Жамбылда 12 мыңға жуық медицина қызметкерінің жалақысы өсті

0 48

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бала туу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,59 пайызға артып, 25,47 пайызды құрады. Өлім көрсеткіші 3,3 пайызға айналған. Туберкулезден болатын өлім-жітім 25 пайызға, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 8,8 пайызға төмендеген.

– Жыл басынан бері облысымызға 14 жас дәрігер келді, олардың 2-уі облыс орталығында, қалғандары аудандарда жұмыс жасауда. Кадр тапшылығын шешу мақсатында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры мен Жамбыл облысының әкімі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткен жылы Тараз қаласында аталған жоғары оқу орнының филиалы ашылды, – деді Әсет Қалиев.

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов жыл сайын медициналық мамандықтарға берілетін білім гранттарының саны артып келе жатқанын жеткізді.

– Аудан және қала әкімдіктері жас мамандарға қажетті жағдайларды жасауға міндетті, – деді Бердібек Сапарбаев.

Жыл басынан бері 3248 дәрігердің жалақысы 30 пайызға, 8648 медицина қызметкерінің жалақысы 20 пайызға артты.

Медициналық ұйымдардың қажетті құрал-жабдықпен қамтылу деңгейі 87,9 пайызға жетті (өткен жылы – 64,4 пайыз).

– Коронавирустық пандемияға қатысты ахуал күн санап нашарлауда. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша жұмыс жасау қажет. Вирус жұқтырғандарды компьютерлік томографиямен қамту керек. Бүгінгі таңда облыс бойынша КТ апараты Қордай, Меркі, Шу аудандарында және Тараз қаласында бар. Қалған аудандар да бұл мәселені шешуі керек, – деп тапсырды облыс әкімі.

– Әлеуметтік желілерде жамбылдықтар жедел жәрдем станциясының жұмысына қатысты жиі шағымданады. Осы орайда, өткен жылы жаңа көліктер сатып алынған болатын. Жаңа көліктер ақ халаттылардың емделушілерге келуін жеделдетіп, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға тиіс еді. Бірақ шағымдар әлі де толастамауда. Жедел жәрдемнің жеделдігін арттыру бойынша шаралар қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбековаға қарата.

– Сақтандырылмаған азаматтардың саны ағымдағы жылдың 1 шілдедегі деректер бойынша 230 630 адамды (20,2 пайыз) құрады, МӘМС жүйесінде 912 453 азамат немесе халықтың жалпы санының 79,8 пайызы сақтандырылған, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ» облыстық филиалының директоры Мавлюда Боқаева.

Облыс әкімі халықты міндетті медициналық сақтандырумен қамтуды барынша арттыруды тапсырды.

– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – уақытылы, сапалы медициналық қызмет көрсетуге әсер ететін басты факторлардың бірі. Маған екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасқаны туралы баяндалды. Бірақ нақты іс жүзінде де солай ма? Бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек, – деп тапсырды облыс әкімі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілерде тұрғындардың дәрігерлерге онлайн режимінде жазылу қиындығын айтып шағымданатынына назар аударды. Ол «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының» облыстық филиалына барлық бұзушылықтарды жоюды тапсырды.

Басқосу барысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев те баяндама жасады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы COVID-19-ға қарсы күресте мониторингтік топтар жұмысының маңыздылығын еске салды.

– Коронавирус жұқтырғандардың саны өсуде, дегенмен, бұл өкінішке орай мейрамхана иелері мен той өткізушілерді алаңдатар емес. Сондықтан, қауіпті вируспен күресте мониторингтік топтарға маңызды міндет жүктеліп отыр, – деп атап өтті облыс әкімі.

Жауапты тұлғаларға медициналық мекемелерді оттегімен қамтамасыз ету жүйесін құру тапсырылды.

– Егер мәселе туындаса, бірден айтыңыздар, жасырып қалмаңыздар. Қайта түйткілдерді тез арада шешуге тырысу керекпіз. Адам өмірі қатысты жағдай болған соң, біз қателеспеуге міндеттіміз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.