Айна БАСТЫ БЕТ Жамбыл жаңалықтары

Жамбыл журналистикасының жаңа парағы

Written by Aray2005

Облыс тұрғындарының «көзі, құлағы һәм тіл» болып келген «Aq jol», «Знамя труда», «ARAI» газеттері жаңадан құрылған медиа құрылымның құрамына бірікті. Ендігі кезекте облыстық басылымдар «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы басқарылатын болады.

Кеше облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев серіктестіктің шығармашылық ұжымдарымен кездесіп, жаңа құрылымның мақсат-міндеттері және ақпараттық технологиялар дәуіріндегі баспасөзге қойылатын талап турасында өз ойларын орта салды.

  • Журналистер халық пен биліктің арасындағы дәнекер. Өздеріңіз бағамдап отырғандарыңыздай, бүгінгі уақыт тынысы өзгерді. Ақпарат таратуда тек жеделдік керек. Ізденіс болу қажет. Газеттер шығармашылық тұрғыда дайындалған, ел есінде қалатын кесек–кесек туындыларды жариялауға ұйытқы болуы қажет. Жаңа құрылым болған соң, оқырман үлкен өзгерістер күтеді. Осыған орай, газеттер жаңаша форматпен, үйлесімді безендіріліп, сапалы шығуы керек, – деді Ержан Жұматұлы.

Сондай-ақ өңір басшысының орынбасары жаңа медиа құрылымның құрылуымен бас редакторлар тек қана шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде бұл жайт газеттердің сапасының одан әрмен артуына мүмкіндік бермек. Ал басылымдардың меншік иесі деп танылған «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы қаржы-экономикалық мәселелерді шешу, журналистердің әлеуметтік жағдайын реттеудің тетігін қарастырады. Бұл орайда тілшілерге қаламақы төлеу, материалдық-техникалық базасын нығайтуға да басымдық берілмек.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің ақпараттандыру саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспарына сай құрылған серіктестікке белгілі журналист Нұрбек Бекен жетекшілік жасайды. Ал газеттерді баспаға әзірлеу, шығармашылық ұжымға басшылыққа ету бас редакторларға жүктеледі. Мәселен облыстың бас газеті саналатын «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметіне танымал журналист Оралхан Дәуіт тағайындалды. Былтыр ғана 100 жылдық мерейтойын атап өткен облыстық «Знамя труда» газетіне осы қызметті абыроймен атқарып келген Татьяна Борисенко қайта редакторлық ететін болды. Сол секілді «ARAI» жастар газетінің тізгінін Дәулет Төлендіұлы ұстады.

Облыс әкімінің орынбасарымен кездесуде сөз алған облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт жаңа құрылымның жұмысына сәттілік тілеп, өзі редакторлық ететін басылымның шығармашылық мүмкіндіктерін еселеу жолында аянбайтындығын жеткізді.

Басқосуды қорытындылаған аймақ басшысының орынбасары журналистермен алдағы уақытта кездесіп, туындаған мәселелерді бірлесе шешуге болатынын айтып, шығармашылық ұжымдардың өздеріне артылған жауапкершілігі мол міндеттерінің үдесінен шығатындығына сенім білдірді.

 

 

ПІКІР