Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

0 0

Биыл өңірде 2020 жылы 600-ден астам нысан салу жоспарлануда

Төтенше жағдайдың енгізілуіне қарамастан, экономиканың өмірлік маңызды салалары назардан тыс қалмауы керек. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейнеселекторлық режимде өткен жиында өңірдің құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар барысы сараланды. Нақтырақ айтсақ, жобалық-сметалық құжаттамалардың дайындалуы, құрылыс жүргізудегі ережелері мен нормалардың бұзылуына қатысты мәселелер сараланды.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, қазіргі таңда салалық ведомство желісі бойынша 112 жоба сараптама қорытындысын алған және оның 10,8 миллиард теңгені құрайтын 37-сі бюджеттік мақұлдаудан өткен. Ал, 110 жоба сараптама қорытындысын алмаған десек, олардың қатарындағы 2 жоба – 2014 жылдан, 18 жоба – 2017 жылдан, 76 жоба – 2019 жылдан өтпелі болып саналады. Арнайы жұмыс тобы қазір қалыптасқан жағдайды талдауда.

Құрылысы ұзақ жылдар бойы созылған немесе тоқтап қалған нысандар бойынша сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Елдос Ақбердиев мәлімдеді.

Бүгінде облыс бойынша ондай 46 нысан анықталған десек, оның ішінде Тараз қаласында – 35, Сарысу ауданында – 3, Талас, Қордай, Шу аудандарында – екі нысан, Жамбыл, Рысқұлов аудандарында – бір нысаннан бар. Бұл орайда бірқатар нысандардағы құрылыс жұмыстары 8-9 жылдан бері  тоқтап тұрса, ал кейбіреулері тіпті 30 жылдан асқан. Мұндай құрылыстар қалалар мен ауылдардың сәулеттік келбетін бұзып қана қоймай, сондай-ақ тұғындар үшін қауіп төндіретін нысандар қатарына жатады.

Спикердің пікірінше, аталған мәселе бойынша отандық заңнамаға тиісті толықтырулар енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл бойынша облыс әкімдігі тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиісті ұсыныстар жолданған.

Басқосуда «қызыл сызық» талаптарын елемей, құрылыс нормаларын өрескел бұзып отырған құрылыстар туралы да айтылды.

Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Досановтың айтуы бойынша өткен жылы облыс аумағында «қызыл сызық» нормаларын бұзған 35 нысан анықталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13 нысан бұзылып, бір нысанның иесіне айыппұл салынған. Басқа да 16 нысан бойынша материалдар сот органдарына берілген. Ағымдағы жылы да «қызыл сызық» ережесін бұзумен салынып жатқан нысандар қатары анықталуда. Олар өткен жылдағы көрсеткіштен де көп болып отыр. Алайда, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері бұл тұрғыда ешқандай мәселе туындап отырмағанын алға тартуда.

– Құрылыс саласындағы барлық жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажет. Жобалаудан бастап барлық жұмыстар тиісті талаптарды сақтай отырып, белгіленген мерзімде жүргізілуі тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі күні құрылыс басқармасының жұмысының әлсіздігі байқалуда. Сәулет-құрылыс бақылау қызметі, техникалық қадағалау қызметі де өз деңгейінде жұмыс атқарып отырған жоқ. Бәрі ғимараттарды тезірек салып, тапсыруға асығады. Нәтижесінде жаңа шағын аудандардан қасбеттері  тартымсыз, бір-бірінен аумайтын қорап секілді үйлерді көріп отырмыз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ төтенше жағдай кезінде де ағымдағы жылдың жоспарына енгізілген жаңа нысандардың құрылысына дайындық жүргізу қажеттігін атап өтті. Құрылыс саласында қазір 600-ден астам жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаражат бөлінген десек, оларды игерудің маңыздылығын айтпасақ та түсінікті.

– Біз төтенше жағдай кезінде туындаған көптеген экономикалық мәселелерді  құрылыс арқылы шешуге тиіспіз. Атап айтсақ, жаңа нысандарды соғу барысында бірінші кезекте жергілікті материалдарды пайдаланып, барынша жергілікті кадрларды жұмысқа тарту керек, – деді аймақ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.