Жамбылдық жампоздар жарады!

0 2

Польша мемлекетінің Кельце қаласында жастар арасында бокстан өткен әлем чемпионатынан қос бірдей өреніміз жүлделі оралып, мерейімізді үстем етті. Жеңімпаздарымызды жамбылдық жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алып, құрмет құшағына бөледі.

– Бұл Жамбыл боксы үшін үлкен олжа. Осындай спортшыларымыздың жеңісі кейінгі буынның жігерін жани түсетіндігі сөзсіз. Мен қос былғары қолғап шеберінің де болашағы баянды болатындығына бек сенімдімін. Барлық жамбылдықтарды осынау толайым табыстарымен құттықтаймын! Жамбыл боксының жұлдызы жарық болғай! Жерлестеріміздің жеңісті жорығы жалғаса берсін, – деп қарсы алу шарасында даңқты боксшы Марат Мәзімбаев жеңімпаздарға деген ыстық ықыласын жеткізді.
Әлем біріншілігіне 50 мемлекеттен 414 спортшы қатысқан. Ұлттық құрама сапында 60 келіде өңір намысын қорғаған Елнұр Сүйінбай күміс жүлде жеңіп алса, 75 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Диас Молжігітов қола жүлдемен қуантты. Осылайша жастар арасында жасындай жарқылдаған жерлестерімізді жанкүйерлер ерекше құрметпен қарсы алып, естелік суретке түсіп, гүл шоқтарына көмкерді.
Жарайсыңдар, жігіттер!

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.