Жамбыл жаңалықтары

Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен келді

Written by Aray2005

Бүгін Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен келді.
Вице-Премьер алдымен аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың шаңырағына ат басын бұрды. Атап айтар болсақ,
тараздық көп балалы ана Ұлдана Қозиева жолдасы екеуі 6 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары 2003 жылы туған, Жамбыл политехникалық колледжінің 1-курс студенті. Ал үш баласы мектеп оқушылары десек, екеуі балабақша тәрбиеленушілері. «Алтын алқа» иегері Ұлдана Берікқызы бала тәрбиесімен үйде болса, жолдасы күзетші қызметінде. Жалақысы – 43 мың теңге.
Бұл отбасының балалары мектепте ыстық тамақ және қыстық киімдермен қамтылған. Бұған дейін отбасының айлық жиынтық табысы 75919 теңгені құраса, бірінші сәуірден бастап ол 231481 теңгені құрамақ. Оған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жүйесіндегі оң өзгерістер себеп болып отыр.


Сондай-ақ, Гүлшара Наушақызы Тараздық көпбалалы ана Айнұр Науатованың және көмекке мұқтаж Зухра Каримованың шаңырақтарында болып, жағдайларымен танысты. Г. Әбдіқалықова мұқтаж жандарға қандай көмек қажет екенін біліп, тілек-ниеттері назарға алынатынын жеткізді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті 29650 отбасы алуда. Жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29650 отбасының әлеуметтік картасы түзіліп, онда барлығы 150400 адам қамтылған.
ҚР Премьер-министрі орынбасарының аймақтағы сапары халыққа қызмет көрсету орталығында жалғасты. Орталық жұмысымен жан-жақты танысқан Гүлшара Наушақызы әлеуметтік әлсіз топ өкілдерін жұмыспен қамту деңгейін назарда ұстауды тапсырды.


Айта кетерлігі, бір қабаттан тұратын халыққа қызмет көрсету орталығы 2006 жылғы 11 қарашада пайдалануға берілген. Жалпы аумағы 805,9 шаршы метрді құрайды. Барлық қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген орталық 2018 жылы 91 100 тұрқынға қызмет көрсеткен. Ал ағымдағы жылдың І тоқсанында 20 700 адам орталық арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметке жүгінген. Орталықта 89 қызметкер жұмыс жасаса, барлығы 621 қызмет түрі көрсетіледі.
Келесі кезекте Вице-Премьер Тараз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына ат басын бұрды. Орталық ғимаратының жалпы аумағы 1246,7 шаршы метрді құрайды. Мұнда өткен жылы 12375 адамға қызмет көрсетілген. Нысан барлық қажетті техникамен жабдықталған. Мекемеде 52 адам қызмет етеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың аймақтағы жұмыс сапары ертең де жалғасын табатын болады.

ПІКІР