"Заң және біз"

Жамбылдық полицейлерге жаңа көліктер тапсырылды

Written by Aray2005

Облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде халыққа есеп беру жиынын өткізді. Басқосуда департамент басшысы құқық қорғау органдарына ашықтық пен жариялылық қағидаттарын енгізу, азаматтардың өтініштерін жедел қарау және бұқарамен тығыз байланыс орнату бағытындағы шараларды әңгіме арқауына айналдырды. Сондай-ақ кешкілік 102 жаңа автокөліктің кілтін құқық саласы қызметкерлеріне табыс етті.

Ең алдымен, тұрғындармен ашық диалогқа кіріспес бұрын Арман Молдиярұлы облыстық ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың сегіз айында атқарған жұмысы мен алда тұрған жоспарлы міндеттер туралы баян етті.
– Басты көрсеткіштер – жалпы қылмыстардың 12 пайызға (6 464-тен 5 680-ге дейін) төмендеуіне қол жеткізілді. Кісі өлтіру, тонау, қарақшылық шабуыл, алаяқтық, бұзақылық, ұрлық, соның ішінде мал ұрлығы және ұялы телефон мен пәтер ұрлығының саны азайды.
Облыс орталығында жаяу патрульдер саны артып, бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде, қолайсыз аудандарда тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Алдын алу шараларының нәтижесінде қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай қысқарды, – деп сөзін бастаған Арман Молдиярұлы саладағы жеткен жетістіктер, кеткен кемшіліктер жөнінде егжей-тегжейлі мағлұмат берді.
Іс-шара «сұрақ-жауап» форматына өткен соң, бірнеше қала тұрғыны өздерінің учаскелік инспекторларына алғыстарын білдіріп, полиция қызметкерлеріне моральдық қолдау көрсетті. Нақты мәселелер бойынша айтар болсақ, Бекболат Сейдахметов есімді ақсақал А.Асқаров көшесі бойында орналасқан орталық базарға жақын жолға бағдаршам орнатуды сұрады.
Ал «Шалғай Қарасу» ауданының тұрғыны Әйгерім Жалабай балалар алаңқайларының маңында жиі кездестіруге болатын қаңғыбас иттерге қатысты шара қолдануды өтінді. Осы және басқа да мәселелерді департамент бастығы жеке бақылауына алатындығын айтып, кейбір түйткілдердің түйінін сол жерде тарқатты.
Түс ауа Тараз қаласының орталық алаңында Арман Оразалиев облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековпен бірге патрульдік полиция қызметкерлеріне 102 жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.
Ағымдағы жылдың шілде айында 131 автокөлік учаскелік инспекторларға берілген болатын, ал 2020 жылы әрбір УПИ көлікпен қамтамасыз ету жоспарда қарастырылған. Бұл, ең алдымен, облыстың шалғай ауылдарындағы криминогендік жағдайды жақсартуға мүмкіндік бермек.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

ПІКІР