Жамбыл облысында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы бастау алады

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жаңа жобасының жүзеге асу барысы талқыланды. Аталған жобаның мақсаты – қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингілеу, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және шешу болып табылады.

— Қордай ауданында орын алған оқиғалар жергілікті тұрғындардың арасында бірқатар мәселелердің бар екендігін көрсетіп берді. Алдағы уақытта осындай жағдайлардың орын алмауы үшін алдын алу жұмыстарын күшейту, барлық тиісті  шараларды қабылдау керек. Жергілікті халықтың  бүгінгі тыныс-тіршілігін және оларды қандай мәселелер толғандыратынын зерделеп отыру қажет, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік мәселелер мен ауыл шаруашылығы мәселелерін, діни аспектілер мен қауіпсіздікті зерделеу секілді бағыттары бойынша  бес жұмыс тобы құрылды.

Әрбір жұмыс тобының тізімдері бекітіліп, оған тиісті ведомстволардың бірінші басшылары мен салалық мамандар енді. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға әр елді мекеннің ең ауқымды мәселелерін зерттеп, жергілікті тұрғындарды толғандырып, алаңдататын мәселелерді анықтауды тапсырды.

Айта кету керек, жұмыс тобы ең алдымен 12 наурыз күні Қордай ауданына аттанбақ. Бұл тұрғыдағы жұмыстар облыстың барлық аудандарында жалғасын табатын болады.

 Аудандардағы тиісті ахуалды зерделеу қорытындыларына  сәйкес нақты ұсыныстар әзірленбек.  Мұндағы басты мақсат -тек Жамбыл облысында ғана емес, жалпы ел бойынша алдын алу шараларын әзірлеу және қабылдау.

Leave A Reply

Your email address will not be published.