Жамбыл жаңалықтары

Жамбылда шегірткенің көбею қаупі туындап тұр

Written by Aray2005

Жамбылда биыл 184 мың гектардан астам жайылым жерге қанатты зиянкестер қауіп төндіріп тұр. Шегірте шабуылы шабындық жерлерге де жетпес үшін алдағы аптада дәрілеу жұмыстары жүргізілмек.

Химиялық өңдеуге 40-тан астам техника жұмылады деп күтілуде. Әзірге Әулиеата өңірінде күннің көзі жаңбырлы болғандықтан  шегірткелер шағылысып үлгермепті. Бірақ, күн райы күрт жылынып кетсе жәндіктер жолындағысын жайпап өтуі мүмкін. Сондықтан, облыстық инспекция қауіп төніп тұрғандықтан қазірден қамданып жатыр.  Жалпы Жамбыл облысында шегірткенің 3 түрі кең тараған. Марокколық, италяндық прус және азияттық шегіртке жыл сайын жайылым жерлерге шабуылдайды. Биыл өңірдегі 90 мың гектар жер марокколық зиянкестерге қарсы дәріленбек. Ал, италияндық прусқа қарсы 75 мың гектардан асатын алқап уланып, азияттық шегірткеге қарсы  19 мың гектарға жуық жайылым жер химиялық өңдеуден өтпек.

«Марокко шегірткесі біздің Жамбыл облысының барлық аудандарында тіркелген. Аса қауіпті ағзаларға  203 мың 800 га химиялық өңдеу жоспарланған болатын. Оның ішінде үйірлі шегірткелерге қарсы 184 мың 518 га химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Былтыр барлығына 580 млн теңгедей бөлінген. Биыл одан көп бола ма, аз бола ма шамамен аз болады. Өйткені, биыл өңдеу алаңдары 3 есеге азайып отыр» — деді Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы астық және өсімдік қорғау инспекциясының бөлім басшысы  Азамат Құрбанов.

Айта кетейік, осыдан 2 жыл бұрын Жамбылдағы жайылым жерлердің 70 пайызын шегіртке жеп қойған болатын.  Өйткені, сол жылы шегірткелердің 10 жылда бір көбейетін  таралым зонасы тіркелді. Тіпті, жәндіктер Жамбыл ауданындағы «Көделі» жайлауында күрт көбейіп кетіп, 1 шаршы метр жерге шамамен 40-60 шегірткеге дейін келді.  Ал, былтыр 385 мың гектар алқап дәріленді. Биыл бұл көрсеткіш 3 есеге қысқармақ.

ПІКІР