Мәдениет

Жамбылдық қос талант жүлдегер атанды

Written by Aray2005

Қазақтың ғажап ақыны Жұмекен Нәжімеденов «Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы – әжім, жаңбыры – тер. Еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады» десе, Александр Блок «Ақын — үндестік ұлы. Үндестік — күллі дүниежүзілік күштің келісімі, әлемдік өмірдің әрі мен әсемдігі» деген екен. Осынау талант дәнінің дәмін жұтып, адамның ізі өмір болса, қаламның ізін өлеңге айналдырып, кешегі қазақ әдебиетінің таланттар үндестігін қазіргі таңда рухани үйлесіммен жалғастырып жүрген жауһар жүректі дарынды дарабоздар жастардың арасында да аз емес. Оның дәлелі ретінде күні кеше ғана еліміздің екі бірдей өңірінен қазақ әдебиетіндегі қос алыптың рухын асқақтатып қайтқан жамбылдық ақындар Хамит Есаман мен Табиғат Абаилдаевтың жеңісін айтуға болады. «ARAI»-дан қанат қағып, қазіргі таңда бірі еліміздегі бас басылым «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүрсе, енді бірі аймақтағы аға басылым– «Aq jol» газетінің бөлім редакторы. Кіл таланттар кісінескен байқаудан екеуі де олжалы оралып, жерлестерін жігерлендіріп тастады.

Әлиханның жолымен…

Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман қатысқан байқау Жезқазғанда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы және «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бұл сән-салтанаты мен салмағы бөлек шарада жерлесіміз ҚХА мүшесі, білім меценаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Арқа даласының атымтай азаматы Бекзат Алтынбеков өнер, ақпарат, білім саласының үздіктеріне тағайындаған «Тұлға» сыйлығы аясында Әлихан Бөкейханов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталды.
Айта кетсек, Хамит Ерболатұлының 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі», 2013 жылы «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. XVII халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (поэзия) аталымы бойынша ІІ орын иегері. Ақындық пен журналистиканы қос қанатына айналдырып, халықтың көкейіндегі өткір мәселелерді қаузап, әдебиетсүйер қауымның, еліміздегі ақынның атымен аталатын жалғыз өңіріміздің намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген жерлесімізге творчестволық табыс, шығармашылық шабыт тілейміз.

Ізіменен Қасымның…

«Тұлпарын мініп алып жастық шақтың,
Өмірдің өріне өрлей жүйтки шаптым» деп Қасым ақынның өзі жырлағандай, өнердің өріне шапқан Табиғат Абаилдаев Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық мүшәйрасында жүзден озып, жүйрік атанды. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қасым Аманжоловтың мол әдеби мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау, жас таланттардың шығармашылығын шыңдау, шыңға жетелеп, елге таныту мақсатында өткен өлең додасына осыған дейін 300-ден астам үміткер қатысып, бақ сынаған екен. Биыл екінші жыл қатарынан республикалық деңгейде дүркіреп өткен жыр майданына «Жұлдыз» журналының бас редакторы, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай төрағалық етсе, қазылар алқасының құрамында Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сағынтай, Қамбар Ахметов, Мирас Асан сынды танымал талант иелері үзеңгі қағыстырып топқа түскен ақындардың шығармашылығына лайықты баға беріп, аузымен құс тістеген жүйріктерін анықтаған. Солардың ішінде жерлесіміз Табиғат Абаилдаев жүлделі ІІ орынды иеленіп қайтты.
Сонау Атырау мен Алтайдың арасындағы алып һәм алтын аумақтың түкпір-түкпірінен жиналып, ой жарыстырып отқа, талант табыстырып топқа түскен сөз сардарларының арасында суырылып шығып, Әулиеатаның абыройын асқақтатқан әріптесіміз Табиғат Абаилдаевқа сарқылмас поэзиялық қуат, шығармашылық шуақ тілейміз.

«ARAI» газетінің ұжымы

ПІКІР