Жастар.kz

Жамбыл жастары жарымжан жарнамаға қарсы

Written by Aray2005

Жарнама сауданы немесе кәсіпті жүргізудегі тиімді маркетингтік құрал болуымен бірге қала сәулетінің айрықша маңызға ие бөлігі саналады. Әрі ондағы ұсынылатын ақпараттың, бейненің үгіт-насихаттық сипаты болғандықтан көрнекі жарнаманы идеологияны жүргізу құралы ретінде қарастыруға болады. Әйтсе де соңғы жылдары осы жарнама мәтінінің мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарайтынын жиі байқаймыз. Дегенмен кәсіпкерлік нысандарды тексеруге жарияланған мораторий оларды жарнамасындағы жаға ұстатарлық жағдайлар үшін жазалауға кедергі болып тұр.

Салдарынан ұзын арқан кең тұсауды оңтайлы пайдаланған кейбір пысықайлар сыртқы көрнекі ақпаратты орнатуда ондағы мәтіннің сауаттылығына бас қатырмайды. Тіпті тиісті заң талаптары бола тұра ресми тілге басымдық беріп, оның мемлекеттік тілдегі аудармасына көңіл бөлмейтін халге жетті. Ресми тіл мен мемлекеттік тілдегі аудармасының өзара үндесуін былай қойғанда бүгінде Тараздың орталық көшелерін жаяу аралап шықсаңыз, өзіңізді Еуропаның қақ төрінде немесе Америка штаттарының бірінде жүргендей сезінесіз. «Golpas», «Kimex», «Targo», «Sabayon», «Abayas» деп жалғасатын сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтандыру орындарының атаулары алыстан менмұндалайды. Өкініштісі сол жарнамасы жер жарған мұндай орындардың маңдайшасы мен сыртқы көрнекі ақпаратындағы мемлекеттік тілдің аянышты жағдайы кім-кімді болсын ойлантпай қоймайды. Бір қуанарлығы жамбылдық бір топ жас осынау жарымжан жарнама мәтіндерінің жайын ойлап қана қоймай, оларды жетілдіру бойынша ілкімді іске мұрындық болып жүр. «Қоғамдық тіл инспекциясы» жобасы аясында тіл жанашырлары бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап, жіберілген кемшіліктерді жоюға қызу кіріскен. Жоба жетекшісі Қаныбек Мұратбаевтың айтуынша, жыл сайын жүзеге асырылатын жоба биыл мейлінше нақты нәтижеге қол жеткізуді мақсат еткен көрінеді. Мұны жобаның қамту аумағының кеңеюінен де анық аңғаруға болады.
– Қоғамдық тіл сақшылары аудан орталықтары мен Тараз қаласындағы шағын және орта бизнес өкілдері және қоғамдық көліктерде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, насихаттау мақсатында нақты шараларды қолға алды.
Нәтижесінде өңірдегі жарнамалық баннерлер, кәсіпкерлік нысандардың маңдайшасынан 360-тан астам қателік табылып, нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бір ғана Тараз қаласының өзінде 300-ден астам қателік анықталып, оларды түзету жұмыстары жүргізілді. Мұндай қателіктерге Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов, Жуалы аудандарында зерделенген нысандар да жол берген.
Әзірге анықталған қателіктер бойынша ескерту жасап, оларды түзету бойынша әдістемелік көмек көрсетумен шектеліп жатырмыз. Шындап келгенде мұндай нысан иелерін «Қазақстан Республикасы Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының жекелеген талаптарына сай 5 айлық есептік көрсеткіштен 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады. Дегенмен кәсіпкерлік қызметті жосықсыз тексеруден сақтау мақсатында жарияланған мораторий олардың жарнама мәтініне атүсті қарағаны үшін жазалауға тосқауыл болып тұр,– дейді жоба жетекшісі.
Әлгінде Қ.Мұратбаев атап өткен заңның тиісті баптарына көз салсаңыз, расында Тараз қаласының көшелеріндегі жарнамалардағы мемлекеттік тілдің қолданысы заң талаптарына сай келмейтінін сезіну қиын емес. Аталған талаптарда жарнамалар мен маңдайшалардың, хабарландырулар мен баға көрсеткіштерінің ресми тілмен бірге міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылу керектігі көрсетілген. Сондай-ақ көрнекі ақпараттың мәтінін жазудың да өз заңдылықтарын кейбір кәсіпкерлер көзге ілмейтін сияқты. Өйткені аталған заң талаптарында көрнекі ақпараттың барлық мәтіндері сол жағына немесе жоғары жағына мемлекеттік тілде, оң жағына немесе төменгі жағына орыс тілінде жазылу керектігі тайға таңба басқандай етіп жазылған.

Көпшілік көзге іле бермейтін осы бір олқылықтарды кәсіпкерлерге жеткізіп, олардан қателіктерді түзетуді талап етіп жүрген тіл сақшыларының баянды бастамасы қолдауға лайықты. Бастысы осы бір бастама өзге де кәсіпкерлердің жарнама мәтініне жауапкершілікпен қарауына негіз бола алса игі.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР