Жамбылдық жампоздар – ел чемпионы!

0 7

Жаса, Жамбыл футболы! Тойла Тараз! Аладоп аламанында жасындай жарқылдаған өрендеріміз ел чемпионы атанды. «Ұлан» стадионында өткен финалдық кездесуде жасөспірімдеріміз маңғыстаулықтарды тізе бүктіріп, жеке дара топ жарды.

Негізі ел біріншілігіне 12 команда қатысып, өзара кім мықтыны анықтаған болатын. 2008 жылы туған балғын футболшылар екі топқа бөлініп, бір жетіден аса уақыт тартысты кездесулер өткізді. «А» тобында Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының ойыншылары бақ сынаса, «Б» тобында Қостанай, Маңғыстау, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Жамбыл облысының футболшылары финалдық жолдаманы сарапқа салды.
Жерлестеріміз ең әуелі Павлодар облысының құрама командасын 2:0 есебімен жеңсе, екінші айналымда Қостанайды 6:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Одан кейін жамбылдықтар Қарағанды мен Маңғыстау облыстарымен күш сынасып, қос кездесуде де 1:0 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда Маңғыстау облысының аладоп шеберлері алматылықтардан айласын асырса, жамбылдық жампоздар ақтөбеліктерді 0:2 есебімен еш қиналмай ұтты.
Ақтық айналымда қос мықты бірін-бірі ала алмай негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. Футбол лотереясы саналатын пенальтиде жерлестеріміздің айы оңынан туып, маңғыстаулықтар 7:6 есебімен ұтылды.
Осылайша жамбылдық өрендер 2008 жылы туған жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанып, өздерінің теңдессіз екенін көрсетті. Екінші орын маңғыстаулықтарға бұйырса, үздік үштікті ақтөбеліктер түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек арнайы келіп марапаттап, ізгі тілегін жеткізді.
Жарайсыңдар, жігіттер! Жамбыл спортының әрдайым жұлдызы биік болсын!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.