Жамбыл жаңалықтары

Жамбыл облысында қандай қызмет түрлері жұмысын қайта бастайды?

Written by Aray2005

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап Жамбыл облысында коммерциялық және әлеуметтік нысандардың жекелеген түрлерінің жұмысын қалпына келтіру жоспарланған. Алайда, бұл орайда  Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері бекіткен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау міндетті шарт болып табылады. Аталған шешімді облыстық жедел штаб қабылдаған.

Атап айтқанда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, мектепке дейінгі мекемелердің және қосымша білім беру ұйымдарының (топта 15 адамнан аспайтын), автобус және теміржол вокзалдарының, мәдени және спорт нысандарының (көрермендерсіз), саябақтар мен скверлердің, фитнес-клубтар мен spa-салондардың (монша кешендерінен тыс)  ұйымдардың қызметіне рұқсат беру жоспарлануда.

Бұл нысандардың иелері мен басшылары Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №37 Қаулысымен және жұмыс алгоритмдері белгіленген қосымшалармен танысуы керек.

Нысандар барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болған жағдайда көрсетілген нөмірлер бойынша жергілікті атқарушы органға жүгінуі немесе электронды пошта арқылы өтінім жіберуі тиіс.

Өтініш келіп түскен сәттен бастап үш күн ішінде объектіні бақылау тобы санитарлық нормаларға сәйкестігін тексеруі керек. Егер объект нормаларға сәйкес келсе, жұмысты қайта бастауға мүмкіндік беретін акт рәсімделеді.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктер мен базарлардың жұмысын қалпына келтіру мәселесі қарастырылуда. Ол туралы жедел штабтың ағымдағы жылдың 1 маусымында, дүйсенбі күні өтетін кезекті отырысында қаралады.

ПІКІР