміз бойынша Жамбыл өңірі химия саласының ең бір дамыған аймағы саналады. Өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор. Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі уақытта аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.

«Шахристан» кешені көптің көзайымына айналады

Келесі кезекте Мемлекет басшысы Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездесті. Батырдың үйіне ат басын бұрған Президентке ерлікпен қаза тапқан ердің фотосуреттері, медальдары мен жеке заттары көрсетілді. Қаһарманның жұбайы және ұлдарымен тілдесу барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Ғазиз Байтасов өте жауапты әрі қиын сәтте өз ісіне адал болғанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын айтты.
Облыстағы жұмыс сапары барысында Президент «Көне-Тараз» археологиялық сая­ба­ғын да аралап көрді. Онда Мемлекет бас­шы­сына «Көне Тараз» тарихи-археологиялық сая­ба­ғы­ның аумағында жүргізілген археоло­гия­лық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар таныстырылды.
Аталған орталықта 20 гектар алқапта шолу мұнарасы, Достық үйі мен конгресс-холы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» саябағы, қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар қойылған музей нысаны орналасқан. Табылған көне заттардың бәрі нақышына келтіріліп салынған ою-өрнекке бай және қолдан жасалған. Мәселен, алтын және күміс тиындар, қыш ыдыс-аяқтар, қыш құбыр жүйелері мен өзге ортағасырлық жәдігерлерді атауға болады. Бұл дүниелердің құндылығы мен тарихи байлығына отандық мамандар ғана емес, көрші ресейлік сарапшылар да жоғары баға беруде.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы Қазақ хандығының 550-жылдығына орай ашылып, қаланың маңызды орындарының біріне айналып отыр. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары көне шаһардың өткенімен таныса алады.
Айта кету керек, аталған орталыққа өткен жылы 145 мыңнан астам турист келген. Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 16 мың адам ат басын тіреп, тарихи жәдігерлермен танысқан.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа таяу «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде бой көтеретін нысандардың эскиздерімен де танысты. Шахристан кешені аумағында алдағы уақытта көркемсурет галереясы, өлкетану музейі, көрме және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы, амфитеатр және көлемді сағат стеласы сияқты бірнеше нысандар бой көтермек. Олардың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырынан басталып кеткен.
Кешен құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілгенде тараздықтар үшін тамаша тарту болғалы тұр. Онда бас сұққан адам бейне бір көне қалашықтардың біріне тап болғандай таңғажайып күй кешеді деп күтілуде. Демек, Тараз тұрғындары мен қала қонақтары енді ортағасырлық сәулет үлгісін көргісі келсе, Самарқанд асып, Бұқараға бармай-ақ, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне ат басын бұрса да жеткілікті болмақ. Неге десеңіз, аталмыш кешенде бой көтеретін барлық ғимараттар мен нысандардың қасбеттері бірыңғай тарихи нақышта әрленбек. Бағаналардың бой көтеріп, қабырғалардың қалануы да тарихи шаһардың көне келбетін айшықтап тұруға, ортағасырлық сәулет үлгісінің болмысын сезіндіруге бағытталуда. Ол үшін салынатын жобалардың құрылысына «Самарқанд» технологиясындағы арнайы қыш кірпіштер қолданылмақ. Бүгінде мұндай кірпіштерді өндіру еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл облысында қолға алынған.
– Көне Тараздың тарихы әлі де зерттеле береді. Бұл жұмыстарға тұрақты қолдау көрсетіледі. Аталмыш салада халықаралық деңгейдегі мамандар көп. Бізге университеттерде туризм бизнесі бойынша мамандар әзірлеуді қолға алу керек, – деді жобалармен жіті танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Нақты міндет, айқын меже

Мемлекет басшысы облыстағы іссапарын «Arai Plaza» бизнес орталығында түйіндеді. Мұнда зиялы қауым өкілдері, басқарма басшылары мен аудан әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастармен жүздескен Президент Жамбыл облысындағы бірқатар түйіні тарқамаған түйткілдер мен алда тұрған мақсатты жұмыстар жайында баян етті.

