Жамбылда «жұлдыздар» көкпар тартып жатыр

0 4

Көкпар десе делебесі қозған қазақпыз. Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан осы ұлттық спорт түріне бүгінде қолдау аз емес. Көшпенділердің көне құндылығы саналған ойын түрінен кейінгі кездері ұйымдастырылып жатқан жарыстар да жетерлік. Осы ретте Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Тараз төрінде «Өнер көкпары» республикалық турнирі түндігін түрді.

Атқа қонып, серке тартқан серілердің қатарында белгілі композитор Бауыржан Есебаев, актер Мадияр Серікбаев, танымал кино жұлдызы Тәуекел Мүсілім, «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Шаһаризат Сейдахмет, әнші Бағлан Әбдірайымов пен Серік Ибрагимов сынды өнер майталмандары бар.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додада нағыз шабандоздар емес, өнер жұлдыздары бақ сынауда. Атқа қонып, серке тартқан серілердің қатарында белгілі композитор Бауыржан Есебаев, актер Мадияр Серікбаев, танымал кино жұлдызы Тәуекел Мүсілім, «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Шаһаризат Сейдахмет, әнші Бағлан Әбдірайымов пен Серік Ибрагимов сынды өнер майталмандары бар.
Тараз іргесіндегі «Атшабарда» алауы тұтанған турнирдің ашылуында ең әуелі ұйымдастырушылар атынан Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ұлттық спорт – ұлтымыздың мәдениеті. Бүгін өнермен қатар спортты да жанына серік еткен азаматтар көкпар алаңына шығып отыр. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа әр аймақтың ең танымал өнер иелері қатысуда. Бүгінгі дода сонысымен де ерекше.
Осынау жарысқа қолдау білдірген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасына айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ демеушілік танытқан «Al-tais Group» компаниясына да дән ризамыз, – деді Р.Жақсыбай.
Өз кезегінде сөз алған «Өнер көкпары» жобасының үйлестірушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаров аталған аламанның тұңғыш рет тарихи Тараз жерінде ұйымдастырылып отырғанын баса айтып, әріптестерінің салымды болуына ниеттестік білдірді.
Ал КСРО-ның 9 дүркін чемпионы, даңқты шабандоз Әбілхан Дауылбаев аламанға ат қосқан жігіттерге ақ батасын берді.
Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсіп, жеребе бойынша жамбылдық «Әулиеата» командасы мен шымкенттік «Құлагер» құрамасы күш сынасты. Төреші ысқырығы естілген бойда серкеге лап қойған шабандоздар нағыз жан алысып, жан беріскен айқас көрсетті. Ат көрмеген өнер иелерінің арасында жылқыдан жығылып, серкені ілемін деп ауып кетіп жатқандары аз болмады. Десе де бұл көпшіліктің делебесін одан сайын қоздырып, жан-жақтан шыққан қиқудан құлақ тұнды.
Алғашқы салыммен шымкенттің шымыр жігіттерінің қанжығасы майланды. Кездесудің алғашқы минутынан шеберлігімен көзге түскен Қамбарбек Абдуллаұлы серкені тақымға қысқан бойы өзгелерден оқ бойы оза шауып, оны шеңберге тоғытты. Есептің жылдам ашылғанынан жамбылдық жігіттер абдырап қалғандай көрінді. Себебі көп ұзамай «Әулиеата» командасының қорғанысы тағы сыр беріп, салым салдырып қойды. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін командалар арасында түсінбеушілік туып, екі мәрте салым салған Қамбарбек Абдуллаұлының өнер иесі емес, көкпар шауып жүрген шабандоз екенін алға тартқан жамбылдықтар төрешілерге шағым түсірді. Алайда бәрі сәтті аяқталып, екінші таймды қос команда да негізгі құраммен жалғастырды.
Екінші кезеңге ысқырық шалынған бойда асаба Мақсат Нұржанұлы тұлпарымен серкені іліп әкетті. Сол бойы серкені шеңберге шеберлікпен салып, есепті бір салымға қысқартты. Одан кейін де жамбылдық жігіттер шабуылдарын үсті-үстіне үдетті. Алайда қарымта шабуылда қорғана алмай қалған әулиеаталық команда шеңберлеріне үшінші салымды салдырып алды. Ойынның аяқталар тұсында жамбылдықтар есеп айырмасын тағы бір ұпайға қысқартқанымен, тең нәтижеге жетуге уақыттары жетпеді. Қорытынды есеп 3:2.
Осылайша жамбылдықтар оңтүстік дербиді жеңіліспен бастады. Десе де ойын екі күнге белгіленіп, командалар екі топта күш сынасып жатқандықтан бақ пен бап сыналатын сәт әлі алда.
Қарағанды, Шымкент, Алматы, Ақмола, Нұр-Сұлтан қалалары мен облысымыздың өнер иелері қатысып жатқан турнир жеңімпазы бүгін кешкілік анықталады.
Жерлестерімізге тек сәттілік жолдас болсын!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.