Жамбылда Жыр алыбының 175 жылдығы кең көлемде тойлануда

0 12

Биыл облыста Жыр алыбының мерейтойы кең көлемде аталып өтілуде. Жыр дүлдүлдерінің сөз сайысы басталмас бұрын айтыстың қазылары мен ақындары алдымен Жамбыл Жабаевтың облыс орталығындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тәу етті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Халық әртісі, сазгер Алтынбек Қоразбаев, елімізге танымал айтыскер ақындар мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мұнан соң «Баласағұн» орталық концерт залында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық онлайн ақындар айтысы басталды. Елімізге танымал айтыс ақындарының сөз додасының тізгінін ұстаған ақын Жүрсін Ерман сынға түсуші ақындарды таныстырып, оларға сәттілік тіледі.
Жыл сайын аймақта дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан республикалық жыр додасына бас-аяғы 22 ақын бақ сынауда. Олардың қатарында аты алты Алашқа танымал Айбек Қалиев, Нұрмат Мансұров, «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртай, Еркебұлан Қайназаровтар да бар. Бұл күнде астаналық, осы өңірдің тумасы Олжас Отар бұл жыр бәйгесіне Нұр-Сұлтан қаласының атынан келіп отыр. Ал өңір намысын облыстағы бірқатар ақындардың томағасын сыпырған Айтмұхамбет Исақов, Алтынкүл Қасымбекова мен әріптесіміз Есет Досалы бастаған ақындар қорғауда. Сондай-ақ бұл сында Қанат Мырзахан, Рай Дөңбай, Шапағат Әбдір сынды өңірдің жас ақындары да сөз додасының көркін қыздырмақ.
Айта кетерлігі, ақындардың айтысына көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі, сазгер Алтынбек Қоразбаев, ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, елімізге танымал айтыс ақыны Бауыржан Қалиолла, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков қазылық етуде.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.