«Жамбыл Жабаевты тек қана айтыспен насихаттап, дәріптеу аздық етеді»

0 3

«Сырсарай» айдарының бүгінгі қонағы – айтыскер ақын, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының аула клубы жетекшісі Нұрлыбек Құрманов.

– Нұрлыбек, ресурстық орталықта қызмет атқарып жүргеніңе бірнеше жылдың жүзі болды. Бүгінгі таңда өзің жетекшілік ететін аудандық аула клубы қай бағытта жұмыс істеп жатыр?
– Аудан бойынша жұмыссыз жастарды қоғамдағы келелі іске жұмылдырып және ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақ уақытын бос өткізбес үшін бес аула клубы жұмыс істеуде. Елбасы мен Президентіміздің Жолдаулары мен Үндеулері аудан жастарына жіті түсіндіріліп, туындаған мақсат-міндеттерді іске асыруда белсенділік танытудамыз. Әсіресе жастарды қоғамға қайырымды болуға, жас отбасылардың ажырасуының алдын алуға және кеңес беру бағыты жақсы жолға қойылған.
Жамбыл ауданының жастары облыс көлемінде де мәдениет, спорт саласында алда келеді. Айта кететін жайт, өткен жылы көрші облыстағы Арыста орын алған жарылыс кезінде, Мақтааралды су басқанда да біздің ұжым халықтың жанынан табыла білді. Облыс әкімінің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Асарлатып үй салу» жобасын да ауданымызда іске асырып, ресурстық орталықтың бастамасымен еріктілер сауапты іске бір кісідей жұмылды. Карантин тұсау болмаса, алда аудан және облыс көлемінде ұлттық спорт түрінен іс-шаралар және халықаралық жас ақындар айтысын өткізу жоспарда бар.
– Жуырда облыс орталығында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған республикалық «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты ақындар айтысы өтіп, облыстың ақындары өңір намысын қорғап, жүлделі орындардан көрінді. Жыл соңына дейін облыста басқа да айтыстар өте ме?
– Жыр дүлдүлінің мерейтойына орай ақындар айтысын өткізу бірқатар ауданда жоспарланған. Жамбылдың атын алған өңіріміздегі жалғыз аудан Жамбыл ауданында да бұйыртса мамыр айында дүбірлі айтыс өтеді. Аудан әкімі Сәкен Қаланұлы толықтай қолдап отыр. Мойынқұм мен Қордай аудандарының да жылдық жоспарына Жамбыл бабамыздың атына айтыс өткізу бекітілген.
– Айтыстың бел ортасында жүрген ақынсыз. Айтыстың жаңа бір инновациялық тәсілдерін қарастыру, айтысқа жаңалық енгізу жағы қалай болып жатыр?
– Жалпы қазақтың қасиетті айтыс өнері жылдар, ғасырлар бойы саясат қысымына тап болса да жарқ етіп, елдік мәселелерді шешуге арқау болып келеді. Бір ғана карантин кезінде де санасын қорқыныш билеген халыққа айтыс өнері дер кезінде жаңа онлайн форматта жол тартты. Жаңалық енгізу жағына келсек, бұрын ақындар күні бұрын жұпталса, қазір сахнада жұпталады. Яғни тыңдарманды «жаттанды айтыс» деген ойдан арылтып, суырыпсалмалығын дәлелдеуде.
– Жамбыл Жабаевты насихаттауда, ақынның бейнесін ашуда айтыстан бөлек қандай іс-шаралар ұйымдастыруға болады деп ойлайсыз?
– Жамбылды тек қана айтыспен насихаттау, дәріптеу аздық етеді. Жамбыл атамыз тек қазақ халқына емес, бір туған қырғыз халқына да ортақ ақын. Сібірдің түрмесінен қашқан Тоқтағұл да қазақ жеріне кеп паналап, Жамбыл атамызды іздеп келіп, жанын аман алып қалған.
Қазақтан Жамбыл сен едің,
Шалқып жатқан көл едің,
Алаулап оттай жырларың,
Тасқындап аққан сел едің,
Қырғыздағы бауырың,
Тоқтағұл деген мен едім, – деген болатын Тоқтағұл.
Жамбыл мен қырғыз ақыны Молда Бағыштың айтысы да оқырманға жол тартса дейміз. Бұл дегеніміз, қырғыз жерінде біз білмеген Жамбыл бабамыздың біраз мұралары бар. Сол үшін облысымызда айтыс ақындарынан жасақталған топ құрылып, қырғыз жеріне сапар шегіп, жыраудың басып өткен өнегелі жолын зерттеп, кітапқа басып шығарып, оқырманға насихаттаса, мерейтойға жасаған сыйдың алды болатын еді. Өткен жолы қазіргі қала әкімі Ержан Жылқыбаев осы ұсынысымызды қолдаған. Ең бастысы, ұсынысымыздың жүзеге асырылуын қадағалайтынын айтып, ақындарға уәде берген болатын.
– Ақындықтан басқа қандай қырыңыз бар?
– Ақындықтан бөлек, салауатты өмір салтын ұстанып, жасыл алаңда доп тебетінім бар. Доп демекші, облыстар арасында алғашқы болып Ахметжан Өзбеков ағамыздың бастамасымен айтыскер ақындар арасында «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты кіші футболдан турнир дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүр. Облыста «Руханият» құрамасы жасақталып, жасыл алаңда журналистер және айтыскерлер турнирінде топ жарып келеді.
– Өнер адамдарын қолдаудың маңызы жоғары екені айтпаса да белгілі. Мемлекет тарапынан айтыскерлерге қолдау бар ма?
– Ақындардың жай-күйі, тұрмыс-тіршіліктері көңіл көншітетіндей аса мәз емес. Көңілдері жаз емес. Осы орайда мемлекеттік қолдаудан бұрын, бір ғана облыстағы қолдауға тоқталсақ жеткілікті. Бір данагөй қарт: «Өнер адамын өлтірудің оңай жолы, оны елеусіз қалдырсаң жеткілікті», деген екен.
Біздің облыста да өлеңі ел ішіне аңыз болып таралып кеткен мәдениет пен әдебиеттің «генералдары» Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Әзімбек Жанқұлиев сынды тұлғалар тірісінде өз бағасын ала алмаған және назардан тыс қалған.
Бір ғана айтыс ақындарына тоқталсақ, жылдар бойы ғұмырын қазақтың қасиетті айтыс өнері мен мәдениетіне арнаған Айтмұхамбет Исақов ағамыз әупірімдеп жүріп мәдениет саласына жұмысқа орналасты. «Мәдениет саласының үздігі» атағында енді ғана алды. Батыс Қазақстанда әкімдер әр айтыскер ақынға пәтер берсе, Қызылорда облысы Мұхтар Ниязов ағамызды мәдениет саласына басшылыққа алып келді. Түркістан облысында «Қаратау» мектебі ашылып, барлық айтыс ақындары жұмыс істеу бақытына ие болды.
Біз тек көрші өңірлердің қуанышына сүйсінумен келеміз. Облыстан, мәдениеттен ақындарға жан-жақты қолдау болса, шығармашылығымыз да шыңдалар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.