Жамбыл жаңалықтары

Жамбыл облысындағы егістік алқабы 700 мың гектардан асады

Written by Aray2005

Облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратын аймақтың ерекшелігін ескеріп, аграрлық секторды дамытуға барынша көңіл бөлудің маңыздылығы жоғары. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуінде айрықша атап өтті.

Жоспарланған инвестициядан басқа, саланың мұқтаждықтары үшін 21 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Ағымдағы жылдың басты міндеттерінің бірі – егістік алқаптарын 705 мың гектарға, ал суармалы жер көлемін сегіз мың гектарға кеңейту.

— Егіс алқаптарын рентабельді дақылдар, майлы және бұршақты дақылдармен әртараптандыру, жергілікті қант зауыттарын барынша жұмылдыру үшін қызылша шаруашылығын дамытуға көңіл бөлу қажет, — деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі негізгі бағыттардың бірі ретінде пайдаланусыз жатқан 70 мың гектар жерді егістік ретінде айналымға енгізуді, механикаландырылған жасақтың көмегімен алқаптарды суландыру желілері мен каналдарын, бес су қоймасын ретке келтіруді, бес мың гектарға жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу керектігін жеткізді.

Бердібек Сапарбаев атап өткендей, негізгі мақсат – импортты төмендету және өңірді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет.

Осы мақсатта Жамбыл облысында іске асырылып жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы пилоттық жобаның берері мол. Ол тек Жамбыл өңірі үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де маңызды. Алғашқы қадамдар жасалып, 7886 аула несиеге қол жеткізсе, 194 ауыл шаруашылығы техникасы алынды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша келесі нәтижелерге қолжеткізу аса маңызды. Ауыл тұрғындарының орташа табысын 41,6 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін арттыру, ал 2,2 мың шаруаны өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатынан жеке кәсіпкерлер санатына ауыстыру керек.

 

 Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР