Жамбыл облысында асар дәстүрі жандануда

0 0

Дұрыс бағамдай білсек, өткен күннен алатын өнеге аз емес. Ұлы дала тұрғындары ертеден-ақ кездескен қиыншылықтарды бірге еңсеріп,  бірге өткеріп отырған.  Ортақ күш біріктіріп, жауға бірге тойтарыс беріп, жақындарына көптеп-кемектесіп отырған. Өйткені, олар бірлескен істе – береке бар екенін әуел бастан-ақ түйсінген-ді. Соның бір керемет үлгісі  ретінде «Асар» игі дәстүрі қалыптасқан. Онда ауылдастары мен туыстары мұқтаждарға қол ұшын созып, үлкен істерді әп-сәтте тыңдыратын болған.

Бұл дәстүр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Жамбыл облысында да өз жалғасын тапты. Бастаманы көтерген жергілікті «Рухани Жаңғыру» жобалық офисі арнайы «Асарлатып үй салу» жобасын әзірлеп, іске қосты. Оның мақсаты – ауылдастырының бірлескен күш-жігерімен көршілеріне, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға асарлатып тұрғын үй салып беру болып табылады. Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар кеңесімен келісе отырып, адамдардың өздері шешеді. Жергілікті атқарушы органдар да игі бастамадан тыс қалмауы қажет.

Аталған іске Байзақ ауданының Мәдімар ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып кірісіп кеткен. Олар жалғыз өзі төрт баланы тәрбиелеп отырған Ғалия Құрмановаға төрт бөлмелі үй салып беруді қолға алды. Ауылдық округ әкімінің шешімімен жергілікті мектепке күрделі жөндеу жүргізу кезінде босаған жер учаскесі мен құрылысқа жарамды материалдар бөлінді. Ауыл тұрғыны Ж.Дәулетов те құрылыс материалдарымен көмектессе, қалған көршілер, әсіресе жастар үй құрылысына белсене атсалысуда. Бүгінде қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының басында тек Ғалия Құрманованы ғана емес, сонымен қатар Үлгілі және Бәйтерек ауылдарындағы тағы екі отбасы жаңа үйге қоныстанбақ.

Жалпы, Байзақ ауданының 18 ауылдық округтерінің әрқайсысында асар әдісімен мұқтаж отбасыларға арналған бір-бір үйден салынады. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев атап өткендей, ата-бабаларымыздың игі салт-дәстүрлері бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өскелең ұрпақты мейірімділік пен өзара көмекке, жергілікті халықтың қолдауын бағалай білуге үндейді.

Ал, Меркі ауданында осы жылдың соңына дейін тоғыз үй салынбақ. Мәселен, Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындары көп балалы анаға арнап тұрғын үй салуды бастады десек, бүгінде қажетті коммуникациялар жүргізілген. Ойтал ауылдық округінде қамқор жандар екінші топтағы мүгедектің отбасына үй салып беру үшін ақша жинаса, ал Т.Рысқұлов ауылында ерте жастан ата-анасыз қалған жетім бала үшін болашақ үйдің іргетасы қаланып үлгерген.

Қазір асар әдісі облыстың барлық аудандарын қамтуда. Айталық, Шу ауданындағы аз қамтамасыз етілген 17 отбасы жаңа үйге көшеді десек, ал Жамбыл ауданында тағы 10 отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.

Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін облыста халықтық құрылыс әдісін қолдана отырып барлығы 114 үй салынады.  Яғни, бұл ауылдастары мен жергілікті биліктің көмегімен көптеген отбасылар тұрғын үй жағдайын жақсартып, жаңа баспаналы болады деген сөз.

Бір сөзбен айтқанда, ата-бабаларымыздан келе жатқан бірлік пен өзара көмек дәстүрі халқымыздың ең бір ізгі істерінің бірі болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.