– Ардақты ағайын!
Тараз қаласында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл өңірге құрметім зор. Ыстық ықыластарыңызға рақмет!
Сан ғасырдың куәгері – көне Тараз бүгінде құтты мекенге айналды. Ұлттық тарихтың жауһарына айналған шаһардың мәні мен маңызын ұмытпау біз үшін парыз. Хандықтың қазығы қағылған Әулиеата өңірінде ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Шу мен Талас аймағы, шын мәнінде, бабалар ізін сақтап, ел қуатын арттыруға зор үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Сондықтан елдің жағдайымен танысып, халықтың тұрмысын өз көзіммен көру үшін Жамбыл облысына арнайы келіп отырмын.
Облыстың қазіргі тынысы қандай, халықтың көңіл күйі қалай деген мәселелер мен үшін өте маңызды. Жалпы, өңірде бірқатар оң жұмыстар атқарылған. Соңғы жылдарда Жамбыл облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсы, айтарлықтай өсім бар. Облыстың әлеуеті мол. Оны бәріңіз білесіздер. Сондықтан әділетті және әлеуметтік мемлекет құру ісін біз одан әрі жалғастыруымыз керек. Ендігі міндет – барымызды сақтап, еңбек ету, жаңа белестерге ұмтылу. Еліміздің әрбір тұрғыны осы маңызды іске атсалысады деп сенемін.
Қадірлі қауым!
Президент ретінде халық алдында ант беріп, қызметіме кіріскен сәттен бастап өңірлерді аралап жүрмін. «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстанның арқауы» деген ұстанымды басшылыққа алып, барлық облыс дамудың, өрлеудің жолымен жүруі тиіс. Бұл –
біз үшін негізгі басымдық! Жоғарыда айтып өттім, Жамбыл облысы – экономикалық мүмкіндіктері мол өңір. Алайда біздің алдымызда түйіні тарқалмаған бірқатар мәселе тұр.

БІРІНШІ МӘСЕЛЕ
Өңірдің әлеуметтік дамуы және тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі. Аймақтың өнеркәсіптік және аграрлық мүмкіндіктері зор. Дегенмен аймақ республикалық бюджетке айтарлықтай тәуелді болып отыр. Облыстағы орташа жалақының мөлшері – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі – 112 (жүз он екі) мың теңге.
1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі. Жамбыл облысының кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Азаматтардың табысы лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты. Қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші тұрғын өзін-өзі қамтыған. Олардың табысы жоғары деп айту қиын.
Президент ретінде барлық деңгейдегі әкімдерге ескертемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Жақында өткен Ұлттық инвесторлардың кеңесінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 35-40 пайызға жеткізуді тапсырдым. Бұл мақсатты орындауға әр аймақ үлесін қосуы керек.
Жамбыл өңірі үшін маңызды мәселелер. Мемлекет «қарапайым заттар экономикасын» несиелеуге 600 миллиард теңге бөлді. Бұл Елбасының бастамасы болатын. Сондай-ақ экспортты қолдауға 500 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы экспортерлерге жеңілдіктермен несие беруге, экспорттық тасымалдарды сақтандыруға және өзге де шараларға жұмсалады.
Мен жуырда өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінде Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырмалар бердім. Оның қатарында орта және шағын кәсіпкерліктің әлеуетін арттыруға, олардың мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысуына жол ашу керек. Олардың көлемі – 14 триллион теңге.
Менің тапсырмаммен Үкімет Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жасауда. Жаңа кәсіпорындарға 3-5 жыл аралығында инвестициялық салық несиелері беріледі. Бұл кәсіпорындардың нарықтағы орнын бекемдеп, өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартады. Сондықтан облыс әкімдері жергілікті компаниялардың осы жобаға белсенді қатысуына жағдай жасау керек. Мемлекет қаржы беріп отыр, енді кәсіпкерлердің белсенділігі керек. Жергілікті әкімдіктер жер телімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге инфрақұрылымдар жеткізіп, әкімшілік кедергілерді болдырмау үшін жұмыс істеуі қажет.
Әкімдер және кәсіпкерлермен ортақ талқылаған тағы бір мәселе – ол құрылыс жұмыстарының ұзақ жүруі, әсіресе бюджеттік жобалардың созылуы. Сондықтан менің тапсырмама орай әлеуметтік, тұрғын үй, транспорттық нысандардың инфрақұрылымдары құрылысын жүргізуде жаңа бастамалар енгізу үшін Жамбыл облысы пилоттық облыс болып анықталды. Бұл жоба аясында бюджеттік, сатып алу, жобалық-сметалық құжаттар және өзге де құжаттар оңтайланады. Пилоттық жоба биыл бастау алады. Аталған жоба Жамбыл облысында ойдағыдай жүзеге асса, тәжірибе өзге де облыстарға таратылады.
Үкімет пен облыс әкіміне тапсырмамды жұмысында басшылыққа алуын тапсырамын.

ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ
Өнеркәсіптің зор мүмкіндіктерін толық пайдалану. Индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске басымдық беру керек. Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе химия кластеріне ірі инвесторларды тарту қажет. Облыста 2016 жылы «ЕуроХим» компаниясының жобасы бойынша фосфор өндірісінің бірінші кезеңі аяқталды.
Минералды тыңайтқыш өндірісінің екінші кезеңі Жаңатас қаласында іске асыру 2021 жылға шегеріліп отыр. Сонымен қатар 2020 жылға қарай химия кешенін газбен қамтамасыз ету үшін «ЕуроХим» жобасының екінші кезеңін мерзімімен аяқтау керек.
Бұл – химия саласындағы өте ірі инвестициялық жоба, сондықтан Үкімет пен әкімнің назарында болуы керек. Үкімет пен әкімдік қажетті инфрақұрылымдардың тартылуын бірге қамтамасыз ету керек. Инфрақұрылымдар тартылмай жоба жүзеге аспайды.
Аймақтағы «Тараз» Химия паркі» еркін экономикалық аймағы өндірістің «Даму нүктесі» болуы керек еді. Бүгінгі күнге тек бір ғана жоба жүзеге асып отыр, ендеше еркін экономикалық аймақтың инфрақұрылымына 27 миллиард теңге қалай жұмсалған?
Сондықтан Үкімет пен әкімдік аталған еркін экономикалық аймақта жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту керек. Алдымен құрылысы жоспарланған қант зауытының жұмысын ширату керек.
Жуырда Үкімет гербицидті импорттауды қорғау шараларын енгізді. Бұл аймақтар үшін отандық гербицид өнім көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

ҮШІНШІ МӘСЕЛЕ
Аграрлық секторды сапалы дамыту. Елбасы еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есе ұлғайту туралы мақсат қойды. Облыстың географиялық жағдайы жаңа нарықтарды игеруге қолайлы. Бұл – өте жақсы мүмкіндік!
Облыста қант қызылшасы мен жеміс-көкөніс дақылдарының көлемін көбейтуге мол мүмкіндік бар. Үкімет келесі жылдан бастап шетелден әкелінетін шикі құрақ қантына импорттық баж салығын салу туралы шешім қабылдады. Осыған орай, облыс әкіміне қант қызылшасы және жеміс-көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайту және өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруды тапсырамын.
Облыста ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы жолға қойылған. Сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімі 38 пайыздан 56 пайызға, ет өңдеуші кәсіпорындарда 19 пайыздан 35,2 пайызға артқан.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған бастамаға мемлекеттік қолдау көрсете отырып, басқа да өңірлерге таратуы қажет. Сондықтан облыс әкімдігі агросектордағы азаматтармен үнемі байланыста болып, қолдау көрсетуі қажет.

ТӨРТІНШІ МӘСЕЛЕ
Облыста туризм индустриясын дамыту. Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласымен байланысты. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлу керек. Өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар жеткілікті. Бес нысанға ЮНЕСКО тарапынан халықаралық мәртебе берілген (ежелгі қалашықтар: Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас).
Жамбыл жеріндегі Айша бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Үкімет туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауда. Оған ең маңызды 10 туристік нысан кіреді. Оның екеуі Алматы өңірінің тау кластері. Ал Түркістанның тарихи-мәдени туристік орталығы Жамбыл облысымен шекаралас орналасқан.
Өңірдің тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, Жамбыл облысының әкіміне, үш облыс аумағымен өтетін «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының (Алматы, Түркістан, Жамбыл) туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырамын. Аймақтың туристік қуатын арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек.

