Диагноз

Жамбылда ақылы жедел жәрдем қызметі қосылмайды

Written by Aray2005

Алайда, «COVID TAX» науқастарды тасуы мүмкін

Жамбылдағы коронавирус кеселінің таралуы тұрғындардың үрейін ала бастады. Бұған дейін тек дертті жұқтырғандар туралы айтылса, енді қаза тапқандардың да саны күрт өсуде. Бұл өз кезегінде ауруханаларда орынның жетіспеушілігі мен науқастардың дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмауына әкеліп соқтыруда. Ал үйде төсек тартып жатып қалған немесе өзінен ауру белгілерін байқаған халық жедел жәрдемге қанша қоңырау шалса да, келмейтіндігін айтып шағымдануда.

Бұл мәселе өткен аптада өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен облыстық штаб отырысында да айтылды.
– Науқас жедел жәрдем қызметін бірнеше сағат күтетін болса, онда кедергісіз медициналық көмек туралы сөз айтудың өзі артық шығар. Жедел жәрдем бригадаларының санын көбейту және олардың жұмысын жүйелеу қажет, – деп Бердібек Машбекұлы жауаптыларға нақты тапсырмасын берді.
Ал облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ұлпан Пыхыбаева кейінгі кездері диспетчерлік қызметтің жүктемесі екі есеге артқанын, сол себепті жедел жәрдем көлігі науқастарға дер кезінде жете алмай жатқанын түсіндіріп, аталған мәселені шешу үшін індет аз тіркелген аудандардағы жедел жәрдем көліктерін облыс орталығына жеткізуді ұсынған еді. Әрине мұндай ауқымды бастамалар өз жемісін беретіндігіне сенімдіміз. Алайда бұл мәселені түбегейлі шеше ала ма?
Бұл орайда еліміздің су жаңа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өткенде аптада Қазақстанда «COVID TAX» қызметі іске қосылатындығын айтты.
– Өңірлерде жедел жәрдем қызметінің жүктемесі 8 есеге артып кетті. Бұл жедел жәрдем көліктері мен мамандардың жетіспеушілігін көрсетуде. Осы орайда біз 807 отандық өндірістегі көлікке тапсырыс беріп отырмыз. Сондай-ақ шетелдік тәжірибені қолдана отырып, «COVID TAX» қызметін де іске қоссақ деген жоспарымыз бар. Ол үшін жолаушылар тасымалдаушы компаниялар мен жекеменшік медицина мекемелерінің көліктерін тарту ұсынылуда. Жекеменшік сектор бұған өз қолдауын білдіреді деп сенемін, – деді Алексей Цой.
Осылайша министр ауыз жиып болмағаны сол еді, артынша оның орынбасары Ажар Ғиният елімізде ақылы жедел жәрдем қызметі іске қосылғанын хабардар етті.
«Министр айтқандай, ауруханалар мен жедел жәрдем қызметтерінде мобильді бригадалар пайда болады. Олардың қызметіндегі тариф құны да белгілі. Бағасы – 5 400 теңге. Бригадалар коронавирусқа күдігі бар немесе тұмау жұқтырғандарды қарап, олардан тест алу үшін барады. Бір шақырған адамға екінші рет келмейді. Тест бір рет алынады және оның нәтижесі учаскелік дәрігерге беріледі», – деді Ажар Ғиният.
Министрлік бұқара арасында қызу талқыға түсіп жатқан жедел жәрдем қызметі мәселесін осылай шешпек. Ал тапсырыс арқылы алынып жатқан 807 медицина көлігі шілде айынан бастап өңірлерге жеткізіледі деп күтілуде. Осы ретте бұған облыс медицинасы қаншалықты дайын екенін сұраған едік.
