Жамбыл жаңалықтары

Жамбылда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының филиалы құрылды

Written by Aray2005

Жамбыл облысында елімізде алғашқылардың бірі болып «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының филиалы құрылды.

Елбасы өз Жолдауында жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беріп, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру үшін елімізде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын құру керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы 5 қазан күнгі халыққа арнаған Жолдауында әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру, әрбір мектепте осы жұмыстарды қолға алуды тапсырған еді. Бұл бірінші кезекте республикада құрылса, көп ұзамай Жамбыл облысы да «Жас сарбаз» қозғалысының филиалын ашып отыр. Ол негізгі төрт бағытта жұмыс істейтін болады.

Осылайша, кездесу барысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев үшжақты меморандумға қол қойды. Бес жыл мерзімге жасалған меморандум аясында тараптар жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі саласында және әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттаудағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасауға келісті. Өскелең ұрпаққа отансүйгіштік сезімнің, азаматтық жауапкершіліктің, еліміздің салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтің қалыптасуына бірлесе жағдай жасалмақ.

Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының болашағы зор екендігін, бұл жастарды тәрбиелеуде маңызды қадам екендігін атап өтті. Сол үшін де Елбасы тапсырмасы Әулиеата жерінде дер кезінде орындалып отыр. Асқар Мырзахметов ендігі мақсат — еліміздегі жаңа деңгейге көтерілген алдыңғы қатарлы филиал болу екендігін айтты.

Бұдан кейін «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асхат Олжабаев сөз алып, бүгінде филиал жұмысының қарқынды жүріп жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, бүгінде өңірде жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында 20 клуб, 14 үйірме жұмыс істеп тұр.

Басқосу барысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тарапынан да бірқатар ұсыныс түсті. Ол «Жас сарбаз» жасағының штабын жаңғыртылған «Жеңіс» саябағында орналастыруды ұсынды. Өңір басшысы бұл мәселенің шешілетінін айтып, сендірді.

Жиын соңында облыс әкіміне Жамбыл облысында әскери- патриоттық жұмыстарды жетілдіру бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің төрағасы куәлігі мен «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің төсбелгісі тапсырылды.

inform.kz

ПІКІР