БЕСІНШІ МӘСЕЛЕ
Облыстың білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын көтеру.
Білім беру саласы:
Жамбыл облысында әлі күнге мектептерде оқушыларға орын жетіспейді. Сондықтан жаңа тұрғын үйлерді салу барысында оқушылар үшін орын тапшылығын, үш ауысымды мектеп пен апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесін ескеру керек. Жаңа ықшамаудандарда дайын инженерлік желі болуы міндет және ол халық өсімін ескере отырып салынуы қажет.
Денсаулық сақтау саласы:
Жалпы облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері қалыпты. Енді алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін халыққа жақын жерге орналастыру керек. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Сондықтан аурудың алдын алуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударған жөн.
Тағы бір маңызды мәселе. Мен Үкіметке медицина саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдым. Әкімдіктер бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс.
Нақтырақ айтсақ, медицина саласы қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, ауылға келген жас дәрігерлерді ынталандыру керек. Бұл жерде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану қажет.
Сапалы медициналық қызметтер ауыл тұрғындарына толық қолжетімді болуы маңызды. Ол үшін мобильді дәрігер тәжірибесін енгізіп, қашықтықтан медициналық қызмет көрсету саласын дамыту керек.
Қазірдің өзінде жылжымалы бекеттер құрылып, жедел медициналық жәрдем қызметіне көлік пен реанимобильдер сатып алынуда. 2022 жылға дейін бүкіл ел бойынша аталған мақсаттарға 27 миллиард теңге бөлінеді.
Мұның барлығы халық үшін жасалып жатыр!

АЛТЫНШЫ МӘСЕЛЕ
Біз әр облыстың әл-ауқатын арттыруымыз қажет. Аймақтар арасындағы алшақтықты азайту – маңызды мәселе. Сондықтан барлық облыстардың, соның ішінде Жамбыл облысының дамуына баса назар аударамыз. Былтыр облыста 480 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 4 200 отбасы қоныстой тойлады. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 465 мың шаршы метр баспана салынып, бюджет есебінен 1 497 пәтердің құрылысы аяқталуы керек. Моно және кіші қалалар – өз алдына бөлек мәселе.
Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалалардың әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытамыз. Бұл шаралар, ең алдымен, халықтың өмір сапасын арттыру үшін жасалып отыр.
Өңірлік даму мәселелерін кешенді шешу Өңірлерді дамыту бағдарламасында көрсетілетін болады. Біздің маңызды міндетіміз тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту болып табылады.
Елбасының бастамасымен іске асыруға 90 миллиард теңге қарастырылған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдарды кешенді дамытуды қамтамасыз етеді және қазіргі заман стандарттарына сай дамуына жол ашады.
Жамбыл облысының әкімдігіне перспективалы ауылдар тізімін анықтап, оларды дамыту бойынша Үкіметке ұсыныс жасау керек.
Алдымен, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға назар аудару қажет: жергілікті маңызы бар жолдар, байланыс, интернет және білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілері.
Біз – ашық азаматтық қоғам құрып жатқан елміз. Сол үшін мен Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес маңызды заң жобалары мен жалпыұлттық даму бағдарламаларына сараптама жасайды. Бұл жұмысқа аймақ өкілдері белсене араласуы керек.
Сондықтан облыс әкімдігі азаматтарды маңызды шешім қабылдауға және оны іске асыруға қатыстыруы қажет.
Әрбір әкімнің бюджетті пайдалану жауапкер­ші­лі­гіне қатаң талаптар қоямыз! 2020 жылы төртінші деңгейдегі бюджет құру жұмысын аяқтаймыз. Мемлекет­тегі әрбір елді мекеннің өз бюджеті болады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ауыл-аймақтағы мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік береді. Халық жергілікті бюджетті жоспарлау ісіне араласуы керек. Мен бұл мәселеге өз саяси платформамда айрықша назар аудардым.
Аймақтар қарқынды дамуы үшін облыстық бюджеттердің базасын ұлғайтуымыз қажет.
Сондықтан 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін ұжымдық табыс салығы орталықтан жергілікті әкімдіктерге беріледі.

