Жамбыл жаңалықтары

Жамбылда жастарды қолдауға биыл 638,7 миллион теңге жоспарланған

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.

Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын. Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз керек» деген болатын. Президенттің бұл бастамасы еліміздегі көптеген жастардың болашаққа деген үміті мен сенімін оятқаны анық. Жастар жылы аясында Жамбыл облысында бірқатар жобалар қолға алынатын болады. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтеннің айтуынша, жастарды қолдау мақсатында өткен жылы 574,6 миллион теңге қаралған болса, бұл мақсатқа 2019 жылы 638,7 миллион теңге жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар, Жамбыл облысын 2016-2020 жылға дейін дамыту бағдарламасында жастар саясатына қатысты 2 индикаторлық көрсеткіш белгіленген. Бірінші көрсеткіш,

«Жастардың жалпы санындағы еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін NEET жастар көрсеткішінің облыстық жылдық жоспарын 8,5 пайызға азайту болып отыр. Өткен жылдың үшінші тоқсанындағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 8,1 пайызды құраған. Ал «Өңір жастарының мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі» өткен жыл бойынша жоспарлы 73 пайыздық меже болса, әлеуметтік зерттеулер бойынша ол 77,8 пайызды көрсеткен.

egemen.kz

ПІКІР