"Көңілашар"

Жамбылдық өнерпаздардың жарқылы

Written by Aray2005

Қазақтың біртуар перзенттерін дәріптеп, ұрпақ жадында қайта жаңғырту үшін республика көлемінде көптеген шаралардың жасалып жатқаны жасырын емес. Осы орайда жуырда «Кейкі мерген» фильмі жарық көргенін ерекше атап көрсетуге болады. Туынды зобалаң жылдарда халықтың қорғаны бола білген батыр, мерген Кейкі Көкембайұлының өмірінен сыр шертеді.

Кейкі батырдың шын есімі – Нұрмағамбет. Ел арасында өзінің өткір, біртоға мінезі мен кісі баласына көп жуыса бермейтін болмысына қарап, халық Кейкі атап кеткен. Діттеген нысанасын көздемей-ақ атып түсіретін қасиеті ел ішінде аңызға айналып, есіміне «мерген» деген тіркес те қосылған.
Ол 1871 жылы Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Сол замандағы тұрмыстың тауқыметін тартқан батыр бала кезінен өжет әрі жаужүрек болып өседі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістегі қазаққа жасалған әділетсіздікке шыдамаған ол Амангелді Имановтың сенімді серігі болып, елі үшін басын бәйгеге тіккен.
Тарихи сериал Мұрат Бидосовтың режиссерлігімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіндегі этнокешенде және көне Отырар қаласында түсірілген.
Қуантатын жайт, аталмыш фильмдегі басты кейіпкерлердің басым көпшілігін Жамбыл облыстық драма театрының актерлері, яғни жерлестеріміз сомдаған. Кейкінің сертке берік майдандас серігі, ұлт-азаттық көтерілістің батыры Амангелді Имановтың ролін театрдың белді актерлерінің бірі – Кенен Ақүрпеков ойнайды. Ал Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының образын Мәмбет Қожалиев аша білген. Ризат Қылышбаева мен Абу Шоңбаев Кейкі мергеннің жас кезіндегі анасы мен әкесінің рольдерін сомдаса, Сухраб Мадумаров, Сергей Владимирович, Ғазиз Сұраппаев, Галина Қойшыбаева, сонымен қатар Жамбыл облыстық орыс драма театрының актерлері Виктор Майнашев, Евгений Орлов, Надежда Новикова сынды негізгі кадрдан көрінген кейіпкерлер де жерлестеріміз, аталмыш театрдың актерлері екенін жалпақ жұрттың бірі білсе, бірі біле бермес.
Тәуелсіздік мерекесі тұсында тұсауын кескен тағы бір тарихи фильм– «Тар заман» киносы. Халқының азаттығын көксеген, еркіндік пен теңдік үшін тар заманның тұсауына бағынбай, азаттықтың ақ таңын көксеген Алаш арыстарының ұлтжандылығын көрсеткен бұл фильмде де жоғарыда аты аталған жерлес актерлеріміз бой көрсетті.
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты», деп қалың ұйқыда жатқан қазақты ояту үшін шырылдаған өр рухты Міржақып Дулатұлының образын бұл фильмде де Жамбыл облыстық драма театрының актері Мәмбет Қожалиев көрсеткен болатын. Актердің айтуынша, белгілі тұлғаның портретті бейнесіне түбегейлі ену оңайға соқпаған.
– «Тар заман» –үлкен фильмдердегі ең алғашқы дебютті образым десе де болады. Қиын болса да бұл образды қолдан келгенше ізденіп, нақты жеткізуге тырыстым. Портреттік роль болғандықтан Міржақып Дулатұлы жайлы ел ішіндегі көнекөз қариялардан көп сұрастырып, өмірі мен атқарған ұлы істеріне, яғни шығармашылығына терең бойлап және түр-тұлғасын толық ұқсастыруға тырыстым. Ал «Кейкі мергендегі» Міржақыпты ойнағанымда біраз қателіктерге бой алдырдым. Өйткені екеуі бір адам болғанымен екі фильмдегі арыстың образы бөлек болды. Фильмнің режиссері Мұрат Бидосовтың нұсқауымен қолдан келгенше ізденіп, кейіпкердің келбетін толықтай дұрыс жеткізуге талпындым, – дейді ол.
Аталған тарихи екі фильмнің режиссері Мұрат Бидосовпен жаңа шыққан туындының төңірегінде сұхбаттаспақ ниетпен қоңырау шалған болатынбыз. Оның айтуынша, фильмді түсіру барысындағы кастингте актерлердің шеберлігінен бөлек, кейіпкерлердің бейнесіне ұқсастығына қатты мән берген көрінеді.
– «Тар заман» мен «Кейкі мергенде» суреттелген оқиғалар бір дәуірде болған. Екеуі бір-бірінің жалғасы десе де болады, біреуі іштегі, біреуі сырттағы қақтығыс жайында баяндайды. Тарихи тұлғалар болғандықтан кастинг кезінде портреттік ұқсастарын іздедік. Астана, Тараз, Шымкент, Талдықорған, Павлодар, Алматы, Жезқазған қалалары актерлерінің қатысуымен «Тар заманда» екі жүз, «Кейкі мергенде» жүз елуге жуық актер ойнады. Кастингте бір кейіпкерге бірнеше таңдаулар болады. «Тар заманда» Ахмет Байтұрсынұлының келбетін біз Жамбыл облыстық драма театрының актері Кенен Ақүрпековтен көрдік. Ал Мәмбет Қожалиевтің бет-әлпеті Міржақып Дулатұлының бейнесіне өте ұқсас екендігін өздеріңіз де білесіздер. Осы сияқты біз барлық кейіпкерлердің бейнесі, үні, ойнау шеберлігіне аса мән бердік. Режиссер ретінде таңдағаным бір бөлек, ал жарыққа шыққанда көрермен көңілінен шығуы мүлде басқа дүние ғой. Көрермен тарапынан пікірлер әртүрлі болды. Әлі де бағасын халық береді, – дейді М.Бидосов.

Иә, өнерлі елге – өріс кең. Қазіргі заманның қарқынымен қарыштап дамып келе жатқан кино өнері де тағылымды тәрбиенің басты құралының бірі десе болатындай. Көгілдір экранда қаптаған мәнсіз һәм дәмсіз сериалдардан гөрі еліміздің тарихынан сыр шертіп, арманда кеткен асыл ерлердің тағдыр тауқыметін баяндайтын төл туындылар керек-ақ. Ал жаңадан жарық көрген тың дүниелердің бел ортасында жерлестеріміздің көптеп бой көрсетуі, біздің өлкенің кино өнерінде де өресінің биіктігін тағы бір мәрте байқатқандай.

Елдар Боранбек

ПІКІР