– Бізде ақылы қызметін көрсететін жедел жәрдем компаниясы жоқ. Бұл жүйе Шымкент, Ақтөбе сынды қалаларда тиімді. Себебі онда арнайы жабдықталған көліктермен қамтылған шетелдік фирмалар бар. Ал бізде ондай қызмет көрсететін компаниялар болмай тұр. Десе де жедел жәрдем қызметінің жұмысын жүйелеу үшін індет аз тіркелген аудандардан көліктер алдыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биыл 52 дана техникаға өтінім бердік. Министр айтқан 807 көліктің бұйыртса 52-сі біздің өңірге келеді. Тағы бір айта кетерлігі, Денсаулық сақтау министрі тілге тиек еткен «COVID TAX» қызметін де іске қосу тетігін қарастырудамыз. Бірақ жоғарыда атап өткенімдей науқастармен жұмыс жасайтын көліктер қажетті құрылғылармен толықтай жабдықталуы керек. Біз қазір басты міндет ретінде осы жағын қарастырудамыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Саттарқұлұлы.
Өңірдің медицина саласына жауапты маманнан осындай жауап естідік. Демек, бізге құны 5400 теңге тұратын жедел жәрдем көліктері келмейтіні анық. Оның орнына облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы аудандардан көліктер алдырып, «COVID TAX» қызметін іске қосу жолын қарастыруда екен. Халыққа бұл үлкен қолдау мен жұбаныш болатындығы сөзсіз.
– Қазір «103»-ке қоңырау шалу бос әурешілік. Оның орнына ауруханаға таксимен жете салғаның оңай. Бірақ онда да қазір кез келген науқасты қабылдай бермейді. Ал егер жедел жәрдем көлігі жеткізетін болса, дәрігерлер бір емін жасайтыны анық қой. Сондықтан облыс орталығына қосымша жедел жәрдем көліктерінің қызметін қосқанды қос қолдап қолдаймын. Өйткені дәл қазір осы ақхалатты абзал жандар өміріміз үшін араша түсетін адамдар екені анық. Ол «COVID TAX» бола ма, әлде басқаша қызмет бола ма, әйтеуір жедел жәрдем қызметінің жұмысын жолға қойса екен, – дейді қала тұрғыны Әсел Ахметова.
Мұндай ойды Болат Ерболатұлы да айтады.
– Коронавирус кеселіне сенбегендердің бірі – менмін. Алайда қазір жақындарымның ауырғаны мен жолдастарымның туыстары бақилық болып жатқанын естіп, бойымды қорқыныш сезімі билеуде. Мұндайда бәрін бір Аллаға тапсырамыз. Бірақ «Сақтансаң сақтаймын» деген. Сондықтан барынша сақ болып, дәрігерлерге сенім артайық. Ал кенеттен ауырып қалсақ, ең бірінші жедел жәрдемнен жәрдем сұрайтынымыз белгілі. Сол себепті жауаптыларға осы қызметті барынша жолға қоюды сұранамын. Сырттан отырып, сынау оңай әрине. Әкімдіктегілер індетпен күресте қолдан келгенін жасап жатқанын түсінемін. Бірақ осы медицина саласына баса көңіл аударса екен деймін, – дейді Болат.

Қалың бұқараның ойы – осы. Ең бастысы медицина саласына баса көңіл бөлінсе деген тілектерін жеткізуде. Әрине біз де жергілікті билік бұл бағытта жұмыстар жүргізбей жатыр деуден аулақпыз. Алайда жедел жәрдем қызметінің өзіне «жәрдем» қажет болып тұрғанын облыс әкімінің өзі мойындап, өткен аптада нақты тапсырмаларын берді. Сонымен қатар жекеменшік медициналық фирмаларды да күш біріктуге шақырды. Бұған олар өз қолдауын білдіреді деп сенеміз. Әйтпесе, министр айтқан 5400 теңге тұратын ақылы жедел жәрдем қызметінің өзі өңірге келмейтіні көп нәрсеге қолбайлау болатындығы анық. Сондықтан облыстағы барша мемлекеттік, һәм жекеменшік медицина мекемелерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кезі жетті. Өйткені сіздердің бүгінгі шешімдеріңіз, ертең талай адамның өмірін ажалдан арашалар қалатыны айқын.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР