Жамбылдық түлектер былтырғы олқылықтың орнын толтыра ала ма?

0 119

Облыста 20 қаңтар күні басталған ақылы негіздегі ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Оған өңір бойынша 8 886 түлек өтініш білдірген. Олар аймақтағы 9 пунктте тест тапсырды.

Айта кетерлігі, бұл жолғы тестілеуге мектеп түлектерінен бөлек, өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқа мамандыққа ауысқысы келетін студенттердің де қатысуына мүмкіндік берілді. Тестілеу 5 пән бойынша өткен. Оның ішінде 3 міндетті және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән.
ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест сұрағы берілсе, Қазақстан тарихы бойынша– 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша– 20 және бейінді пәндер бойынша 35 тапсырмадан келген. Тестілеуге 4 сағат, яғни 240 минут беріліпті. Білім сынағына қатысушылар барлығы 140 балға дейін жинай алады.
Жалпы ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша өткен жылғы облыстың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Олай дейтініміз, 2020 жылы мектеп бітірген 9 171 түлектің 6 619-ы тестілеуге қатысқан болатын. Нәтижесінде облыс бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 70,2-ні құраған еді. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 20 балға төмен. Әрине, бұлайша бірден төмен көрсеткішке құлдилап кету сала мамандарын ойландырмай қоймасы анық. Сондықтан өткен оқу жылындағы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірдің бас педагогінен бастап мектеп түлектері де дайындықты күшейткені анық. Бұл орайда қаңтардағы тестке дайындықты бір пысықтап алуға тамаша мүмкіндік бергені жасырын емес.
Облыстық білім басқармасы араласпаған тестілеуді Ұлттық тестілеу орталығының облыс бойынша филиалы ұйымдастырған. Аталған филиалдың басшысы Жамбыл Ізтұяқтың айтуынша, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасындағы пунктте өткен білім сынағына 4 650 түлек қатысыпты. Мұндағы тестілеуде Тараз қаласына жақын орналасқан Байзақ, Жамбыл аудандары мен облыстық мектептердің бітіруші түлектері білімін сынады.
– Өңірде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орнының басшысы мен білім, ақпарат және құқық қорғау салалары қызметкерлерінен жасақталған мемлекеттік комиссия мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылауға алды. Сондай-ақ тестілеу барысын Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері де қадағалап, арнайы мониторингтік топтың және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері де бақылауда ұстағанын айта кеткен жөн.
Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталды. Тестілеу барысында қатысушылар арасында кемінде
2 метр қашықтық қамтамасыз етіліп, аудиториялардағы адамдардың саны 50 пайызға қысқартылды, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының облыс бойынша филиалының басшысы Жамбыл Ізтұяқ.
Айта кетерлігі, тестілеу барысында ең жоғары балл 135-ті көрсетсе, ең төмен нәтиже 4 балл болыпты.
Әлбетте, мектеп бітірушілер жоғары балл алуға барын салатыны бұрыннан белгілі. Бұл орайда тестілеу барысында заңсыздықтар орын алған екен. Атап айтқанда, 3 қатысушы тестілеу кезінде тыйым салынған құралдарды қолданғаны үшін бірден аудиториядан шығарылыпты. Сондай-ақ аудиторияға кіреберістегі металл іздегіш арқылы 6 баланың «таза емес» екені анықталып, кері қайтарылыпты. Осындай заңсыздықтарға жол берген тест тапсырушылардың барлығына ескерту берілген. Дегенмен олар алдағы маусым айындағы білім сынағына қатыса алады.
Қаңтардағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер 1 ақпанда ЖОО-ның қабылдау комиссиясына барып, бірден ақылы бөлімге оқуға түсе алады. Студент кейін мемлекеттік грант есебінен оқығысы келсе, маусым айында қайтадан ҰБТ тапсыруы тиіс. Бірақ қаңтардағы тесттің нәтижесі ең жоғары балл болса да грант иегері атануға көмектесе алмайды. Яғни мемлекеттік грантқа ие болу үшін ҰБТ-ның маусымдағы нәтижесі ғана жарамды болады.
Тестілеуге қатысқан талапкерлердің дені сынақтың оңайға соқпағанын айтады. Бақылау күшейтіліп, санитарлық жағдайлар барынша қатаң сақталған.
– Қазір өзім секілді мектеп түлектерінің барлығы ҰБТ-ға дайындалып жүргені белгілі. Қаңтардағы ақылы негіздегі ұлттық бірыңғай тестілеу білімімізді бір сынап алуға тамаша мүмкіндік сыйлады. Жасыратыны жоқ, 140 балдан 45 балл ғана алдым. Бұған мектеп мұғалімдері мен ата-анамның және өзімнің де көңілім толмады. Сондықтан дайындықты тағы пысықтай түсемін. Енді наурыздағы ақылы негіздегі ұлттық бірыңғай тестілеуде тағы бір бағымды сынап көремін, – дейді Тараз қаласындағы №56 мектептің 11-сынып оқушысы Таңат Бақділдәұлы.
Расында, бұл жолғы ақылы негіздегі ұлттық бірыңғай тестілеу талапкерлердің білім деңгейін бір саралап алуына зор мүмкіндік сыйлады. Өйткені бұл тестілеуде тек оқуға түсу үшін ғана емес, алдағы маусымдағы маңызды ҰБТ сынағына дайындығын пысықтап алушылар қатары да көп болды. Тағы бір тілге тиек ететіні, бұл білім сынағында біздің облыс қатысу жағынан еліміз бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Бұлай болуы да заңды. Себебі аймақ өткен жылғы олқылықтың орнын толтырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге қазірден талпынуы тиіс-ақ.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.