«Жамбыл Суда» неге шу көп?

0 7

Коммуналдық қызметтерге байланысты халықтың арыз-шағымын жиі естиміз. Әсіресе күн суыта бастаса көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу температурасының төмендігіне айтылар уәж көп. Ауызсу мәселесінде де түйткілдер жетерлік. Сондықтан облыс әкімі жыл басында коммуналдық мекемелерге арнайы барып, олардың жұмысы пысықталған болатын. Анықталған кемшіліктерді жою туралы нақты тапсырмалар берілгенімен «баяғы жартас – сол жартастың» кері болып тұр. Сол себепті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тиісті басқармалар мен жылу және ауызсуға жауапты коммуналдық кәсіпорындар басшыларын қайта жинауға мәжбүр болды.

– Шешілмеген мəселелер бойынша жұмысшы тобы құрылса да, тапсырмалар толығымен орындалмай отыр. Ал су мен жылуға байланысты тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар тоқтар емес, – деген өңір басшысы энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтан мəселенің жай-жапсарын сұрады. Сала басшысы алдымен «Таразэнергоорталық» АҚ-на тоқталып, ондағы ЖЭО-4 қазандығын жаңарту мен қайта құру мəселесін ортаға салды. Ол қазандықтың техникалық-экономикалық негіздемесін, жобалық-сметалық құжаттарын əзірлеу жəне мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу міндеттемесінің орындалу мерзімі 2019 жылдың ақпан айынан 2021 жылдың тамыз айына дейін екенін, ал құрылыс-монтаж жұмыстары 2021-2025 жылдарға жоспарланғанын жеткізді.
– Бүгінге дейін қазандықты жаңарту мен қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттарын əзірлеуші мекеме таңдалмаған. Сенімгерлік басқарушының өз қаражаты есебінен жобаны іске асырудың қаржыландыру моделі айқындалмаған. Тек қана жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін, жобалық-сметалық құжаттарын əзірлеу бойынша компаниялармен өзара меморандум жасаумен ғана шектелген. Шарт бойынша бұл жұмыстарды 2019 жылдың ақпан айынан бастау міндеттелген болатын. Бүгінге аталған міндеттемені орындау мерзіміне небəрі 5 ай қалып отыр, – деді Қ.Қорғанбаев.
Сондай-ақ қосымша су қыздырғыш қазан орнату арқылы АҚ-4 қазандығын кеңейту міндеттемесінің орындалу мерзімі 2021-2023 жылдары аралығына жоспарланыпты. Дегенмен бұл бойынша да іс-шаралар жоспары ұсынылмаған көрінеді. Жиында ағымдағы жылы тұтынушыларға ыстық су үздіксіз берілетіні, тек келесі жылыту маусымына дайындық жүргізу үшін тамыз айында 15 күннен аспайтын мерзімге уақытша тоқтатылатыны ескертілді. Сондай-ақ ағымдағы жылыту маусымын аяқтау мерзімі талқыланды. Бұл орайда ауа-райы болжамын ескере отырып, 15-20 сəуір аралығында Тараз қаласында жылыту маусымын аяқтау ұсынылды.
Ал денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен ауруханалар мен перинаталдық орталықтарда жылыту маусымы белгілі бір мерзімге дейін созылатын көрінеді. Облыс əкімі Бердібек Машбекұлы орталықтың жылу беру нормативі «Қазгидрометтің» мəліметіне сəйкес келуі керектігін ескертті.
– Бізде 20-30 градус аяз болып жатқан жоқ. Ондай болса қайтер едіңдер?, – деген аймақ басшысы жауапты басқармалардың да жұмысын сынға алды.
– Біздің басқармалар өрт сөндірушілер сияқты жұмыс істейді. Өрт болып жатса ғана жүгіріп барады. Қашан тұрғындардан арыз-шағым келетінін күтіп отырады, – деді.
Аппараттық кеңесте «Жамбыл су» кәсіпорны қызметін зерделеу нəтижесі де қаралды. Кəсіпорынның бекітілген тарифтік сметасында 569 штат қарастырылғанымен, бүгінгі күнге кəсіпорынның штат саны 609 бірлікті құрап, 40 қызметкер жұмысқа артық қабылданғаны анықталыпты. Бас инженермен қоса алғанда бас директордың 4 орынбасары, 10 бухгалтер, тұрғындармен қызмет ету бөлімінде орынсыз 2 бөлім, оның бөлім басшысы, сондай-ақ бақылаушы қызметкерлердің, инженерлердің, бір бөлімде бірнеше шебердің нормадан артық саны тіркелген. Осылайша бір жылда орташа есеппен 80 миллион теңгеге жуық қаражат тиімсіз жұмсалғаны сөз болды.
2020 жылы кəсіпорынның қаржы айналымындағы 1,8 миллиард теңгенің 51,3 пайызы айлық жалақыға жұмсалған. Кəсіпорын 32 606 901 теңгеге инвестициялық бағдарламаны жəне 213 992 теңгеге бекітілген тарифтік сметаны орындамағаны белгілі болған. «Еуропалық қайта құру және даму банкімен» бірлесе іске асырылған жоба аясында Тараз қаласы бойынша 65 жерасты су ұңғымасына есептеуіш құралдары орнатылған болатын. Алайда қазіргі уақытта табиғи су нысандарынан жиналған, пайдаланылған жəне берілген су туралы мəлімет су ұңғымаларындағы есептеу құралдары арқылы жүргізілмейді екен. Кəсіпорында жалақының уақытылы төленбеуі де анықталған. Нəтижесінде былтыр жұмыскерлер кəсіпорын аумағында наразылық акциясын өткізген. Облыс басшысы аталмыш мəселелерге жіті назар аударып, «Жамбыл су» кəсіпорны басшысының қызметіне сәйкестігіне қатысты мәселе көтерді. Бұл бойынша бір апта ішінде ұсыныс беруді Тараз қаласы əкіміне тапсырды.
– Тəртіп жоқ. Мекемеде моральдық-психологиялық климат өте нашар. Арыз-шағым жиі түседі, – деген Бердібек Машбекұлы бірқатар басшыға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.