Жамбыл жайлы жақсы пьеса керек

Жыр жампозын ұлықтауға не кедергі?

0 60

Биыл Жамбыл бабамызға – 175 жыл. «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған ұлы жырауға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың басшылығымен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын» өткізу жөніндегі жиынға осы салаға қатысты мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысып, өз жоспарларын, ой-пікірлерін ортаға салған болатын. Айтулы іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін бірқатар жақсы жоспарлар жасалыпты.

Жалпы айтқанда, өткен жылы қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл атамыздың өзі:
«Мынау тұрған Абайдың суреті ме? –
Өлең – сөздің ұқсаған құдіретіне,
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне!», деп, яғни Абай ақын емес, ақындардың пайғамбары деп басын иіп бағалаған ойшылдың 175 жылдығы өте жоғары деңгейде аталып өтті деуге болады.
Абай жылын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның өлеңі арқылы челледжімен бастап беріп, ол жыл аяқталғанша жалғасты. Екі фильм, бірнеше телехабарлар, Абайдың қара сөздерінен жасалған бейнероликтер, оншақты спектакль, халық театрларының фестивальдері, онлайн ғылыми-теориялық конференциялар, айта берсек жетіп артылатын іс-шаралар көп болды. Бұның бәрі, әрине, Абай арқылы ұрпақ санасын жаңғырту жолындағы жұмыстар. Енді Абаймен деңгейлес қазақтың ұлы жырауы, жыршысы, жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбылдың 175 жылдығы есігімізді қағып тұр. Үлкенді-кішілі шаралар там-тұмдап басталып та жатыр. Үлкен шара жыраудың туған күні – 28 ақпанға жоспарланған. Бұл ақын тойына сол күні нүкте қойылып, аяқталады дегенді білдірмесе керек. Ұлы жыраудың аламан тойы сол күннен басталуға тиіс.
Өзім еңбек ететін Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры да айтулы мерекеге өз үлесін қоспақшы болып, Жамбыл бабамыз жайлы жазылған драматругиялық шығарма бар ма деп іздей бастадық. Қолымызға қомақты дүние іліне қоймады. Бір-екі дүние бар екен, ол біздің ұжымның қолайына келе қоймағанын жасыра алмаймыз. Ол дүниелердің жазылғанына жиырма жылдан асып кеткен екен. Қазір қоғам да, адам да өзгерген. Тәуелсіздіктің елең-алаңында жазылған дүниеде советтік сананың қалдықтарының әсері болатыны да бар. Бәрімізге белгілі нәрсе, Кеңес үкіметі кезеңінде цензура деген «қырағы көз» идеология саласын, әсіресе жазушы-ақындарды кірпік қақпай қадағалап отырды. Соның нақты айғағы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы десем, артық айтпаспын. Романда Құнанбай бейнесі шынжыр балақ, шұбар төс, жауыз, қаныпезер етіп көрсетілуі – соның айғағы. Егер М.Әуезов олай трактовка жасамаса, эпопеяның тағдыры не болары түсінікті еді. Ал шын мәніндегі Құнанбайдың қандай қайраткер болғанын енді біліп жатырмыз. Сол сияқты Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Науан хазірет образы да қатыгез, ауыл арасының надан-дүмше молдасы деңгейінде көрсетілген. Ал шындығында, Наурызбай Таласов үлкен ақыл иесі, аса сауатты, ғалым-теолог болған. Көкшетауда медресе ашып, жастардың сауатты болуына ықпал еткен. Тәуелсіздік алғаннан кейін Көкшетау қаласында «Науан хазірет» мешітінің ашылуы – соның айғағы.
Сол сияқты Жамбыл Жабаев туралы да жаңа көзқарастар қалыптасты. Кеңес одағы кезінде Жамбыл тек кеңес үкіметін насихаттап, Сталин мен Ленинді ғана жырлағандай әсер ететін. Тәуелсіздіктен соң жыр алыбының елдік туралы, ерлік жайлы, тәуелсіздікті аңсаған жыр-дастандары жаңа қырынан ашылып жатыр. Аға буын өкілдері Жамбыл жайлы білгенімен, кейінгі ұрпақ ақынның көп дүниелерінен бейхабар болып шықты. Алысқа бармай-ақ, осыдан аз ғана уақыт бұрын ұлы ақынның ескерткішінің орнын ауыстыру жайлы дау шыққанда қоғам пікірі екіге жарылды. Бір жағы ақынды жақтаса, бір жағы даттап жатты. Сондағылары жоғарыда айтылғандай, ол Кеңес үкіметін тынымсыз жырлаған коммунистердің бұлбұлы дегенге дейін барғандар болды. Шын мәнінде, сол дауласып жүргендер Жамбылдың бір өлеңін жаттамақ түгіл, оқымағандар. Көбінің ары кетсе білетіні «Ленинградтық өренім» өлеңі ғана болып шықты. Ал шын мәнінде, Жамбыл Жабаевтың өмір жолы тек марапатпен ғана емес, машақатпен де өткен кезеңдері бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ақындығы танылып, үкімет пен жұрттың қошеметіне бөленген шақта жыр жампозының үстінен «бұл жалған, қолдан жасаған өтірік ақын, өлеңдерін хатшылары жазып береді» деген сыңайда домалақ арыздар жоғары жаққа қарша борайды. Арызды тексеруге Мәскеуден Николай Кузнецов арнайы тапсырмамен Қазақстанға келеді. Әуезов бастаған бір топ ақын-жазушылармен бірге Н.Кузнецов апта бойы Ұзынағашта жатып, Жамбылдың ақындығын әбден тексереді. Соңында Жамбылдың қолдан жасалмаған жалған ақын еместігіне көзі жеткен Кузнецов Жәкеңді мойындап, «Правда» газетінің айқарма бетіне «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» деген мақала жазады. Сол мақаладан соң ғана Жамбыл Жабаевтың екінші дәуірі басталады. Міне, осының барлығы – бүгінгі ұрпақ аздап болса да білуге тиіс шындықтар. Ал жас ұрпақ түгілі, алдыңғы аға буын да осындай жайлардан бейхабар. Бұл Жамбыл жайлы насихаттың аздығын, тек даурықпа науқаншылдықты ғана көрсетсе керек.
Жамбыл облысының өзінде ұлы ақын жайлы тек Жамбыл ақынның туған күні ғана айтылып, соның қарсаңында өтетін «Жамбыл менің жай атым» атты ақындар айтысымен ғана шектелуі дер едім. Одан кейін келесі жылға дейін тым-тырыс. Осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады? Оның орнын толтыратын тек – театр. Жалпы Жамбыл өңіріндегі өнер ошақтарында осы аймақтағы тарихи тұлғалар Айша бибі, Сыпатай батыр, Балуан Шолақ, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Асанбай Асқаровтар жайлы сахналық қойылымдар кезең-кезеңімен қойылып тұрса, артық болмас еді. Ол бүгінгі және келешек ұрпақтың санасына сілкініс үшін керек дүниелер. Егер жыр жампозы жайлы бүгінгі заман талабына сай жақсы толыққанды шығарма жазылса, оны Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов театры қойса, жарасып тұрмас па? Жыл бойына көрермені бар, жоғары оқу орнындағы студенттері бар, колледжі бар, мектеп оқушылары бар Жамбыл Жабаев жайлы спектакльді көріп, олқылықтың орнын толтырар еді ғой.
Дүние түзеліп, індет кетіп, жер үстіне мамыражай тіршілік те оралар. Сол кезеңде Жамбыл өңірі де жасампаз қалпына келіп, мемлекетіміздің Жамбыл жерін туризм аймағына айналдырамыз деген жобасы қарқын алатынына сенім мол. Сол кезеңде келген туристер тау мен тасты, күмбезді кесенелерді аралай бермей, бір сәт рухани орталыққа ат басын бұрар, сол кезде ұлы Жамбылдың тірі бейнесін сахнадан болса да көрейік десе, Жамбыл жәкем туралы қойылым болмай жанарымызбен жер шұқып қалмас үшін, ұлы жырау, жыр жампозы жайлы классикалық үлгіде жазылған, академиялық деңгейде қойылған бір спектакль Жамбыл театрының сахнасында көрсетіліп жатса, қандай ғанибет.
Сондықтан қымбатты қаламгерлер, «Жазба­саң­дар – сізге серт, қоя алмасақ – бізге серт!»

Асқарбек СЕЙІЛХАН,
ҚР Еңбек сіңірген артисі,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Бет қатталып жатқанда…

«Қызыл жолбарыс» Таразға қашан келедіІ?

Газет беттеліп, баспаханаға жібергелі жатқанымызда мақала авторы А.Сейілхан хабарласып, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры белгілі ақын, драматург Иран-Ғайыптың туындысы – «Қызыл Жолбарыс» пьесасын сахналау мәселесін пысықтап жатқанын жеткізді.
Аңызға сүйенсек, кезінде қызыл жолбарыс Сүйінбайды қорғап жүріп, кейін Жамбылға өткен екен. Ұлы жырау қайтыс боларының алдында туыстарына Алатау жақты нұсқап, өзінің жебеушісі болған тылсым жолбарыстың тау асып, қырғызға бет алғанын айтыпты-мыс. Осы жағдайлардан хабардар адамзаттың Айтматовы қос ұлы жыраудың қорғаушысы болған қызыл жолбарыстың өзіне пір болғанын жұртқа айтып жүрген екен.
Бұйыртса, биыл сол аңыздың бүгінгі желісін жалғаған, алып ақын жайлы «жырлаған» Иран-Ғайыптың «Қызыл жолбарыс» атты тың сахналық туындысын Жамбыл жұртшылығы тамашалап қалуы бек мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.