Облыстық әкімдікте

Жамбылда кәсіптік-техникалық колледждерге қойылатын талап күшейеді

Written by Aray2005

Кәсіптік-техникалық колледждер мемлекет қаржысын майшелпекке айналдырмауы керек. Бұдан былай білім грантын ұтып алған бұл білім мекемелеріне қойылатын талап күшеймек. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың қатысуымен өткен комиссия отырысында айтылды.
Жамбыл облысындағы кәсіптік-техникалық колледждердің саны 48. Олардың 25-і мемлекеттік, қалғаны жеке меншік. Талай жылдан бері бұл орта оқу орындарына нарық сұранысына сай мамандықтарды даярлау үшін қазынадан қыруар қаржы бөлініп келді. Алайда, бюджет ақшасының мақсатты жұмсалғанына күмән көп. Мәселен, бірінші кезекте қай салаға қандай маман қажеттілігін анықтау назардан тыс қалған. Мемлекеттік мекемелер мен колледждер арасындағы кері байланыс әлсіз. Сұраныс болсын, болмасын, кез-келген мамандық оқытылады. Салдарынан миллиардтаған теңге желге ұшып отыр. Ал бітіруші түлектердің бәрінің бірдей жұмыспен қамтылуы екіталай. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі таңда ауылшаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бес жылға маман қажеттілігіне қатысты скринингтік талдау жүргізілген. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де болса терең зерделеуді қажет етеді. Яғни, қоғамға қажетті мамандыққа деген сұранысты дұрыс қалыптастыру қажет, деді әкім. Ал грантқа оқытылған баланың кемінде сексен пайызы жұмысқа орналасуы керек. Бұдан бөлек, ақшасы төленген маманның білім сапасына да назар аудару маңызды. Себебі, қаржы «қоржынға» түскен соң, оқу орындары студентті оқудан шығара алмайды, уақыты келгенде дипломын қолына беріп құтылады. Асқар Мырзахметов, шын мәнінде қажетті мамандықтарды анықтап, тек соған ғана ақша бөліп, ал қалған қаржыны колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсауды ұсынды. Комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Олар осы мемлекеттік грантты ұтып алған колледждердің әрқайсысына жеке-жеке талдау жасалуы тиіс деп санайды. Ондағы оқу процессі, білім беру деңгейі, оқытушылардың біліктілігі бәрі-бәрі тексерілуі керек. Бұл іс қоғамдық ұйымдар тарапынан да бақыланбақ. Сондай-ақ, жастар саясаты басқармасын да тарту ұсынылды.

ПІКІР