"Шамшырақ"

Жамбылдық өрендердің айтулы жеңісі

Written by Aray2005

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Биология» және «Экология» секциялары бойынша XV Балтық ғылыми-инженерлік зерттеулер байқауы қазылар алқасының дипломдары мен арнайы наградаларын иеленді.

Дамир Усибалиев, Дарина Лысакова және Дарина Мұхамеджанованың жобалары III дәрежелі дипломдармен және конкурстың ғылыми қазылар алқасының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ Дарина Мұхамеджанова, Рифат Абашев пен Ануар Сағымбек мұғалімдер мен бизнес-қазылар алқасы сыйлығының лауреаттары атанды. Байқауда бақ сынап, жақсы таныстырылым жасағаны үшін Файми Зуфаровқа сертификат табысталды.
– Маған байқау атмосферасы өте ұнады. Әр елдің жас ғалымдарымен танысып, ең маңызды инновациялық компаниялардың басшыларымен сөйлесуге мүмкіндік алдық. Әсіресе танымал ресейлік кәсіпкер, «Cognitive Technologies» компаниялар тобының президенті Ольга Анатольевна Усковамен кездескеніме өте қуаныштымын, – деп атап өтті Дарина Лысакова.
Жас зерттеушілер өз жобаларын қазылар алқасына, сарапшыларға, ресейлік бизнес өкілдеріне, журналистерге, ғылымға қызығушылық танытатындардың барлығына таныстырып, жұмыстарының ғылыми жаңалық екенін және тәжірибеде қолдану бойынша ұсыныстарға негізделгендігін дәлелдей алды.
Балтық ғылыми-инженерлік байқауы Ресейдегі мектеп оқушыларына арналған ең ірі ғылыми жарыстардың бірі.
Айта кету керек, байқаудың финалдық кезеңінде Ресейдің барлық аймақтарынан, сондай-ақ Белоруссия, Украина, Қазақстан, Молдова және Сербиядан 600-ге жуық оқушы өз жаңалықтарын және өнертабыстарын ұсынды.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР