Жамбылдағы Жандос Омаровтар

0 14

Өмірде небір қызық сәйкестіктер болып жатады. Әдейілеп болжап, жоспарламаса да аты мен тегі бірдей, алайда өмір жолы бөлек жандар кездеседі. Мысалы біздің бір ғана облыста үш Жандос Омаров барын естіп пе едіңіз? Облысымыздың әр аймағынан бір-бір Жандос Омаровты кездестіріп, дүниенің тарқамас қызығына тағы да таңырқадық.

Бұлардың ішінен жамбылдық жұртшылыққа көбірек танысы – К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров. Оның әншілігімен қоса сазгерлігі де бар. Халыққа өнерімен танылған азамат.
Сазгер Жандостың әкесі Әскербек Қадырқұлұлы кеңшарда тракторшы, анасы Ұлжан бас есепші болып жұмыс істеп, балаларын ерте жастан еңбекке баулып өсірген. Жасөспірім шағында ауылдас әпкесі Айзаданың мұғалімдік қызметіне қызығып, бала оқытуға көмектеседі. Жексенбі күндері үлгерімі нашар балаларды қосымша оқытып, бақылау жұмыстарын жүргізіп, әпкесіне жәрдем беріп әрі өзінің сүйікті ісімен шұғылданыпты. Онымен қоса ауылдастарының бос уақытына арнап клубта тамаша ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырып, бойдағы қабілетін шыңдаған. Сол қызығушылықпен өнерге түбегейлі бет бұрған. Бүгінде сазгер Жандостың елуден аса әні бар. Халқына үш рет жеке концертін беріп, «YouTube» хостингі арқылы үш жинағын жариялап та үлгерді. Әндерінің жинағын кітап етіп те жарыққа шығарды. Шаңырағында жұбайы Лаурамен бірге бір ұл, екі қызды тәрбиелеп отырған өнегелі әке.
Ал Қордай ауданындағы Жандос Омаров аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде жауапты хатшы. Қарымды қаламымен толғаған тақырыптары арқылы қалың оқырманға есімі еленді. Көптеген шығармашылық байқауларда топ жарып, жүлдегер атанды. Әйгілі ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың ауылынан шыққандықтан ба, арасында өлеңге де қалам сілтеп, сатира «садағымен» де қоғамның келеңсіз тұстарын нысанаға алып, дөп түсіп жатады. Бұл азамат та өнер өлкесінде өркендеген өрен.
Журналист Жандостың та тынымсыз еңбекқорлығымен қол жеткізген жетістіктері аз емес. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен жоғары білім алған Жандос Оңғарұлының шығармалары «Алтын қалам» әдеби бәйгесі ұйымдастырушылары шығарған «Қазіргі қазақ сатирасы» кітабына енген, республикалық «Дүние толқын», «Иман» басылымдарында жарияланған. Бүгінге дейінгі жүлделерін айтпағанның өзінде былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай өткен облыс журналистері арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпазы атанды. Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, сонымен қатар Қордай ауданы әкімінің, аудандық мәслихаттың құрмет грамоталарымен марапатталған. Аудандық газетте тілшіліктен бастаған еңбек жолында бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары, бас редактор болып жалғасып, бүгінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүр.
Үшінші Жандос Омаровты біз Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылынан кездестірдік. Ауыл әкімінің орынбасары ретінде халыққа қызмет етуде. Аты алысқа танылмаса да ауылдастарының құрметіне бөленген азаматтардың бірі.
Ол 1959 жылы Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында туған. Еңбек жолын «Октябрь» кеңшарында қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. Құрылысшы-инженер мамандығын меңгерген Жандос Елдесұлы құрылыс саласында шебер болып та еңбек еткен. Бұл саланың қыр-сырына әбден машықтанып, іскерлігін шыңдап, бертін келе ұйымдастырушылық қабілетін де сынап көрді. Нәтижесінде басшылық қызметке ойысып, 2016 жылдан бері Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылы әкімінің орынбасарлығын абыроймен атқарып жүр. Зайыбы Қарлығаш Мақантайқызымен бірге алты баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде немере сүйген ата мен әже. Жандос Елдесұлы өзі шығармашылық өнермен айналыспаса да құрметі зор. Жұмыстан босаған уақытында бау-бақшаға күтім жасағанды жаны сүйеді.
Міне, біз білетін Жандос Омаровтар осындай азаматтар. Әрқайсысы өз саласында, жаны қалаған іспен еңбек етіп, еліне еленіп жүрген ерлер. Елдің болашағы болар өрендерді өсіріп отырған әкелер.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.