Жамбыл жаңалықтары

Жамбыл облысында үш әмбебап спорт алаңы ашылды

Written by Aray2005

Жамбыл облысында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай үш әмбебап спорт және ойын алаңының ашылуы өтті. Жаңа нысандар Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында, Қордай ауданының Масаншы ауылында және Тараз қаласындағы Қаратау-2 шағын ауданында пайдалануға берілді.

Спорт алаңдарының жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырған.

Жаңа спорттық және ойын кешендері бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтсақ, жасанды көгалы бар 30 көрерменге арналған футбол, «workout» және балаларға арналған құм-төбешік, әткеншегі бар ойын алаңдарымен қамтылған. Алаңның периметрі бойынша қоқыс салатын орындықтар мен урналар орнатылған. Мұндай бір кешеннің аумағы 1300 шаршы метрді құрайды.

Тараздағы алаңның салтанатты ашылуына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

— Мемлекет басшысы елімізде барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуды тапсырды. Ол үшін халыққа спорттық инфрақұрылымның қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бүгінде біздің облыста спортпен белсенді айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Ағымдағы жылы спорт нысандарының инфрақұрылымын жаңарту бойынша 120 жоба жүзеге асырылуда. Балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы біз оларды жағымсыз әдеттерден сақтай аламыз.

Дені сау балалар – біздің болашағымыз! — деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кету керек, жаңа нысандарды салу орындарын Жамбыл облысының әкімдігі және «Samruk-Kazyna Trust» қорының жергілікті азаматтық қоғаммен бірлесіп анықтаған. Жамбыл облысының әкімдігі тиісті аумақты ұсынған десек, «Samruk-Kazyna Trust» қоры алаңдардың толық орнатылуын қамтамасыз еткен. Енді олардың күтіп ұсталуы мен қызметін қамтамасыз ету үшін нысандар жергілікті атқарушы органдардың балансына берілмек.

— Бұл алаңдар балаларға да, ересектерге де қол жетімді, оларға кіру тегін. Нысандар салауатты өмір салтын қолдау және балалар спортын дамыту, қалалар мен аудандардың тұрғындарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында салынды, — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Иргебаев Мирас.
Әкімдік пен жоба ұйымдастырушылары жергілікті тұрғындарды алаңдарға ұқыпты қарауға, құрылымдарды бұзбауға және аумақты қоқысқа толтырмауға шақырады.

Естеріңізге сала кетейік, әмбебап алаңдарды орнату жобасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. «Менің елім» бағдарламасының жобалары әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және өңірлердегі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жоба іске қосылған сәттен бастап бүкіл ел бойынша 130-дан астам әмбебап спорт және ойын алаңдары ашылды.

ПІКІР