Жамбылда алғаш рет бірегей онкологиялық ота түрі жасалды

0 5

Шу аудандық ауруханасына ауданның 50 жастағы тұрғын асқазанынан қан кетіп,  ауыр жағдайда келіп түседі. Хирургия бөлімшесінде  оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, гематрансфузия деп аталатын қанды тоқтату әдісі жасалады. Алайда, одан науқастың жағдайы жақсармай, қиын қалпында қала берген соң, жедел түрде санавиция көмегімен Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық құрылымына жеткізіледі.

Кешенді тексеру мен талдау-сараптау нәтижесінде оған 3-ші сатыдағы асқазанның қатерлі ісігі, асқазаннан қан кету, екінші дәрежелі қан аздық диагнозы қойылды. Шұғыл түрде облыстық көпбейінді ауруханасының онкология жөніндегі орынбасары Гүлжан Тәйтелі, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары Жандос Рысқұлов, онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Жандос Сейдахметов пен жансақтау бөлімінің меңгерушісі Рабиға Түсіпованың қатысуымен консилиум жасалып, өмірлік көрсеткіштерге байланысты шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданды. Көп ұзамай жоғары санатты, онколог хирургтар Марат Қалиев пен Қайрат Тулешеов лапаротомия арқылы гастрэктомия жасап, қан кеткен тамырды тігіп, қатерлі ісікті алып тастады. Онкологиялық диспансерде мұндай ота алғаш рет жасалып отырғандықтан, барлық үрдіс бас дәрігер Қайрат Жетібаевтың қатаң бақылауымен жүргізілді.  Нәтижесінде ота сәтті өтті, науқастың жағдайы жақсарды.

Гастрэктомия – бұл  хирургиялық процедура, оны жасау барысында  асқазанның бір бөлігін алып тастайды. Гастрэктомияның бірнеше түрлері бар, олар процедура кезінде асқазан мен оның айналасындағы тіндердің қанша мөлшерінің жойылатындығына байланысты болады. Негізі бұл әдіс-тәсіл  –  үлкен дайындықпен жасалатын жоспарлы хиургиялық араласу. Ал бұл жағдайда, пациенттің өміріне төнген қауіптің жоғары болуына байланысты шұғыл түрде, уақыт жоғалтпай жасалады.  Сондай-ақ, операцияның бұл түрі жоғары технологиялы, өте күрделі болып  саналады және ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін жүргізіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.