ЖЕТІНШІ МӘСЕЛЕ
Облыста жемқорлыққа қарсы күрес саясатын күшейту керек. Елбасының «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасын тиімді жүзеге асырудың маңызы зор. Жемқорлықты жою барлық деңгейдегі әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші болады. Әкімдерге жеке жауапкершілік жүктеледі.
Ел экономикасының дамуы және халықтың әл-ауқаты осыған тікелей байланысты. Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Себебі бұл қоғамдық кесел ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Алайда бұл мақсатқа жету үшін тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Азаматтар қоғамдық өмірге белсене араласуы керек. Сонда ғана өзара сенім нығаяды. Жемқорлықпен күрес –
менің Президент ретінде негізгі мақсаттарымның бірі.

СЕГІЗІНШІ МӘСЕЛЕ
Облыстағы қылмыс көлемін азайту. Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған тыйым салу керек! Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім.
Сондықтан әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін.
Облыстағы келесі өткір мәселе – есірткі қылмысының ушығуы. Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда «есірткі бизнесінің» дәурені жүріп тұр.
Есірткі сататын «астыртын» жарнамалар қаптап кетті. Тіпті арнайы сайттар ашылған.
Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет! Жол бермеу керек! Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды! Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек! Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

ТОҒЫЗЫНШЫ МӘСЕЛЕ
Жастарды жан-жақты қолдау. Кез келген мемлекет келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі болған және бола береді. Биылғы Жастар жылының аясында қолға алынған тың бастамалар кейін де жалғасын табады.
Ұрпақтың лайықты білім алуы, жалақысы еңбегіне сай болуы, баспанаға қол жеткізуі, бәрі – мемлекеттің назарында. Тағы бір өзекті мәселе – жастар үшін ашық әлеуметтік лифт қалыптастыру. Ол үшін менің тапсырмам бойынша «Президенттің кадрлық резерві» жасақталады. Оған арнайы байқау арқылы ең үздік 300 жас маман іріктеледі. Әрине, жас басқарушылар легі мұнымен шектеліп қалмайды.
Білімді және елге еңбек етуге дайын, дарынды жастарды тауып, мемлекеттік қызметке араластыру керек. Қазақстанда ондай жастар жеткілікті. Тек «Болашақ» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам жас әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алып келді. Бүгінде олар еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Білімді, дарынды, еңбекқор жастарға елімізде барлық жағдай жасалғанын көрсете білуіміз керек. Әкімдіктердің жанындағы Жастар кеңесі олардың қызмет бабында өсуіне қажетті баспалдақ болуы тиіс. Біз мемлекеттік қызметте ғана емес, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт, бизнес және басқа да салаларда дарындардың дара шығуын қолдаймыз.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында жастардың бизнес бастамалары мен стартаптары қолдау табады. Жұмыс берушілердің әлі тәжірибесі жоқ жастарды қызметке алуын ынталандыратын тетіктер жасалады. Осылайша еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа жан-жақты қамқорлық жасауды жалғастыра береміз.
Президент ретінде мен үшін басты міндет – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Мемлекеттік биліктегі біздің қағидамыз: күшті, құзыретті Президент. Ықпалды, қабілетті Парламент.
Есеп беретін, кәсіби Үкімет.
Халқымызды мазалайтын стратегиялық мәселелер қоғам пікірін ескере отырып, қажет жағдайларда референдум арқылы шешімін табуы керек.
Міне, осы міндеттерді орындау үшін жұмыс істейміз!
Маңызды істерге елдің әрбір тұрғыны белсене атсалысады деп сенемін.
Бүгін Жамбыл облысына қатысты негізгі мәселелер көтерілді.
Облыс әкімі осы міндеттерге баса мән беріп, нақты шаралар қабылдау үшін Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек.
Енді өңірге арнайы келген соң сіздерді тыңдағым келеді.
Пікірлеріңізді ашық айтыңыздар. Еркін сұхбат болсын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру керек

Баяндамадан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жарыссөзге жазылған азаматтарға рет-ретімен сөз берді. Алғашқы болып мінберге Жамбыл облысы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген шақырылды.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қасиетті Әулиеата жеріне қош келдіңіз! Өзіңіз жаңа атап өткендей, Тараз жері тұнып тұрған шежіре. Сондықтан болар кезінде Елбасы «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп лайықты бағасын берген болатын. Еліміздегі ерекше оқиға – Қазақ хандығының 550 жылдығын Тараз жерінде атап өтудің өзі осы бір тәмсілді айғақтап тұрғандай. Десек те егемен елдің ертеңі мен тәуелсіздіктің тарихына тең келер ешнәрсе жоқ. Жаңа Қазақстанның қазіргі жарқыраған жетістігі елдің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың парасатты саясаты, Елбасының ерен ерлігі екені ақиқат. Өзіңіз айтқандай еліміздің өркендеуі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында, оған деген құрмет пен адалдықта деп ойлаймыз. Онсыз тұрақтылық та, даму да болмайды. Сіздің тек даму жолымен жүру деген ұстанымыңыз бәрімізді қуантады.
Құрметті Президент, кәсіподақтар еңбек адамының құқығын қорғайтын ұйым болғандықтан еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселелер бар. Айталық, еңбек қауіпсіздігінің талаптарын сақтамаудың салдарынан 2018 жылы елімізде 200-ден астам адам өз жұмыс орнында қаза болған. Біздің облыста да 48 жазатайым оқиға орын алып, 60 адам жарақаттанса, 10 адам қайтыс болды. Осының басым көпшілігі жұмыс берушінің тікелей кінәсінен болып отыр. Сол себепті біз еңбекті қорғауды басқару жүйесін заң деңгейінде енгізуді, қауіпсіз жұмыс орнын қамтамасыз етуді, жұмыс берушілерге алдын алу шараларын жасауды және еңбек талаптарын бұзған жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды қажет деп санаймыз, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға несие берілсе

Келесі кезекте сөз алған жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанова да Мемлекет басшысына өзінің ұсыныс-тілегін жеткізді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында да жұмыс істеймін деген жандар өте көп. Бірақ І және ІІ топтағы мүгедектерге несие берілмейді. Осы орайда айтқым келгені, екінші деңгейлі банктер осы топтағы мүгедектерге бір кәсіппен айналысуына, өз кәсібін ашуына қолдау танытып, қамқорлық көрсетсе, – деді А. Бексұлтанова.

Педагог мәртебесін көтеру қажет

Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Евгений Кравчук болса, Президентке өзінің өмір жолын айта келе, Елбасының педагог мәртебесін көтеру жөніндегі бастамасына дән ризалығын білдірді.
Елбасы педагог мәртебесін анықтау, заңмен бекіту туралы мәселені орынды көтеріп отыр. Бұл барша мұғалімдердің ойындағысын дөп басты. Біз де оған өз ұсынысымызды білдірдік. Біздің ұсынған ұсынысымыздың мұғалім мәртебесін анықтау туралы заңға енетіні қуантарлық жағдай. Педагог мәртебесі тек заңнан тұрмайды. Ол өзімізге де байланысты. Бала тәрбиесі ұстаздарға ғана емес, ата-аналарға да байланысты. Заң аясында ата-аналарға да жауапкершілік жүктеу керек деп санаймын, – деді ұстаз.

Қаржылай қолдаудың көлемі артса

Жамбылдық жастардың атынан сөз алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығына айрықша тоқталды.
– Елбасы 2019 жылды – «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл – Тұңғыш Президентіміздің жастарға деген үлкен қамқорлығының айқын көрінісі. Осыған сәйкес жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, тұрғын үймен қамтылуына елеулі көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ өңірімізде жыл басынан «Қамқор» қайырымдылық еріктілер жобасы қолға алынды. Жоба аясында 2 000-нан астам еріктілер 1 000-нан астам отбасына азық-түлік, киім-кешек таратты. Үй шаруашылықтарына қолдау көрсетті. Мұнан кейін де бұл шара тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені ашылды. Дәл осындай дүкендер аудандарда да ашылып жатыр. Біз Сіздің «2020 жылды еріктілер қозғалысы жылы» деп жариялау туралы ұсынысыңызды қолдаймыз. Бұл еріктілерді жаңа бір деңгейге көтереді деп ойлаймын.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өңірімізде жастар кәсіпкерлігін шыңдауға үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Жастарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Алдағы уақытта да жастарға мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау арттырылса деген ұсынысым бар, – деді Уәлихан Болатбек.

Білікті маман тәжірибе арқылы қалыптасады

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов та мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын айта келе, Президентке нақты ұсыныстарын жеткізді.
– Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» өңірімізде бірқатар мәселелердің оң шешілуіне мүмкіндік туғызды. Үндеуде көрсетілген жоғары білімнің қолжетімділігін, студенттерді жатақханамен қамту туралы Ұлт көшбасшысының алға қойған тапсырмасын Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды. Бұл мақсатта сыйымдылығы 500 адамға арналған ғимарат сатып алынып, бүгінгі таңда студенттер үйі ретінде қолданысқа беріліп отыр. Сонымен қатар қолтаңбалық және ғылыми зерттеушілік қызметті дамыту мақсатында университет жанынан аграрлық және биологиялық ғылыми-зерттеу институтын құрдық. Өңіріміздің аграрлық аймақ екенін ескере отырып, маман тапшылығын жою мақсатында университеттен қосымша агрономия-өсімдіктану және карантин ветеринариялық-санитариялық мамандықтарды ашқан болатынбыз. Биылғы жылдың қыркүйек айында ветеринария және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Өңірдің өзекті мәселелерінің бірі – Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан ірі іргелі ғылыми-зерттеу институттарының филиалдарын облыс орталығынан ашса дұрыс болар еді. Бұл өз кезегінде, біріншіден, әлі күнге дейін шетел селекционерлеріне деген тәуелді болып келе жатқан отандық өсімдік шаруашылығының дамуына серпіліс берер еді. Яғни селекционер жүйесі қалыптасады. Екіншіден, отандық өсімдіктанушылардың жер жағдайына мониторинг жасау арқылы өнімді еселеп арттыруына жол ашқан болар еді.
Құрметті Президент, алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен байланысты нығайта отырып, бүгінгі күнде аграрлық және техникалық сала бойынша бірқатар жетістіктерге де қол жеткіздік. «Шеберліктің шыңына жетсең, мамандықтың бәрі жақсы» демекші, біз қазір жастарға ерінбей еңбек етуді, талмай ізденуді, техника тілін меңгеруді үйретудеміз, – деді Е. Саурықов.

Ұтымды ұсыныстар қолдаусыз қалмайды

Жарыссөзде өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізгендерге Қасым-Жомарт Кемелұлы жеке-жеке тоқталып, барынша қолдау білдіретіндігін айтты.
– Ардақты ағайын!
Бүгін өңірдегі біраз мәселені бірге жан-жақты талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық.
Жамбыл облысы – Қазақстанның дамуында өзіндік айрықша орны бар аймақ. Басты мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі арттырып, өңір экономикасын жаңа деңгейге шығару. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр.
Осы маңызды кезеңде ел болып, халық болып, жұмыла еңбек етуіміз керек. Еліміз үшін әр азаматтың үлесі маңызды!
Арамызда облыс дамуына ерен еңбегімен үлесін қосып жүрген бірқатар білікті мамандар отыр.
Осы сәтті пайдаланып, мен оларды Алғыс хатпен марапаттағым келеді, – деген Мемлекет басшысы Мойынқұм аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жандар Айтишев, «Кнаур-гипс Тараз» ЖШС директоры Мырзабай Бекназаров, «Агроспецстрой» ЖШС бас директоры Марат Рахымбердиев, «Jasau Taraz» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Анар Бексұлтанова, облыстық «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Пейішкүл Озықбаеваларды Президенттің Алғыс хатымен марапаттады.

Әлеуеті артқан «Әулие-Ата» әуежайы

Түс ауа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әулие-Ата» әуежайына аялдап, жаңғыртудан өткен әуе айлағының тынысымен танысты. Мұнда Президентке әуежайдың бүгінгі әлеуеті мен жаңа жолаушылар тасымалдарының бағыт-бағдары баян етілді. Бүгінде 250-ге жуық қызметкері бар әуежайдың жұмысын Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары бағалап, тірлігіне табыс тіледі.
Осылайша ел Президентінің өңірге жасаған жұмыс сапары еркін форматтағы жиындар мен салмақты да салиқалы ойлар және тұшымды ұсыныстармен есте қалды.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР