Жастар.kz

Жамбылдық волонтерлердің жан жадыратар істері

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Волонтер жылында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз болды.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңірде волонтерлік қызметпен 13 ұйымда 6784 ерікті айналысып жатыр. Сондай-ақ қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтары мен кәсіптік білім беру ұйымдарының жанынан 36 волонтерлік топ құрылыпты.
– Еліміз бойынша құрылған волонтерлердің республикалық штабының аясында волонтерлерге қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында «Әулиеата жастары» волонтерлік штабы құрылды. Сондай-ақ «Асыл мұра» фронт-офисі ашылып, жастарға тарту етілді.
Волонтерлер жылының ашылуында Мемлекет басшысы барлық еріктілер жобаларын 7 бағыт бойынша жүргізуді тапсырған болатын. Осы бағыттар бойынша 2020 жылға арналған облыстық іс-шаралар жоспары 9 бөлімнен құралып, 21 жоба қолға алынды. Атап айтсақ, «Зейін» жобасы аясында маусым айынан бастап тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылардың жоғары сыныпта оқитын 1000-ға жуық баласын ҰБТ-ға дайындау көзделсе, 2000-ға тарта жасты тегін ағылшын тілінің курсынан өткізу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін Тараз қаласындағы 3 жоғары оқу орнымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.
«Қоғам сақшысы» жобасы аясында «Жібек жолы» волонтерлік қозғалысы облыстық полиция департаментімен бірге Тараз қаласының көшелерінде есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларын жою бойынша 5 рет рейд өткізіп, нәтижесінде 300-ге жуық жазу мен құпия сөздің көзі жойылды.
«Jas Otan» Жастар қанаты мен «Ақ сұңқар» қоғамдық бірлестігі облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірге өрт қауіпсіздігі бойынша жеке сектор тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қаладағы 500-ге жуық үйді қамтыды.
Елімізде карантин жарияланғаннан бастап қаладағы ойын-сауық орталықтарына, кафе, ресторандар мен мекемелерге 15 рет рейд жүргізіліп, 30 мың дана ақпараттық бүктеме мен медициналық маска таратылды. Рейд жұмыстарына 100-ден аса ерікті тартылып, 550-ге жуық нысан араланды.
Бұдан бөлек волонтерлер мереке күндері саябақтарда, көшелерде, ықшамаудандарда коронавирустан сақтанудың жолы, үйден себепсіз шықпау, адам көп шоғырланатын орындарға жиі бармау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деген басқарма басшысы одан әрі Мемлекет басшысы жүктеген жеті бағыт бойынша жүйесін тапқан жұмыстарды тарқатты.
– «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлікті дамыту үшін облыста «Таза жүрек» жобасы жүзеге асуда. Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығымен бірлесе «Волонтер дәрігерлер» қозғалысы құрылды. Одан бөлек «Өмір сыйла» жобасы аясында жыл соңына дейін 2000-ға жуық адамды ерікті түрде қан тапсыруға тарту көзделіп отыр.
«Қан орталығымен» бірге донор болудың пайдасы мен салауатты өмір салтын ұстану бойынша тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«Ерікті кеңес беру алаңы» жобасы шеңберінде басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы салалық басқармалардың қатысуымен мемлекеттік қолдау тетіктері, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығын қолдау, тұрғын үй және өзге де тақырыптар аясында тікелей эфир арқылы ағымдағы жылдың 1 сәуір мен 1 маусымы аралығында өзекті мәселелерді қамтыған 22 мемлекеттік мекеменің мамандарын тарта отырып, барлығы 30-дан аса онлайн кеңес берілді. Оларға 20 мыңға жуық жас қатысты.
«Смайл/күлкі сыйла» жобасы бойынша өмірде қиын жағдайға тап болған, көпбалалы, аз қамтылған отбасы балалары мен «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілеріне Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарына экскурсия ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталды.
«Біздің аула» жобасына келсек, Тараз қаласындағы ықшамаудан тұрғын үйлерінің ауласындағы балалардың ойын алаңшалары ретке келтірілді. Жыл соңына дейін 114 балалар алаңшасы мен 1 жерасты жолына жөндеу жұмыстары жүргізілмек, – деді Серікбол Қайратұлы.
Осындай қайырымды істердің арқасында волонтер Аяулым Расылхан төтенше жағдай кезінде белсенділіктің үлгісін танытып, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасағаны үшін Мемлекет басшысының алғыс хатымен марапатталған. Алғыр жасқа берілген бұл алғыс хатты барша жамбылдық еріктілер еңбегінің әділ бағасы.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР